ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1062 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды

COVID-19: Нью-Йорк қазағы АҚШ билігінің халыққа қалай көмектесіп жатқанын айтты

Америкада маскасыз жүргендерге 1 мың доллар айыппұл салынады

COVID-19 пандемиясынан АҚШ-та  қайтыс болған адамдардың саны 40 мыңнан асып кетті. Бүгінде 755 мыңнан астам адамның  қауіпті індет жұқтырғаны анықталып отыр. Олардың тең жартысы Нью-Йорк қаласында тіркелген. Azattyq Rýhy тілшісі 22 жылдан бері Нью-Йоркте тұратын суретші әрі сазгер Берік Құлмамировтан америкалықтардың коронавирустан қалай қорғанып жатқанын білуге тырысты.

 - Берік аға, қайырлы түн! Мына қауіпті індеттен қалай қорғанып жатырсыз?

-  Шүкір! Өздерің қалайсыңдар? Сендерде сағат қанша?

-  Бізде түнгі он бір.

-  Аа, Нью-Йоркте түскі сағат 12-ден кетті. Жеңгең екеуіміз (Лейла Илайс – ред.) үйден көп шықпаймыз. Жұмыс  онлайнға көшкен, тапсырыстарды интернет арқылы аламын. Қажетті заттарды, тамақты да тапсырыспен жеткізіп береді. Пәтердің алдына қойып кетеді, жеткізушілермен мүлдем кездеспейміз. Күнде таңертең таза ауа жұту үшін орталық саябаққа барып келеміз. Адамдардан барынша алшақ жүруге тырысып, қорғанып жатырмыз. 

- Суретшісіз ғой, портрет, картиналарды қалай интернет арқылы сатып жатырсыз? Бұрынғыдай фестивальдер өткізуді кейінге қалдырған шығарсыз?

-  Жоқ, сурет жағы қазір уақытша тоқтап тұр. Бірақ жұмыс көп деген себебім, ән жазудан қол босамай жатыр.  Поп жанрындағы әншілерге, тапсырысқа байланысты классикалық бағытта да ән жазамын. Бұл жақта музыка жақсы дамыған және оған әуес адамдар, жастар өте көп. Бәсекелестік те жоғары. Сөзін де, әнін де жазып, аранжировкасын жасап беретіндіктен, жаңадан шығып жатқан жас әншілер жиі тапсырыс береді. Өйткені, оларға бір студияда бәрін бірге жасату баға жағынан тиімді.

- Қалаңызда корнавирустан қайтыс болған, оны жұқтырған адамдардың саны көп болуын немен байланыстырасыз?

-  Карантинді тағы бір айға созса да, көшеге шығуға жаппай тыйым салмады. Бірақ маскасыз жүрсе 1 мың доллар айыппұл жазады. Дүкенге қолғапсыз кіруге болмайды. Сақтық шарасын күн сайын ескертеді. Бізде қара нәсілділер мен латын америкалықтар өте көп. Олар ескертуді тыңдай бермейді. Қазақтар той жасағанды жақсы көрсе, олар да сауық құрғанды ұнатады. Аптасына екі-үш рет шағын топ болып жиналып, думандатады. Содан бір-біріне жұқтырады. Көбіне коронавирустан қара нәсілділер көз жұмып жатыр. Олар туған күн жасайды, қамалып отыра алмайды, оқшаулануға шыдамайды. Масканың бір данасы 10 доллар болған еді, қазір 2 долларға түсті. Негізінен, коронавирусты жұқтырып қаза болып жатқандар – 50 жастан асқан адамдар.

-  Оқуға барған, жұмыс іздеп, ақша табуға кеткен қазақтар аз емес қой. Араласып, қал-жағдайларыңызды сұрасып тұратын шығарсыздар, әсіресе мынандай қиын кезеңде?

- Жаңағыдай қара нәсілділер, бразилиялықтар, мексикалықтар секілді жиналып, араласып тұру жағы қазақтардың арасында соңғы жылдары тоқтады. Қазақтар Америкада жүрсе де шымкенттіктер немесе Қазақстанның солтүстік өңірінен келгендер болып бөлініп жүреді. Биыл мына жағдайға байланысты жиын өтпеді, былтыр Наурыз мерекесінде де бірікпедік, әркім өзімен өзі болды.

- Елдегі жағдайды,  әлемдегі дағдарысты естіп жатқан шығарсыз?

- Әрине. Америкада, осындағы халықтың арасында  дағдарыс деген уайым, ұғым жоқ. Ол сезілмейді де. Оның үстіне, осы коронавирусқа байланысты үкімет әр адамға 1200, әр балаға 500 доллар көмек ақша аударған. Қаңғыбастарға дейін қажеттілікпен қамтамасыз етілген. Жағдайы нашарлау адамдарға үш уақыт тегін тамақ береді. Жұмыс жасауға, көшеге шығуға жаппай тыйым салынған жоқ. Өміріңді сақта деп жиі ескертеді. Жалпы алғанда, экономикада қиыншылық туындады, дағдарыс  болады деп айтыла бермейді және оған халық та аса сенбейді.

-  Бізге уақыт бөлгеніңізге рахмет. Індеттен аман-есен шығайық!

- Өздеріңе де амандық тіледім!

Анықтама үшін: Берік Құлмамиров америкалық әншілерден топ құрған. Олар штаттарды аралап, шағын концерттер қояды, фестивальдерге қатысады. Манхэттеннің «West Park Art Center»  атты мәдени орталығында музыкалық кештер өткізіп тұрады. Жергілікті әріптестер оны америкалықтардың арасындағы азиялық музыкант, суретші деп таниды. Құлмамиров «She is a kazakh girl» (Ол қазақ қызы), «We are students of Abay» (Біз Абайдың шәкіртіміз), «The kazakh land» (Қазақ жері), «Kerey khan and Zhanibek» сынды туған жері мен оның кейіпкерлері туралы ағылшын тілінде әндер жазып, «The kazakh land» (Қазақ жері) және «A voice of charming rose» (Голос очаровательной розы) атты  ән жинағын да шығарған. Кәсіби және жас әншілерге арналған «West Park Art Center» музыка фестивалінің продюсері. Қылқалам шебері Нью-Йоркте суретшілердің көрмесін өткізіп, Қазақстанның мәдениетін танытып келеді.

Сұхбаттасқан: Әмірболат Құсайынұлы 

 

Сұхбат
1 шілдеде Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Жас отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылды
Филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен латын әліпбиіне қатысты сұхбат
Имамның айтуынша, құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бергендер саны басымырақ