$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Күйеуімді 17 жыл дайындадым»: Солтүстік Қазақстанда ерлі-зайыпты түрлі ұлттың 10 баласын асырап отыр

Олардың өздерінің 7 баласы бар

«Күйеуімді 17 жыл дайындадым»: Солтүстік Қазақстанда ерлі-зайыпты түрлі ұлттың 10 баласын асырап отыр
Фото: Azattyq Ruhy

Қазақ, татар, орыс түрлі ұлттың баласы бір шаңырақтың астында күн кешіп жатыр. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева 17 бала тәрбиелеп отыр. Олардың жетеуі - өз баласы болса, он бала - асырап алынған. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті күн кешіп жатқан отбасы мүшелері Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне сұхбат берді.

Қазір отбасы Солтүстік Қазақстан облысының Сұлушоқ ауылында тұрып жатыр. Гүлнұр Ахаева 21 жасында тұрмысқа шығып, 22 жасында өмірге тұңғыш баласын әкелгенін айтты.

«Тастанды» деген сөзді ауыр қабылдадым»

«Тұңғышымды босанып, перзентханада жатқан кезімде тастанды 5-6 бала болды. Олар жылап жатса да ешкім барып жұбатпайды. Мейірбикеден барып «бұл кімнің балалары, неге ешкім қарамайды?» деп сұрасам, олардың тастанды екенін айтты. «Тастанды» деген сөз өзіме ауыр тиді. Перзентханадан шыққан соң жол бойы күйеуіме «балаларды асырап алайықшы» деп айтумен болдым. Үйге келген соң 40 жыл ұстаздық еткен енеме де айттым. Ол әлі жас екенімізді, өзіміздің баламыз көп болатынын айтты», - дейді Ахаева.

Алайда көпбалалы ананың ойынан бұл оқиға кетпей қойып, үнемі ойына орала берген.   

«Өзім 7-8 бала босандым. Біреуі қайтыс болып, қазір жеті балам бар. Перзентханаға бара жатқан сайын «осы жолы бала болса, бірге алып кетемін» деп ойлап жүрдім. Бірақ баланы да оңай бере салмайды екен. Жолдасыма да бір жетімді асырасақ, бір баланың көз жасы азаятынын айтып жүрдім. Менің атам молда болған кісі, сондықтан жаратқанға көп сыйынамын. Күйеуімді бала асырап алуға 17 жыл дайындадым. Осы уақыт бойы психологиялық дайындықтан өтті», - дейді ол.

Гүлнұр Ахаева 2017 жылы сәбиін кесір тілігімен туып, о дүниеге барып келгендей күй кешкен.

«Есімді жинай алмай, өлім мен өмірдің ортасында болдым. Дәрігерлер менің өмірім үшін күресті. Оянған кезде бірден миыма қонғаны Айсұлтанмен қатар бала болса, бірге алып шығамын деген ой болды. Біз «Еңбек» бағдарламасы аясында Алматы облысы Талдықорған қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келдік. Кенже балам 2,5 айлық болған еді. Қазір ол 6-сыныпта оқиды. Полудино ауылында үйді де, малды да кәсіпкер Қайрат Сапарғалиұлы сыйлады. Бізде Полудино балалар үйі бар. Онда көбіне өзге ұлт өкілдері. Сонда барғанымда басшысы «сіз қазақ отбасысыз, орыстың балаларын тәрбиелей алмайсыз» деді. Бірақ мен діттегеніме жетпей, қоймайтын адаммын», - дейді Гұлнұр Ахаева.

Оның айтуынша, соғыстың алдында күйеуінің ата-бабалары тастанды болған сыған балаларын да асырап алған.

