$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мақсатымыз бір, мүддеміз ортақ»: Қызылорда облысындағы әйелдер қанатының атқарған істері қандай

Кейіпкеріміз «Анаға тағзым» орталығы жайлы да айтып берді

«Мақсатымыз бір, мүддеміз ортақ»: Қызылорда облысындағы әйелдер қанатының атқарған істері қандай
Фото: https://www.instagram.com/anaga_tagzym.kzo/following/

Осыдан бір жыл бұрын әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы орнын күшейту үшін «AMANAT» партиясы жанынан әйелдер қанаты құрылған болатын. Партия бастамасымен жұмысын бастаған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді.  Әйелдер қанатының Қызылорда облыстық филиалы осы бір жылда қандай жұмыстар атқарғанын білу үшін Azattyq Rýhy тілшісі «Анаға тағзым» орталығының басшысы, аймаққа танымал журналист, қоғам белсендісі Алтынай Молжановамен әңгімелескен еді. 

Алтынай Молжанова өз әңгімесінің басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-Ана», «Отан-Ана» ұғымдарымен тығыз байланысты» деген сөзінің мәні туралы ойын айтып берді.

«Президент озық ел болудың негізі әйелдер мәртебесін көтеруде екенін де жиі айтады. Сондықтан да, әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан әйелдер қанаты құрылып, 10 негізгі бағыты айқындалды. Әйелдер қанаты қолға алған бұл 10 бағыттың бәрі де өзекті. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігін сақтау, ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу, ғылымдағы әйелдерді қолдау, әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру - бүгінгі күннің ең маңызды проблемалары. Партия бастамасымен құрылған әйелдер қанатының қызметі Сыр елінде былтыр қарашада басталған. Ең бірінші кезекте облыстық әйелдер қанатының жұмыс жоспары мен негізгі 10 бағыт бойынша қызметке жауапты ретінде депутаттар мен партия мүшелері құрамынан белсенді қыз-келіншектер бекітілді», - деді Алтынай Молжанова.

Оның айтуынша, ғылымдағы әйелдерді қолдау бағытының жетекшісі Бейбіткүл Каримова әйелдер қауымы үшін отбасы, бала тәрбиесі, оқу процесімен бірге ғылымды алып жүру оңай шаруа емес екендігін атап өтіп, осы бағытта біршама бастама көтерген. 

«Қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу бағытының жетекшісі Алмагүл Аяғанова қазір әлеуметтік желілердегі психологтардың кеңес беруден гөрі, ақыл айту бағытындағы жұмыстары отбасылық өмірдегі кейбір проблемалық шиеленістердің туындауына алып келіп жатқанын айтып жүр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тобы бірінші кезекте әйелдердің психологиялық сауаттылығын арттыру, отбасылық қарым-қатынастың үйлесімділігін қалыптастыруға көмектеспек. Осы істерді кеңінен ақпараттандыру үшін әлеуметтік желіде арнайы парақша ашылды. Жыл басынан бері 6 жиын өтіп, алдағы міндеттер пысықталып, 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылды. Әйелдер қанатының біздің аймақтағы жұмысы өзім басшылық ететін «Анаға тағзым» орталығының базасында жүреді», - дейді ол.

Орталықтың басшысы атағандай, былтыр 30 қарашада президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлескен «Анаға тағзым» республикалық форумы, осы жылдың 2 наурызында мәдениет және ақпарат министрі  Аида Балаева мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Шолпан Таңатқызының қатысуымен 2-ші форум өтіп, әйелдерге қатысты келелі мәселелер талқыланған.

«Балаңа уақыт арна» акциясы аясында алдын алу мақсатында жұмыстар жүрді. Бұл бейнеөнім ата-ана жүрегіне жетіп, санасына сілкініс жасады. Себебі,  бүгінгі балада бәрі бар. Тек оны тыңдайтын, уақытын арнайтын, түсініп, мейір-махаббат, жылуын төгетін жақындары аз. Ал мұның соңы орны толмайтын қайғыға душар етуі әбден мүмкін», - дейді ол.

Молжанова атағандай, билік пен қоғам арасындағы алтын көпір болып отырған партияның басты мақсатының бірі – ұлтымыздың рухани болмысын жаңғырту.

«Ол бірінші кезекте шаңырақтың шырақшысы әйелдің, ұрпағына ұлықты тәрбие беретін ананың қолында. Партия тұғырнамасында «Отан отбасынан басталады. Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – отбасындағы тәрбие мен тағылымның жемісі. Біз отбасы институтының беделін көтеруге күш саламыз» деп жазылған. Былтыр 29 қыркүйекте ашылған орталықтың негізгі мақсаты қыз-келіншектерге, аналарға рухан,и мәдени, психологиялық қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Сыр еліне жасаған сапарында орталығымызға арнайы ат басын бұрып, жұмысымызға оң бағасын берді. Бүгінде орталық Қызылордадағы әйел-аналардың бас қосатын құтты мекеніне айналды», - дейді ол.

Орталық басшысы мемлекетіміз де, президентіміз де еліміздің, оның ішінде креативті индустрияның дамуына ерекше жағдай жасап отырғанын жеткізді.  

«Осыған сай «Анаға тағзым» орталығы – креативті индустрияның даму алаңына айналды. Айта кететін болсам, «Брендке бір қадам...» жобасы аясында сауда көрмесі Креативті индустрия залында бір айға жуық жұмыс істеп, кәсіпкерлер өздерінің этнобұйымдарын мыңдаған адам назарына ұсына алды. Аймақтың 20-ға жуық креативті кәсіпкері аталған сауда көрмесінде өз өнімдерін сатып, 10 миллионнан аса табыс тапты. Облыстық сән үлгісі фестивалі ұйымдастырылып, оған 18 дизайнер-тігінші қатысып, 150 ге жуық дизайнерлік киім үлгілерін ұсынды. Нәтижесінде өңіріміздегі қолөнер шеберлерінің танымалдылығы, өз кәсібіне деген қызығушылықтары өсіп, қазіргі талғамға сай этнокиім үлгілері дүниеге келді, әсіресе, жастардың ұлттық киімге деген құрметі артты», - дейді Алтынай Молжанова.

Оның айтуынша, әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында бір апталық оқу курстары өтсе, мектептердегі балалардың тамақтануы мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша оқу орындарына мониторинг жасалған.

«Келушілер психологтың көмегіне тегін жүгіне алады. Қыз-келіншектер жария ете алмайтын кейбір жайттарды жазып қалдыру үшін сенім жәшігін де қойдық. Бұл жұмыстардың барлығын әлеуметтік желідегі парақшаларымызда арнайы жариялап келеміз. Осыдан біршама уақыт бұрын елорда төсінде өткен «Әйел аманаты» шарасына Сыр аналарының аманатын жеткізіп қана қоймай, ол жақтағы тұғырлы тұлғалардың, зиялы қауымның да аманатын алып қайттық. Руханият жылы аясында қолға алған маңызды бастамалардың бірі – «Анаға тағзым» орталығы тәжірибесін тарату болды», - дейді ол.

«Анаға тағзым» орталығы басшысының айтуынша, «AMANAT» партиясының жанынан әйелдер қанатының құрылуы нәзік жандыларды қолдауға өз септігін тигізген.

«Партия жанынан жастар қанаты құрылып, еліміздің ертеңі – жастарды қолдау, олардың ұсыныстарын, бастамаларын билікке жеткізу мақсатында қаншама игі істер атқарғаны анық. Әйел, ана – тіршілік мәні, елдегі тұрақтылықтың кепілі дейтін болсақ, оларды жан-жақты қолдау – мемлекеттің де, қоғамдық ұйымдардың да басты парызы. «AMANAT» партиясы, оның жанынан құрылған әйелдер қанатының да басты ұстанымы – әйел, аналарға барынша қолдау көрсету», - дейді ол.

Алтынай Молжанова алғашында бұл қызметтің жауапкершілігін алуға жүрексінгенін де жасырмады.

«Мен осы жұмысты қолға алғанда алғашында жүрексінсем де, біртіндеп әйелдер қанаты арқылы аймақ әйелдерінің проблемаларын жоғары жаққа жеткізуге, биік мінберлерде айтуға зор мүмкіндік туғанын сезіндім. Бұл бағыттағы жұмысымда мен, әрине, жалғыз емеспін. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қашан да алдыма саясаттың, кәсіптің, өмірлік тәжірибенің қазанында әбден ысылған, мол тәжірибесі бар үлкендерді салып, ақыл-кеңесін тыңдап, өзге әріптестеріммен пікірлесе жұмыс істеймін. «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, ҚХА жанындағы әйелдер кеңесімен түрлі қоғамдық ұйымдар, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбиесін беруде облыстық білім басқармасымен бірлесе қанша жобалар атқардық. Себебі, бәріміздің де мақсатымыз бір, мүддеміз ортақ», - дейді Алтынай Молжанова.  

Орталық басшысы облыстағы әйелдер қауымына қатысты ахуалды айтып берді.

«Өңірдегі халық саны 841 800 адам болса, оның ішінде 417 614 (49,7%) әйелдердің үлесінде, ал 216 974 (52%)  әйел ауылдық жерде тұрады. Қазір өңірдегі әйелдер санының үлесі аймақ халқының жартысын, яғни 417 614-ті құраса, партия қатарындағы нәзік жандылардың үлесі 65 пайызын, 29 810 адамды құрап отыр. Осыған орай, аймақтағы барлық замандас алға қойған мақсаттарға жетуге бір кісідей жұмылып, қызмет істейді деп айта аламыз. Мұнан бөлек, өңірдегі партияның 206 бастауыш ұйымының 83-не әйелдер (40%) жетекшілік етсе, 21 (17%) азаматша белсенді депутат. Қазіргі қоғамдағы әйелдер қауымының саяси белсенділігін атап өтетін болсақ, бұл үлкен күш», - дейді орталық басшысы.

Қызылорда облысында 141 мыңнан аса отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы көпбалалы ана, 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері.

Мемлекеттік қызметшілердің 37,4 пайызы – әйелдер. Медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтардың 78,3 пайызы әйелдер болса, жалпы бюджеттік салада 62 пайыз қыз-келіншектер қызмет етеді.

Облыс бойынша жұмыспен қамтылғандардың 47,7 пайызы әйелдер. Ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға тұрақтаған.

«Облысымызда биыл «Руханият жылы» жариялануына орай, аудандарда жаңадан салынатын «Руханият орталықтарында» барлық үкіметтік емес ұйымның жұмыстары үйлеседі. Өңірімізде әйелдермен жұмыс істейтін 25 қоғамдық ұйым бар, әр ұйым өз бетінше емес, ортақ мақсатта бірігіп жұмыс істеу қажеттігі де басты назарда. Осыған орай, партияның аудандық филиалдары жанынан әйелдер қанаты жұмыстарын кеңейтіп, аталған орталықтарда қазақ қоғамының басты қазынасы - отбасылық құндылықтарды насихаттау мен дамытуға тікелей атсалысамыз. Басты ұстанымымыз: мықты отбасы – мықты мемлекеттің тірегі.Осы жұмыстардың барлығы іске асқан жағдайда әйелдер қанатының жұмысы қарыштай береді», - деп түйіндеді Алтынай Молжанова.

Серіктес жаңалықтары