$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қуаңшылықтың көлеңкесі: биыл оңтүстіктегі фермерлер тығырыққа тірелуі мүмкін

Биыл қарсыз қыстың салдарынан оңтүстіктегі егін тағдыры қыл үстінде тұр

Қуаңшылықтың көлеңкесі: биыл оңтүстіктегі фермерлер тығырыққа тірелуі мүмкін
Фото: @pavlov_centr

2026 жылы Қазақстанның оңтүстігінде су тапшылығы бұрынғыдан да ушығуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Pavlov analytics телеграм арнасының талдауынша, Сырдарияға су келетін таулы өңірлерде жағдай ушығып барады. Мамандардың айтуынша, осы қыста Тянь-Шань, Нарын және Қарадария аймақтарында қар мен жауын-шашын аз түскен.

Дәл осы жерлерде жиналған қар көктемде еріп, өзенге құяды. Ал сол су Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы егінді суаруға жұмсалады. Қазір қар аз болғандықтан, жазда өзен суы күрт азаюы мүмкін. Бұл оңтүстіктегі шаруалар үшін үлкен қауіп.

«Қар қоры үшінші жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсетіп тұр. Қыстың басында жауын-шашын аз болды. Бұл жазда су көлемінің рекордтық минимумға түсуіне әкелуі әбден мүмкін», – деп жазды аналитикалық арна. 

Орталық бұл жағдайды 2008, 2011, 2018 және 2021 жылдардағы су дағдарысымен салыстырып отыр. Ол кезеңдерде өңірде ресми түрде су тапшылығы жарияланып, каналдарда су жетіспеді. Жайылымдар ерте қурап, күріш пен мақта алқаптарына бөлінетін су лимиті қысқарған еді.

«2026 жылғы маусымға қазірдің өзінде күмәнмен қарауға негіз бар. Егер қаңтар-ақпан айларында қар молынан жауса, жағдай біршама түзелуі мүмкін. Алайда қазіргі деректер көңіл көншітпейді», – делінген талдауда.

Сарапшылардың пікірінше, ендігі мәселе – жауапты министрліктердің бұл жағдайға дайындығы. Су тапшылығы қайталанған жағдайда нақты әрекет жоспары, су шығынын бақылау тетіктері, фермерлерді қорғау және аймақтарға суды әділ бөлу механизмдері алдын ала әзір болуы тиіс.

Сарапшылар мамыр-маусым айларында Астанада шұғыл жиындар өтетінін, көрші елдермен қосымша су көлемі бойынша ауыр келіссөздер басталатынын да болжайды.

«Қазірден-ақ бір жайт анық: биыл оңтүстікте су ең үлкен мәселе болады. Билік мұны түрлі жаңа атаулармен жұмсартып айтуы мүмкін. “Кері профицит”, “теріс өсім” сияқты жаңа терминдермен сипатталуы мүмкін»–деді.

Табиғи ресурстың аздығы ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреуі мүмкін. Фермерлердің еңбегі ақталмай, табыс мардымсыз болуы ықтимал.  

Серіктес жаңалықтары