ШҚО-да әйел адам мешіттерді тонап кетіп жүрген
Әйел адамның нақты тұрғылықты жері жоқ екені анықталды
ШҚО-да әйел адам мешіттерді тонап кетуді әдетке айналдырған, ол 400 мың тг тұратын ноутбукті қолды еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«102» арнасына облыс орталығындағы мешіттердің бірінен құны 400 мың теңге тұратын «Asus» ноутбугінің жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасағаны үшін тұрғылықты жері жоқ 37 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстардың ашылуына қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи технологияларын қолдану ықпал етті.
Сонымен қатар, оның басқа бір мешітте жасалған осындай қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
«Барлық жағдайда күдікті бірдей тәсілмен әрекет еткен: тегін тамақ алу сылтауымен мешітке кіріп, қызметтік бөлмелерден ұрлық жасаған. Кейіннен ноутбуктердің бірін сатып, түскен қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.