Атырауда Оқушылар сарайы ашылды
Оқушылар мен жастар сарайы жұмысын 1 қыркүйектен бастайды
Елорда күніне орай Атырау қаласында Оқушылар және жастар сарайы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Шеврон» компаниясының демеушілігімен салынған Оқушылар мен жастар сарайы аумағы 18 833 шаршы метрді құрайды. Төрт қабатты ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталып, белгіленген мерзімде аяқталып отыр. Мұнда шығармашылық қызметтің барлық түрімен, спортпен айналысуға, сондай-ақ әр түрлі үйірмелерге қатысуға барлық жағдай қарастырылған.
Сондай-ақ, сарайда ғылым мен техника, өнер, мәдениет және спорт салалары бойынша жеті бағытта 63 үйірме ашылатын болады. Нақтырақ айтсақ, футбол, суда жүзу, жеңіл атлетика, күрес, хореография, ән айту, сурет салу, керамика үйірмелерін ашу жоспарланған.
«Пайдалануға беріліп отырған ғимаратта үйірмелерден өзге ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз туралы мағлұмат алуға, планетарийден аспан әлемімен танысуға мүмкіндік жасалған. Мұнда күніне екі ауысымда 1 500 бала өнермен, спортпен, шығармашылықпен шұғылдана алады. Оқушылар мен жастардың қабілетін түрлі бағытта дамыту үшін сарайда 200-ден астам мұғалім жұмыспен қамтылмақ», - деп түсіндірді Атырау қалалық білім бөлімінің мамандары. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Оқушылар мен жастар сарайы жұмысын 1 қыркүйектен бастайды.