«Михаил Шайдоров келісімшартқа қол қойды»: спорт министрлігі шулы мәселеге жауап берді
Михаил Шайдоров бірер күннен соң өз командасымен бірге министрлікке келеді
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ресми түсініктеме беріп, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесі шешілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 5 маусымда жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанатын Михаил Шайдоров бірер күннен соң өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді.
«Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз», - деді вице-министр.
Еске салсақ, Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров өзінің 5 ай бойы жалақы алмағанын сонымен бірге Туризм және спорт министрлігінің ойға қонымсыз шарт қойып отырғанын айтқан болатын. Оның мәлімдемесі қоғамда резонансты тақырыпқа айналды.