$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жас ұстаз оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын қалай оятты?

«Мұғалім TALKS» жобасының алғашқы спикерлерінің бірі - Гүлназ Шәми тәжірибесін бөлісті

Жас ұстаз оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын қалай оятты?
Фото: Гүлназ Шәмидің жеке мұрағатынан

Гүлназ Шәми – оқушыларды білім нәрімен сусындатуға тың идеяларымен келген жас ұстаз. Ол таяуда өткен «AMANAT» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасында сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті. Гүлназ телефоннан бас алмайтын жас буынды гаджетсіз сапалы уақыт өткізуге баулып, кітапсүйер ұрпақты қалай тәрбиелеудің креативті жолын тапқан. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген жас мұғалім атқарып жүрген қызметі туралы, өзінің сабақ үйретудегі әдіс-тәсілі жайында ой бөлісті.

– Гүлназ, әуелі өзіңіз туралы айтып берсеңіз, мұғалімдікке қалай келдіңіз?

–  Аты-жөнім – Шәми Гүлназ Сәкенқызы. Жамбыл облысы Шу ауданы Бөлтірік ауылында дүниеге келдім. 23 жастамын. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды үздік аяқтап, Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан №204 жалпы білім беретін мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып орналастым. Биыл «Гүлназ апай» атанғаныма үшінші жыл болды, жас маманмын.

Мен мұғалімдер отбасынанмын десем болады. Анам – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, әпкем – информатика мұғалімі, туыстарымның арасында да мұғалімдер көп. Кішкентай кезімнен анамның қалай жұмыс істейтінін, сабаққа қалай дайындалатынын көріп өстім. Інілеріме сабақ оқытып, үй жұмысын орындататынмын, сол кезде сабақ беру жайлы алғашқы түсініктерді меңгергендеймін. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаларға, мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Абайдың 300 өлеңін жаттап, облыстық «Абай оқуларынан» 1-орын, республикалық пәндер олимпиадасынан 2-орын алған кездерімде тіл мен әдебиетке ерекше қызығушылығым оянды. Солайша, қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым. Студент кезімде сабақ беруді бастадым. Іс жүзінде теорияны қолдана бастағанда мамандығымның маңызын ұқтым, шәкірттің жүрегіне жол табу, сабақты пайдалы әрі қызық өткізу туралы көп зерттеп, тәжірибеде қолдандым. Мектептегі жұмысыма осының бәрі көп көмектесті.

– Сіз «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Мұғалім Talks» жобасына қатыстыңыз. Бұл жобаға қалай келдіңіз? Бірінші рет қатысып отырсыз ба?

– «Мұғалім TALKS» кейс-платформасы туралы әріптестерімнен естіп, әлеуметтік желіде толық ақпарат алдым. Мектеп директоры Гүлжан Мырзалықызы, директордың орынбасарлары – Индира Алтынбекқызы, Динара Талғатқызы, тәлімгерім Жансая Артыққызы, әріптес-достарым Айгүл Асхатқызы, Таңшолпан Абайқызының көмегімен, ақыл-кеңесімен жобаға қатысу туралы шешім қабылдап, шарттарын орындауды бастадым. Кейс-платформада өзім ғана шығып, тәжірибе бөліскеніммен, артымда үлкен команданың жұмысы жатыр.

Шарт бойынша өз оқиғаңды баяндайтын бейнематериал жүктеу керек болды. Оқушыларыммен бұған дейін біраз іс-шара өткіздік. Соның бірін лайық деп тауып, жүктедім. Эссе жазу қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан, аса қиындық тудырмады. Солайша 2-кезеңге өттім. Екінші кезеңде ұйымдастырушылармен сұхбат өтті, қызық әрі қиын сұрақтар қойылды. Соның бірі «Оқушыларыңыз сізді бір сөзбен атаса, ол сөз қандай болар еді?» деген сұрақ. Мен «креатив апай» деп жауап бердім. Екінші кезеңнен де сәтті өтіп, республика бойынша таңдалған 8 cпикердің тізіміне ендім. Жалпы бұл жобаға елімізден 300-ге жуық мұғалім қатысып, оның 50-і екінші кезеңге өтті, 50 қатысушыдан 8 мұғалім іріктеліп алынды. «Мұғалім TALKS» жобасының алғашқы спикерлерінің бірімін. Бұған дейін «Дәрігер TALKS» кейс-платформасында дәрігерлер тәжірибесін бөліскен болатын.

– Бұл жобаның сіз үшін маңызы қандай? Жобаның мұғалімдерге берер пайдасы қандай?

– «Мұғалім TALKS» кейс-платформасы – мен үшін бұрынғыдан өзге, ерекше форматта өткен ашық сабақ, ой бөлісудің, жаңа мүмкіндіктердің алаңы. Сондықтан дайындық кезінде де, кейс-платформа барысында да, кейс-платформадан кейін де қуанып, процестен ләззат алдым, үйренгенім көп болды.

«Мұғалім TALKS» кейс-платформасы – ұстаздардың үнін жеткізетін, тәжірибесі, мәселелерін бөлісетін жоба. Ұстаздардың мәртебесі жылдан-жылға артып, білім беру процесіне жаңалықтар еніп жатыр. Біз, мұғалімдер, тәрбие мен білімді қатар бере алатын жандар болғандықтан кейс-платформа жұмысымызға бұрынғыдан өзге махаббатпен қарап, шабыттануымызға әсер етті деп ойлаймын. Ұстаз жаңашылдықты жеткізетін болғандықтан, оқушыларымыздың пәнге қызығушылығы артып, білім алуға ерекше зейіні ашылатыны анық.