«Менің ата-енемнің арғы аталары баланы көп асырап алған. Қазақ деген өте бауырмал халық қой. Қараша айында бізге Атырау жақтан хабар келді. Олар бізде 4 қыз бар деді. Ол жерде де орыс, әзербайжан балалары болып, бізге кедергі шықты. Мен 4 қызға билет алып қойғанмын. «Екеуіне разы болыңыз, қалғанының анасы келді» деді. Мен бірақ 4 бала аламын деп шыққан едім. Содан «Аман 14 жаста, оңалту орталығында жатыр, тағы Равиль деген татар бар» деді. Аман бізбен баруға келісті. Биыл 21 жасқа толады. Жақын күндері Алматыға жұмысқа барады. Равиль де биыл механизатор мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. Настя 10-сыныпқа көшті. Юлия 9-сыныпқа көшіп отыр. Екі қыз Мағжан оқулары, Щал ақын оқуларынан жүлделі орын алып келеді. Настя қазақ тілі мен әдебиетінің маманы боламын, оқуға грантқа түсемін деп ниеттеніп жүр», - дейді Гүлнұр Ахаева.

Оның айтуынша, асырап алынған балалар бастапқыда оны сынаған.

«Перделерімді де өртеп жіберді, люстраларды шағып тастады. Өзім моншақты киімдерді жақсы көретінмін, Юлия соларды бір-бірден қиып тастаған. Осылайша, олар бізге шыдай ма, жоқ па деп жүйкемді тексеріпті. Кейін өздері маған «сынақтан өттіңіз» деп хат жазды. Ол кезде «мен не істедім, адам қылып шығара аламын ба, орта жолдан тастап кетпейміз бе» деп едім. Қазір, шүкір, келгендеріне 7 жыл болды», - дейді ол.

Қазір өздерін «қазақпыз» дейді

Ахаева атағандай, балаларының барлығы қазақ тілі мен орыс тілінде еркін сөйлейді.

«Қазақ, татар, орыс балаларымыз бар. Бастапқыда «қазақтардан шаршадым» деп келген қыздарымыз қазір өздерін «қазақпыз» деп жүр. Оларға ата-аналарыңды кешіріңдер деп үнемі айтып отырамын. Олар сендерге өмір сыйлады деп айттым. Екі қыз Құлсарыдан келген, олар су тасқыны кезінде қатты қынжылды. 18 жасқа толып, дипломдарыңды алған соң Құлсарыға барып ата-аналарыңды іздеп табамыз деп айтып отырамын. Қазір қыздар шаруаға да жақсы, нан да табалай алады. Әр сенбі сайын бір аптаға тамақты дайындап қоямыз. Жексенбі күні моншаға барып, ет асып, сорпа ішеміз», - дейді ол.    

14 жастағы Юлия Родионова желтоқсанда 15 жасқа толатынын айтты. Ол қазір 9-сыныпта оқып жатыр.

«Менің отбасымда 19 адам бар, 17-сі - баламыз. Қазір бізге барлығы оңай, жанымызда көмектесетін бауырларымыз, отбасымыз бар. Болашақта еңбек пәнінен мұғалім болғым келеді. Балалар үйінде тұрғаннан, өз үйінде тұрған жақсырақ. Себебі балалар үйінде тұрғанда сені еркелететін адам болмайды», - деді ол.

Ал отағасы Азамат Нүсіпов балаларды еңбекке баулитынын айтты.

«Арасында бізге көмектеседі балалар, солардың арқасында жұмысымыз да аяқталады. Қалаға қарағанда ауылда тұрған бәрібір қызығырақ. Жаман бала болмайды, негізінен тәрбиеге байланысты. Қалай бағыттайсың, солай кетеді. Кішкентай кезінен бастап жақсылыққа үйретсең, адамгершіл болады», - дейді Нүсіпов.

Ал қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі бас маман Талғат Қарабаев отбасымен 2018 жылы танысқанын айтты.

«Сол жылы есепке тұрды. Сол жылы Атырау облысынан 4 баланы, 2019 жылы тағы 4 бала, 2020 жылы екі баланы әкелді. Қазір өздерінің 7, балалар үйінен әкелген 10 баласы бар. Ауданның барлық тұрғыны бұл отбасыға қарап таңғалады. Оларға қатысты ешқандай проблема болған емес. Балалардың барлығы қазақ және орыс тілінде еркін сөйлеп жүр», - деді Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары