Атырау облысында ер адам терезеден қараймын деп істі болды
Ол кінәлі деп танылып, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотында сталкинг (заңсыз қудалау) жасағаны үшін айыпталған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы 2025 жылдың 5 қыркүйегінде жәбірленушінің үйіне барып, үйдің есігін тартып, терезесін қағып, қашып кеткен.
«Кейін сотталушы жәбірленушіні бақылау мақсатында «2ГИС» қосымшасы арқылы оның кәмелетке толмаған балаларының ұялы телефондарына өз аккаунтынан «достыққа» сұраным жіберіп, нәтижесінде оның ұлының орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік алған», - деп жазылған облыстық соттың хабарламасында.
Сотталушы 2025 жылдың 19 қыркүйегінде алкогольдік ішімдік ішіп, өзінің құқыққа қарсы әрекеттерін жалғастырып, қайтадан жәбірленушінің үйіне барып, ашық тұрған аулаға кіріп, терезесінен қараған.
Жәбірленуші сотталушыға қатаң жазаны тағайындауды, сондай-ақ моральдық зиянды өндіруді сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза кесілді. Жәбірленушінің пайдасына 400 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян, сондай-ақ өкілдің еңбегіне төленген 200 мың теңге шығын өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.