Қазақ тілінде қызықты контент көбейсе, жастардың тіл үйренуі жеңілдейді – орыс қызы Наталья Халина

Azattyq Rýhy

Наталья Халина университетті қазақша оқып, қызыл диплом алған

Қазақ тілінде білім алып, қазақша ана тіліндей жетік сөйлейтін Наталья Халина Azattyq Rýhy youtube-арнасына сұхбат берген еді. Осы сұхбаттың қызықты тұстарын оқырман назарына ұсынамыз.

«Мен Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Горный ауылынан тумасымын. Сондағы 9 жылдық мектепті бітірдім. Ол басында орыс мектебі еді, кейін мен бірінші сыныпқа баратын жылдары қазақ тілінде білім беретін мектепке айналды. Сол кезде анамның алдында таңдау тұрды. Мені орысша оқыту үшін жақын маңдағы Корнеевка, Заградовкағы мектепке беруге де болар еді. Алайда ауылымыздағы мектеп директоры Әнипа Жәнібекқызы анама келіп «қызыңызды біздің мектепке беріңіз, біз оны үйретеміз, алаңдамаңыз» деп сендірді. Сол кісілердің қолдауының арқасында мектепті, жоғарғы оқу орнын қазақша бітірдім. Әрине, басында қиын болды, бірінші сыныпқа барғанда қазақша білмейтін едім. Алғашқы ұстазым Үміт Талабайқызы көп көмек көрсетті, сабақтан соң маған қосымша тіл үйретіп, қазақша білім алуыма жағдай жасады. Ауылда 9 жылдық мектепті бітірген соң, біз қалаға Петропавлға көштік. Қаладағы әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде оқуды жалғастырдым. 2020 жылы М. Қозыбаев атындағы университетке журналистика мамандығына түсіп, мемлекеттік тілде білім алдым.

Мен қазір сотта кадр бөлімінде жұмыс істеймін. Маған ресми құжаттарды оқу, толтыру оңай, құжаттарды қазақшаға еркін аударамын, келген адамдар орыс тілін білмесе өтінішін қабылдау, олармен тіл табысу оңай. 

Менің жақын екі досымды ерекшелеп айта кеткім келді. Гүлнұр Жатайқызы екеуіміз ауылда мектепте бірге оқыдық. Кейін қалада лицейде, университетте бірге білім алдық. Жақын адам, отбасымның жақын мүшесі болып кетті десем артық айтқандық емес. Қазір ол өзінің физика-математика мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде ұстаз болып істеп жүр. Ол қыздың бойында ұстазға тән қасиеттері басым еді. Маған көп қолдау көрсетті, қаншама қиындықты бірге еңсердік. Тағы бір құрбым Аяжан Қойшыбайқызы екеуіміз лицейді бірге оқыдық. Ол қазір дизайнер мамандығының соңғы курсында оқиды. Ол дыбыстаумен айналысып, басқа тілдердегі кино, анимелерді қазақшаға аударып аудиторияға ұсынады.

Отбасымызда орысша сөйлесеміз, өйткені ата-анам қазақша білмейді. Алайда достарымен араласқанда қазақша сөйлеуге дайын тұрамыз. Менің ағам орысша оқыды. Бірақ, мектепте қазақ тілі мен әдебиетін беске бітірген. Қазір жедел жәрдемде істейді, пациенттерімен қазақ тілінде еркін сөйлесе алады. Отбасымызда орыс ұлтының салт-дәстүрін ұстануға тырысамыз. Алайда наурызды тойлаймыз, бұл көктем мерекесі бізді жақындастыратын, ортақ  мейрам ғой.

Бос уақытта қолөнермен айналысқанды ұнатамын. Әртүрлі нәрселер жасаймын. Тіпті диплом тапсыру рәсіміне өзіме маржан-моншақтардан сөмке тоқып алғанмын.

Бір қызығы, мен қазақша сөйлегенде көпшілік таңданып қалады. Қалаға көшіп келген кезде мектепте алғашқы әскери дайындық сабағында мұғалім маған «қателесіп басқа класқа кіріп кеткен жоқсың ба» деп сұрады. «Мен қателескен жоқпын ағай» дегенде қатты таңданды, тілді қалай үйренгенімді тәптіштеп сұрай бастады.

Көпшілік «қазақшаны қалай үйрендің, ата-анаң қазақша сөйлей ме» деп сұрай береді. «Қазақтардан да жақсы сөйлейді екенсің» дегенді естігенде өзімді жайсыз сезініп, қынжылыс пайда болады. Ана тілін нашар білетін жандарды сынау дұрыс емес секілді. Тағы бір айта кетерлігік, солтүстік өңір саналатын Петропавлда мен танитын таза қазақша сөйлейтін, салт-дәстүрге жетік адамдар қатары өте көп. Қазақ тілін ешкім ұмытқан жоқ, сондықтан «орыстанып кетті» дегенмен аса келісе бермеймін.

Менің ең сүйікті ақыным, біздің өлкенің тумасы Мағжан Жұмабаев. Өлеңдері жаныма жақын, осы ақынның өлеңдерін жаттап талай сайыстарға қатыстым. Қазір «Түркістан» жарын жатқа айтып бере аламын.

Қазақ тілін үйрену әр адамның есте сақтау қабілетін байланысты. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан басқа ұлттарға тіл үйренуде көмек көрсетілсе қазақ тілін меңгеретін адамдар қатары көбейер еді. Қазақ тілінде шығатын қызықты, аудитория тартатын түрлі медиа өнім қатары көбейсе жастарға тілді үйрету оңайырақ болады. «Жастар қазақ тілін үйренгісі келмейді» деп сынау қажет емес. Өйткені адамның басқа тіл үйренуі оңай емес. Сондықтан оларға көмектесіп, олардың қазақшаны үйренуге құлшынысын қолдап отыру қажет. Оларға осындай жағдай жасалса қазақ тілінің мәртебесі де көтерілер еді», - деді сұхбатында ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.