14 өңірде дауылды ескерту: боран, көктайғақ пен тұман күшейеді
Қазгидрометтің болжамынша елдің басым бөлігінде көктайғақ, қалың тұман мен 25 м/с-қа дейін жететін дауылды жел тұрады
10 қаңтар күні Қазақстанның 14 облысында қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Синоптиктер көктайғақ, тұман, жаяу бұрқасын және екпінді жел күшейетінін ескертеді.
Маңғыстау облысының батысында көктайғақ болып, өңірдің батысы, оңтүстігі мен орталығын қалың тұман басады. Жел бағыты оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Атырау облысында да көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні облыстың оңтүстігі мен шығысында 15–20 м/с-қа дейін жетпек.
Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі мен орталығында көктайғақ, ал солтүстік, шығыс және орталық аудандарда тұман түседі. Күндіз орталық бөлікте желдің жылдамдығы 15–18 м/с дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Көктайғақ та күтіледі. Батыс, солтүстік және оңтүстік аймақтарды тұман басып, жел екпіні 15–20 м/с болады.
Түркістан облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман күтіледі. Таулы аудандарда жел 15–20 м/с дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қаласында да тұман түседі.
Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында тұман байқалады. Қостанай облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде де көріну қашықтығы төмендейді.
Абай облысының солтүстігі мен орталығында жаяу бұрқасын соғып, түнде және таңертең оңтүстікте тұман түседі. Жел секундына 15–20 м/с, ал Жарма ауданында 25 м/с дейін жетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын, ал оңтүстігінде түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі. Жел екпіні 15–20 м/с шамасында.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында тұман болады. Түнде солтүстік бөлікте жел 15–20 м/с дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігін тұман басады. Түнде оңтүстік пен шығыста оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с жетеді.
Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында да тұман күтіледі. Қызылорда облысының батысы мен орталығында күндіз көктайғақ болып, солтүстік пен орталық аудандарда тұман түседі.
Ал Жамбыл облысында 10–11 қаңтар күндері солтүстік, оңтүстік және таулы аймақтарда тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Жел бағыты өзгеріп, кей аудандарда екпіні 15–20 м/с дейін күшеймек.
Мамандар тұрғындарды жолға шыққанда сақ болуға, алыс сапарды кейінге қалдыруға және ауа райы туралы ресми ескертулерді қатаң қадағалауға шақырады.