Астанадан келген соң оқушыларым жылы қарсы алып, сағынғандарын, менің сөйлегенімді көргендерін айтып, қуанды, ата-аналары да құттықтап, балаларға үлгі болып жатқанымды жеткізді. Бұл ұстаз үшін үлкен жетістік.

– Осы жоба аясында «Гаджетсіз демалыс» атты идеяңызды ортаға салдыңыз. «Гаджетсіз демалысты» балаларға жиі ұйымдастырасыз ба?

– Мен кейс-платформада мұғалімдікке қалай келгенім туралы, анамның оған үлкен әсері болғанын, өзімнің білім беру философиям, сынып жетекші ретінде атқарған жұмысымның бір бөлігі жайында және жасанды интеллект, телефонның оқушыларға әсері, сыныбыммен өткізген «Гаджетсіз демалыс» туралы ой бөлістім. Спикер ретінде таңдалған соң берілген 5 минутта не айтсам болады, қандай тұжырымдарды жеткізуім керек деген сұрақтарға ұзақ ойланып жауап іздедім. Идеяларымды «АMANAT» партиясының хатшысы, кейс-платформаны ұйымдастырушылардың бірі Шолпан Кариноваға айтқанымда қолдау білдіріп, бағыт беріп отырды. Шолпан Таңатқызы барлық спикерге көп көмектесті.

«Гаджетсіз демалыс» өткізуді былтыр 9-сынып оқушыларымен бастадық, биыл 5-сынып оқушыларымен жалғасын тапты. Бұл демалыстың мақсаты – телефонсыз сапалы уақыт өткізу. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында «Гаджетсіз демалыс» өткізу ұсынылған. Оқушыларыммен ақылдаса отырып әр айдың бір сенбісін гаджеттерсіз өткіземіз деп шештік, ата-аналар да қуана келісті. Кейбір оқушылар телефонды үйде қалдырса, кейбірі өшіріп қояды. Солайша бірге кітап оқимыз, доп ойнаймыз, тамақтанамыз, қызық әрі сапалы уақыт өткіземіз. Келесі айдың бір сенбісін де телефонсыз өткіземіз. Сыныбым қазір Б.Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» деген шығармасын оқып жүр. Осы шығарманы талдайтын боламыз.

– «Гаджетсіз демалыстан» кейін оқушылардың бойынан қандай өзгеріс байқайсыз? Олар белсенді қатыса ма?

– Оқушыларыма әр жаңа дүние, әр жаңа тапсырма қызық, «Гаджетсіз демалысқа» да белсенді қатысады. 5 «А» cыныбымның оқушыларына ата-аналары әр тоқсан сайын жаңа кітап сыйлайды. Оқу жылы алдында осылай шешкенбіз. Сол кітаптарды оқып, смартфонсыз демалыс кезінде талдаймыз деген мақсатымыз бар. Оқушыларыма бұл идея ұнады, барлығы шығарманы оқып, өз ойларын айтуға дайын тұр. Оқушылардың белсенділігін, күші мен талантын пайдалы жаққа жұмсауымыз керек.

«Гаджетсіз демалыстың» нәтижесінде оқушылар бір-бірімен қатты жақындасты, бұрын білмеген қырларын таныды, сыныпта жағымды атмосфера орнап, балалар мейірімді бола түсті. Сынып жетекшіге сыныбының ұйымшылдығын көру – бақыт.

– Оқушыларды кітапқа қызықтыру үшін қандай шаралар ұйымдастырып тұрған дұрыс, замандас әріптестеріңізге қандай кеңес бересіз?

Мені бала күнімде кітап оқы деп ешкім қыстамайтын, өзіме қызық болғандықтан сөреде толып тұратын кітаптарды алып, шетінен оқи беретінмін. Оқушылардың кітап оқу дағдысын қалыптастыру үшін ішкі мотивациясын ояту керек, олар білімнің құндылығын, ал нағыз білім кітапта екенін сезініп өсуі қажет. Сондықтан оқушылармен түрлі бағытта жұмыс істеймін. Әдебиет сабағында шығарманы оқушыларға қызық, бірақ «спойлерсіз» түсіндіруге тырысамын. Оқушылар не болғанын білуі үшін кітапты ашып, шығарманы қалай тез оқып кеткендерін түсінбей қалып жататын кездері болады. Мектептерде «Оқуға құштар» жобасы жүреді. Бұл да оқушылардың кітап оқуына себеп. Өз мектебімізде әріптестеріммен «Оқырмандар клубын» ұйымдастырып тұрамыз. Тек оқушылармен емес, мұғалімдермен де өткіздік. Шығарманы оқып, бірге талдай алу керемет сезім сыйлайды.

Шығарма желісі бойынша жасалған quiz-дерді жиі жасаймын. Бұл туындының детальдарына назар аударуға және көңілді, сапалы уақыт өткізуге тиімді шара. Мәселен, жақында қазақ тілі мен әдебиеті онкүндігі аясында «Хәрри Поттер» тақырыбында quiz өткіздім. Оқушылар белсенді қатысып, келесі сайысты асыға күтетіндерін айтты. Кітапқа қызықтыру үшін осындай шаралар ұйымдастырамын.

 Мұғалімнің ынтасы, махаббаты, шеберлігі мен парасаты оны әрдайым марапатқа жеткізетініне сенемін.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Серіктес жаңалықтары