«Реформа десек, өкілеттікке талас басталады»: Жақып Асанов Талғар оқиғасы туралы эксклюзивті сұхбат берді
Жақып Асанов өз сұхбатында құқық қорғау органдарындағы реформа туралы айтты
Бүкіл елді дүр сілкіндірген 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін әлеуметтік желіде Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топ жайлы, оның лидері Хасан Қасымбаев туралы қауесет желдей есті. Тіпті бұрынғы бас прокурор, Жоғарғы соттың экс-төрағасы, қазір сенат депутаты болып отырған Жақып Асановтың Қасымбаевтармен таныстығы бар екен деген де сыбыс шыққан. Желіде аты аталған сенатор Azattyq Rýhy редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында көпті мазалаған сұрақтарға жауап беруге тырысты.
-Сіздің Қасымбаевтарға қатысы бар дейді. Осы рас па?
-Оларды білмеймін. Көрген емеспін. Танымаймын. Өйткені, өтірік, фейк. Жалғандық көп қой қазір.
-Негізсіз емес шығар? Қалай ойлайсыз?
-Сол ақпараттың авторларынан сұраған жөн болар. Кім біледі, атымды шығарайын деген шығар. Ал, шындыққа келсек, әрбір жалған ақпараттың авторларын анықтап, олардың аты-жөндерін көпшілікке жариялап, жұртқа жеткізіп, жазалауымыз керек. Ондайларды қоғам білгені жөн. Тіпті жақындары, туыстары, таныстары болса да. Қандай екенін көрсін. Сонда олардың сөзіне ешкім сенбейді. Әйтпесе, қоғамды адастыратын өтірік көбейе бермек.
-Талғар оқиғасына қатысты не айтасыз?
Қиын жағдай. Ауыры – мектептегі жап-жас баланы бірнеше ересек жігіт жабылып, әке-шешесінің қолын байлап, олардың көзінше аса қатігездікпен өлтіргені. Қиянаттың қиянаты. Мұндайда сөз де табу қиын. Шерзаттың ата-анасына, туыстарына көңіл айтамын. Ал, құқық қорғау органдары болса, барлық тергеу амалдарын жасап жатыр. Оны бәріміз көріп отырмыз. Түбінде кінәлілер жазасын алатынына күмән жоқ. Ең бастысы, полицияға, прокуратураға кедергі жасамай, барлығын анықтауға көмектессек жөн болар.
-Тергеуден басқа не жасау керек енді?
Кезінде 2016 жылы Ақтөбеде қайғылы жағдай болды. Қырықтай діни радикал теракт жасады. Қару-жарақ дүкендерін тонап, әскери бөлімге, құқық қорғау органдарына шабуыл жасады. Біраз адам қаза болды. Теракт халық арасында үрей туғызды. Жұрт қорқып қалды. Билікке сенім жоғала бастады. Сонда біз не істедік? Бүкіл республикадан 230 мықты маманды жинап, Ақтөбеге бардық. Орталық органдардың қызметкерлері, теологтар, психологтар. Сондағы мақсат – жергілікті құрылымдардың, құқық қорғау органдардың жұмысын дұрыс жолға қойып беру. Орталықтан ақыл айта бергенше, жерге түсіп, жұмысты қалай ұйымдастыру керек екенін көрсетейік деп бардық. Мысалы, Ақтөбе мешіттеріне елдегі ең мықты имамдар барып, діннен адасып жүргендердің бетін қалай қайтаруды үйретті. 230 адам Ақтөбеде бір ай болды. Демалыссыз жұмыс істеді. Сол барғанымыз жақсы тәжірибе болды.
Талғарда да сондай жұмыс керек сияқты. Өйткені, кешегі өрттен кейін халықта уайым көбейіп кетті. Сондай топ құрып, Талғарда дұрыс кадрларды тағайындап, мекемелердің қызметін реттеп, жалпы ауданды жөнге келтіріп алуға болар еді. Кейін осы тәжірибе басқа да өңірлерге жақсы үлгі болары сөзсіз.
-Құқық қорғау, сот саласына реформа керек пе?
Әрине, керек. Құқық қорғау органдары тірі организм сияқты. Үнемі жетіліп, дамып отыруы тиіс заманға сай. Бірақ, мұнда реформа жасау қиын. Көп нәрсе түбінде өкілеттікке тіреледі. Бұл ауру Кеңес одағынан келе жатыр. Реформа десек, ең алдымен, өкілеттікке талас басталады. Реформа содан жүрмей жатыр.
Мен бір мықты елдің бас прокурорын сөзге тартып, «сіздерде реформа қалай жүреді? Өкілеттікке таласу жоқ па» деп сұрадым. «Әрине, бар» деді. Сондықтан стратегиялық мәселелерді құқық қорғау органдары, жоғарғы сот шешпейді. Біздің міндет – қабылданған заңдарды іске асыру. Ал, реформаны жүргізетін басқа бір құрылым бар. Ол бәріміздің үстімізден қарап отыр. Ондағы мамандар практиканы жақсы біледі. Қай бағытта қандай реформа жүруі керек – солар шешеді. Біз де іске асырушы ретінде пікір айтамыз. Бірақ, соңғы сөз соларда. Меніңше, бізге де сондай құрылым керек сияқты. Сол алаңда идеяларды ортаға салып, бір-біріміздің уәжімізді тыңдап, жақсы реформа жүргізуге болар еді.
-Сұхбатыңызға рақмет!