$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2020, 11:01
Сұхбат

Әлемдегі коронавирус: Шет елдерде жүрген қазақтар көрген-білгенімен бөлісті

Англия, Түркия, АҚШ елдеріндегі қазақтар жағдайды баяндады

Әлемдегі коронавирус: Шет елдерде жүрген қазақтар көрген-білгенімен бөлісті
фотолар: bbc.com, aa.com.tr, tass.ru сайттарынан алынды

Коронавирус пандемиясы бойынша әлемдік статистикада АҚШ бірінші орында тұр. Өлім-жітім саны көбейіп кеткендіктен, мәйіттерді жерлеумен айналысатын арнайы бюролар сұранысты дер кезінде қанағаттандыра алмай отыр. Ал Ұлыбританияның астанасы Лондонда індетке шалдыққандарды ауруханаға алмайды. Түркия дәріханаларында медициналық маска сатылмайды. Azattyq Rýhy тілшісі шет елдерде тұрып жатқан қандастарымызбен сұхбаттасып, әлемдің кейбір мемлекеттеріндегі жағдайды білген еді.

Лондонда науқастарды ауруханаға қабылдамайды

Англияда коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша көш басында Лондон қаласы тұр. Науқастардың саны көбейіп кеткені соншалық, жергілікті ауруханаларда халықты қабылдайтын орын жоқ. Сондықтан дәрігерлер індет жұқтырғандарға оқшауланып, өздігінен емделуге кеңес береді. Динара Бекмағамбетова Лондондағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүр. Жуырда ол арнайы рейспен Қазақстанға оралды.

«Лондонда қазір болып жатқан жағдай өте қорқынышты. Сондықтан қатты қажеттілік болмаса, сыртқа шыққан жоқпын. Ақылы қызмет көрсететін клиникалар негізгі жұмысын тоқтатты. Олардың барлығы коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін орталықтарға айналды. Соның өзінде ауруханаларда орын жоқ. Сырқаттарды стационарға алмайды. Тек жағдайы нашар, жасанды жолмен тыныс алатындар ғана жатқызылады. Қазақстанға келу үшін 3 рет ұшақ билетін сатып алдым. Екі рет рейсті тоқтатып тастады. Осы жолы да әуе кемесіне отырғанша елге жол түсетініне сенімнен гөрі, күдік басым болды», - дейді Динара.

Түркия дәріханаларында маска сатылмайды

Түркия Республикасында да коронавирус індеті күшейіп тұр. Қауіпті індеттен күн сайын жүзден астам адам көз жұмуда. Елдің ірі қалалары карантинге жабылмағанымен, сенбі, жексенбі күндері 31 провинцияда коменданттық сағат енгізу тәжірибесі қолға алынған. 64 миллионға жуық адамға үйінен шығуға тыйым салынды. Тәртіп бұзғандарға 3182 түрік лира (200 мың теңге шамасында – авт.) айыппұл төлетеді. Қалааралық қатынас тоқтаған. Көршілес елдермен шекара жабылды. Түрік еліндегі жағдай туралы Анкарадағы Кажы Байрам Вели университетінің докторанты Мырзахан Байжанұлы айтып берді.

«Түркияда карантинге алынған 128 елдімекен бар. Бұлар негізінен 48 провинциядағы тұрғылықты мекендер. Жасы 20-дан төмен, 65-тен асқан азаматтар көшеге шыға алмайды. Біз жұмыс күндері ғана жүреміз. Қоғамдық көліктер қызметін жалғастырып жатыр. Тек медициналық маскасыз автобусқа кіргізбейді. Сауда орталықтарындағы тәртіп те сондай. Түркияда медициналық бетперде сатылмайды. Халыққа тегін таратылады. Электронды үкімет бағдарламасы арқылы өтініш толтырып, арнайы код арқылы дәріханадан 5 бетперде алдым. Келесі аптада тағы да сөйтемін. Дегенмен, қуанышты жаңалық та жоқ емес. Соңғы күндері дертке душар болғандар санының елеулі дәрежеде азаюы байқалады», - дейді Мырзахан Байжанұлы.

АҚШ-та жерлеу бюролары үлгермей жатыр        

АҚШ коронавирусқа шалдыққандар және індеттен қайтыс болғандар саны жөнінен әлем бойынша бірінші орында тұр. Америкада коронавирустан көз жұмған адамдарды жер қойнауына тапсыруды жақындары өз мойнына алады. Олар жерлеу рәсімін жүзеге асыратын бюролармен келісіп, ақысын төлейді. Алайда аталған орталықтар қайтыс болғандарды дер кезінде жерлеуге үлгермей жатқан көрінеді. Вирджиния штатының тұрғыны Жәнібек Сәрсенбаев қайғылы статистиканың күн сайын өсіп жатқанына қарамастан, карантин  талаптары аса қатаң емес екенін айтады.  

        

«Қоғамдық орындардың көпшілігі жабық. Тек кейбір саябақтар жұмыс істеп тұр. Қазақстандағыдай төтенше жағдай режимін бақылайтын көшеде полиция қызметкерлері қаптап жүрмейді. Супермаркеттерге тұтынушыларды аз кіргізеді. Барлығы 2 метр қашықтықты қатаң ұстанады. Бізге көршіліс тұрған үй тұрғындарының бірі коронавирус жұқтырды. Бірақ, үйдің кіреберісі карантинге жабылған жоқ. Адамдар өздері оқшауланады. Сыртқа көп шықпаймыз. Тек азық-түлік алуға барамыз және күнде таңертең жүгіремін. Оған тыйым салынбаған. Үйге тамақ алдыртамыз. Жеткізу қызметі тегін. Подъезд, лифтте зарарсыздандыру жұмыстары жиі жүргізіледі», - дейді Жәнібек.

Эстонияда көшеде жүруге тыйым салынбаған

Эстония – шағын мемлекеттердің бірі. Халық саны 1,3 млннан асады. Көптеген мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Ойын-сауық орталықтары мен сауда орындары уақытша жабылған. Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылмаған. Эстонияда тұрып жатқан қандасымыз Гаухар Мұқатаева халыққа сыртқа шықпауға кеңес берілгенін айтады. Көшеде жүруге қатаң тыйым салынбаған.

«Халықтың сана-сезіміне ерекше тоқталғым келеді. Далаға шығуға болмайтыны айтылған күннен бастап тұрғындар сақтық шараларына кірісіп, билік өкілдерінің айтқанын орындап жатыр. Эстонияның білім беру мекемелері толықтай онлайн режимде жұмыс істейді. Бұған дейін мұндай платформа қолданылмағанымен, ешқандай проблемасыз басталып кетті. Жақсы дайындық жүргізілген. Сааремаа аралы мен Харюма округінде вирус ушығып тұр. Әрқайсысында індетке шалдыққандар саны 500-ден артық. Ал ел бойынша қайтыс болғандар саны 40 адамнан асты», - дейді Гаухар.

Ресейліктерге саяжайға баруға рұқсат етілген

Ресей Федерациясы коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша әлем елдерінің ондығына кіреді. Көрші мемлекеттегі карантиндік шаралар Қазақстандағы жағдаймен өте ұқсас. Көшеде бейсауат жүргендерге алдымен ескерту жасалады, кейбіріне айыппұл салынады.

«Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тізімі жасалған. Сол мекемелердің қызметкерлері жұмысқа бара алады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханаға баруға рұқсат етілген. Иттерді далаға шығаруға тыйым салынған жоқ. Тек есік алдынан 100 метрден асуға болмайды. Барлық отбасы мүшелерімен саяжайларға баруға болады», - дейді РФ Түмен облысының тұрғыны Есенғали Ыбыраев.

Әлем мемлекеттерінде коронавирус жұқтырғандар мен індеттен қайтыс болғандардың саны сәт сайын көбейіп жатыр. Адамзат баласы өз тарихында бірнеше пандемияны басынан өткерді. Юстинова обасы – әлем шежіресінде тіркелген алғашқы пандемия. Одан кейін 1346-1353 жылдары болған «қара өлім» індеті Еуропадағы кейбір елдердегі халықтың жартысына жуығының өмірін қиды. Ал 1918-1919 жылдар аралығында Испан тұмауына 550 миллионға жуық адам шалдығып, жұқтырғандардың 40 пайызы көз жұмды.

Бүгінге дейін әлемде коронавирус індетіне шалдыққан 2,6 миллионнан астам адам тіркелді. Оның 178 мыңға жуығы қайтыс болса, 681 мың адам емделіп шықты.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары