$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 10:56
Сұхбат

Қызылжарда пара алу жөнінен құқық қорғаушылар көш бастап тұр – сұхбат

Жемқорлыққа қарсы агенттіктің СҚО бойынша департаментінің басшысы бірнеше сұраққа жауап берді

Қызылжарда пара алу жөнінен құқық қорғаушылар көш бастап тұр – сұхбат

Солтүстік Қазақстан облысында пара алу фактісі бойынша құқық қорғау саласының қызметкерлері топ бастап тұр. Әсіресе, жол сақшылары «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге көбірек жол береді екен. Одан кейінгі тізімді әлеуметтік сала мамандары жалғайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген еді.  

- Қай салада жемқорлық фактілері көп тіркеледі?

- Құқықтық статистика органдарының мәліметі бойынша өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке 71 адам тартылды. Бұл тізімде құқық қорғау саласы бірінші орында тұр. Сотталғандардың қатарында 5 құқық қорғау, 4 жергілікті атқарушы орган, 2 білім беру, 1 квазимемлекеттік сектор қызметкері бар. Мәселен, жедел-тергеу жүйесінің қызметкерлері айыпты тұлғаларды заң алдында жазалаудың орнына, пара алған. Жол-патрульдік қызмет инспекторлары қозғалыс ережесін бұзушыларды әкімшілік жауапкершіліктен босатып, жемқорлыққа жол берген.

Бұл тізімде төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет мамандары да бар. Олар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша шаралар қолданбағаны үшін заңсыз сыйақы алған.

Ал жергілікті атқарушы органдар арасынан жемқорлық фактілері бойынша әлеуметтік сала, орман шаруашылығы мен білім беру жүйесі алдыңғы үштікте тұр.

2 жергілікті атқарушы орган, 15 квазимемлекеттік сектор және басқа салалардың 26 қызметкеріне қатысты іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылды.  

- Осындай жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында қандай жұмыс жүргізесіздер?

- Бәрімізге белгілі, заңнамаға мемлекеттік орган басшылары арасында сыбайлас жемқорлықтың  алдын алуға міндеттейтін норма енгізілген, бұл жұмысты орындамайтындар үшін тәртіптік жауапкершілік белгіленген. Белгілі бір саладағы проблемалық мәселелерді зерттеуге, азаматтарымыздың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін жемқорлық қаупі бар нүктелерді анықтауға бағытталған мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәсіл қоғамды толғандыратын сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, уақытында оң шара қабылдауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг жүргізу – Агенттікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ететін өзге де субъектілерге міндеттелген. Заңға сәйкес, ол қатарға барлық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар жатады.

Яғни, кез келген ниет білдіруші, оның ішінде журналистер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг жүргізіп, оның нәтижесін бізге жібере алады. Біз соған қарай тиісті шараларды қабылдаймыз.

- Жемқорлық туралы хабар үшін берілетін сыйақы көлемі ұлғайды? Бұл қаншалықты тиімді?

- Төленетін сыйақы туралы айтатын болсақ, биыл ақпан айында жарық көрген Үкімет қаулысына сәйкес сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұлғаларды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілді.

Жаңартылған жүйеге сәйкес, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтар сыйақының сараланған сомасын алатын болды. Егер адам сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы хабарласа, соттың тиісті айыптау шешімі шыққан соң оған параның сомасынан 10% төленетін болды.

Аталған жаңашылдықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталған. Мәселен, 2019 жылдың 12 айында жемқорлықтың ашылуына 9 адам көмек көрсетті. Оларға жалпы көлемі 1,3 млн теңгеден астам сыйақы төленді.

Сондықтан, тұрғындар жемқорлық фактілері туралы хабардар болса, аумақтық департаментке тікелей жүгіне алады немесе агенттіктің бірыңғай call-орталығы - 1424 нөміріне хабарлай алады. Сондай-ақ өңірде «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 87075641424 нөміріне хабарласа алады немесе осы нөмірдегі WhatsApp арқылы хабарлама жолдай алады. Айта кету керек, басты мәселе тұрғындардың азаматтық ұстанымы белсенді болу керек. Жалпы, кез келген заңбұзушылыққа төзбей, белсенділік таныту қажет.

- СҚО-дағы басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметкерлер түзету мекемесіне экскурсияға барды. Жемқорлықты алдын-алудың осындай түрлерін өткізу қаншалықты маңызды? Басқа да сала қызметкерлерімен де өткізу жоспарда бар ма?

- Жыл басынан бері облыстың көптеген мемлекеттік қызметкерлері түзету мекемелеріне экскурсияға барды. Олардың қатарында аудан әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ құқық қорғау ведомстволарының өкілдері бар. Түзету мекемелеріне экскурсиялар ұмытылмастай әсер қалдырды деп ойлаймын. Мұндай шара –  сыбайлас жемқорлық туралы арам ойларды тұншықтыруға септесері анық. Өкінішке қарай, олардың арасында тойымсыз шенеуніктер де бар. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев айтпақшы, оларға тек Қылмыстық кодекстің тілі түсінікті. Адалдық негізіне парасаттылық пен адамгершілік жатуы тиіс.

Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары