Елімізде президенттік биліктің өзінің дәстүрі бар, ол дәстүрді Елбасы қалыптастырған – Ерлан Саиров

Саясаттанушы пандемия кезіндегі мемлекет жұмысына баға берді 

Елімізде президенттік биліктің өзінің дәстүрі бар, ол дәстүрді Елбасы қалыптастырған – Ерлан Саиров

COVID-19 бүкіл әлемге адам шығынынан бөлек, экономикалық зардабын тигізіп отыр. Ол Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Осы орайда, еліміздегі алдын алу шаралары қалай жүргізілді, әлеуметтік көмек қалай көрсетілуде, пандемиядан кейін Қазақстанда қандай проблемалар болуы мүмкін деген мәселелер төңірегінде Azattyq Ruhy тілшісі белгілі саясаттанушы Ерлан Саировпен сұхбаттасқан еді.

– Ерлан аға, ауру айтып келмейді, COVID-19 небәрі бірер ай ішінде бүкіл әлемді сергелдеңге салып қойды. Әр ел аурумен өзінше күресіп жатыр. Қазақстан билігі де дереу төтенше жағдай жариялап, ірі қалалардың бәрін карантинге жапты. Тұрғындардың далаға себепсіз шығуына тыйым салынған. Жалпы, осы алдын алу шараларына өз бағаңызды беріңізші... Өзін ақтап жатыр ма?

– Коронавирус расымен, бүкіл әлемге тарады. Жер бетінде ол жетпеген нүкте жоқ. АҚШ-та бұл ауруға – 780 мың, Италияда 178 мың адам шалдыққан. Көршілес Ресейдің өзінде бүгінгі таңда 58 мың адам осы вирусты жұқтырған.

Айта кету керек, батыстың әлеуметтік жүйесі, медицинасы бүгінгі таңға дейін дүниедегі ең озық деп есептеліп келген. Қазір олармен салыстырар болсақ... Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Карантинді уақытылы қоюдың нәтижесінде, елімізде бұл вирустың дамуы белгілі бір дәрежеде тежеліп отыр. Мемлекеттік менеджмент, оның ішінде баса айтатыны, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен төтенше жағдай уақытылы енгізілді. ТЖ талаптары бойынша, ең алдымен ірі мегаполистер, сосын біртіндеп бүкіл облыстардың барлығы карантинге жабылды. Соған қарамастан, коронавирус ауылдарға тарап үлгерді.

Дегенмен, елімізде COVID-19 вирусының даму динамикасы төмен. Ең бастысы, динамика басқа елдердегідей геометриялық прогрессиямен өсіп бара жатқан жоқ. Ол белгілі бір тепе-теңдікті сақтап отыр. Екінші бір маңызды мәселе – біздің халықтың мәдениеті. Көріп отырғанымыздай, халық өте тәртіпті, байсалды, сабырлы болып шықты. Карантинді түсіністікпен қабылдап отыр.

Сондай-ақ біз еліміздің медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіруіміз керек. Себебі олар «майданның» алдыңғы шебінде жүріп, туыстарымыз бен жақындарымыздың денсаулығы үшін өз бастарын қатерге тігуде. Ең негізгі мәртебе мен қошеметтің барлығы медицина саласының өкілдеріне айтылуы тиіс. Себебі бұл пандемия бізден рұқсат сұрап, «мен келе жатырмын» деп әйгіленген жоқ. Онымен күресудің әдіс-тәсілдері белгісіз болды. Жұмбақ індетпен күресу медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артып отыр.

Қазір мемлекет пандемияға қатысты жағдайды өз бақылауына алды. Әрине кейбір өңірлерде, кейбір қалаларда кемшіліктер жоқ емес. Менің ойымша, біз дәрігерлердің ерлігін ескере келе, медицина саласындағы түйткілді мәселелер мен кемшіліктерді айтуымыз керек. Жан-жақты сараланып, сараптама жасалуы керек. Нақты шаралар қабылдануы тиіс.

Қорыта айтсам, Қазақстанда пандемияға қарсы өте маңызды шаралар дер кезінде қабылданды және ол нәтижесін беріп отыр.

– Қазақстанның билігін орталықтанған, вертикальді деп сынайтындар көп. Бірақ коронавируспен күресуде осы орталықтанған жүйе көбірек пайдасын тигізіп жатқан сияқты... Аймақтарда бір мезгілде шұғыл шаралар қолға алынды. Тиісінше, жұқтыру және өлім көрсеткіші Еуропа елдерімен, АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Әлде олай емес пе?

– Осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекеттердің саяси жүйесінің тиімділігі деген мәселе бірінші айтылады. Салыстырмалы деңгейде қарап көрсек, Азия елдері, Оңтүстік Корея, Тайланд, Гонконг, Жапония мемлекеттері пандемияны тезірек ауыздықтады. Бұл елдерде адам шығыны, ауруға шалдыққандар саны өте аз. Олар бұл вирусқа дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ал Батыс елдері, оның ішінде Италия, Испания, бүкіл Еуроодақ елдері, АҚШ өкінішке қарай, бұл індетті ауыздықтай алмады.

– Оның басты себебі неде?

– Адамдардың бостандыққа үйреніп қалғаны, тәртібінің төмендігі және мемлекеттік органдардың жұмыс істеу әдісінің әркелкілігі – бұған басты себеп. Осы тұрғыдан салыстырғанда, Қазақстандағы орталықтанған билік осы пандемия кезінде өзінің тиімділігін көрсетті деуге барлық негіз бар. Өйткені Президент ТЖ жариялағаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары жедел түрде карантин режиміне өтті. Үкімет ең алдымен халықтың жағдайын жасады, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз шешімімен халыққа, орта және шағын бизнеске, зейнеткерлерге, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға көмектің ең басты бағыттарын анықтап берді. Бұл мәселе тез және оңтайлы шешілді. Осындай кезде еліміздегі саяси жүйенің оңтайлығын баса айту керек. Сондықтан төтенше жағдайда президенттік билік тиімді болып отыр.

Елімізде бұл билік 30 жыл қалыптасты, президенттік биліктің өзінің дәстүрі бар, ол дәстүрді Елбасы қалыптастырған. Бүгінгі таңда президенттік билік қиын-қыстау кезеңде халыққа өз көмегін, мемлекеттік тұрғыда тиімділігін қалыптастырды деуге барлық негіз бар. Сонымен қатар біздің азаматтар халыққа көмектесудің жаңа инфрақұрылымын жасап жатыр. «Біз біргеміз» қорының жұмысы, Елбасының пандемия жөнінде халыққа үндеуі, «Nur Otan» партиясының инфрақұрылым мен партия менеджментінің тиімділігі, кәсіпкерлердің халыққа көмектесудегі нақты пиғылы бүгінгі таңда біздің елімізде ұлттық деңгейде гуманитарлық салада өзінің қолұшын бере алатын инфраструктура құруға мүмкіндік жасады. Мұндай әдіс-тәсілдерді  біз қолдаймыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде саяси көзқарас, саяси плафторма немесе адамдардың бір біріне деген сезіміне қарамай, біріге алуға дайын болуымыз керек. Халық қиналып жатқанда әртүрлі саяси партияларға, саяси көзқарасқа бөлінбей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып халыққа көмектесетін жағдай жасауымыз керек. Қазір азаматтардың басым көпшілігі осындай ниетпен жұмыс жасап жатыр.

– Пандемия басталғанда әлем елдерінің алдында екі түрлі таңдау тұрды: экономика әлде адам өмірі (қатаң карантин режимі). Қазақстан билігі адам өмірін таңдады. Алайда, мұның салдары ертең экономикаға ауыр тиеді деп болжам айтып жатқандар көп. Сіз қалай ойлайсыз, билік бұл жолы дұрыс таңдау жасады ма?

– ҚР Конституциясында еліміздің ең негізгі құндылығы – адам және оның өмірі деп атап өтілген. Сондықтан осы пандемия өршіп тұрғанда, адамға деген көзқарасты өзгертіп, еліміздің ең негізгі құндылығы – адам, еліміздің экономикасы, әлеуметтік саласы осы адамға қызмет етеді деген аксиоманы өзектендіру қажет. Міне, осы тұрғыдан келген кезде біздің мемлекет төтенше жағдай, карантинді енгізгенде адам өмірін сақтап қалу аясында қызмет етіп жатыр. Бұл өте дұрыс және осы бағытты ары қарай дамыту керек.

– Қалай ойлайсыз, пандемияның елімізге тигізген пайдалы тұсы бар ма?

– Пандемия еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің түйткілді тұсын анықтап берді. Мысалы, медицина саласы, сонымен қатар, еліміздің цифрландыру саласы, оны дамытуға жұмсалған қаржы өз нәтижесін көрсетпеді. Сонымен қатар, еліміздегі әлеуметтік мәселелердің кейбір тұстарын ашып берді.

Елдегі ірі бизнес өкілдері, олигархтар өзінің халықпен, мемлекетпен бірге екенін сезінбейді. Олардың біразы Қазақстанда жұмыс істеп, ақша тауып, сол ақшаны шетелде жұмсап, басқа мемлекеттердің халқына көмектесуге дайын тұрады. Элитаны Қазақстан халқының мәселесіне бұру өте өзекті мәселе, біз бұны шешуіміз керек. Банк жүйесі өзінің озбыр табиғатын көрсетіп алды, карантиннің бастапқы кезеңінде азаматтарға тізесін батырды.

Осындай қиын кезеңде «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған «Біз біргеміз» қоры әлеуметтік жағынан өте мүшкіл халге түскен тұрғындарға қол ұшын созудың жан-жақты, тиімді жағдайларын ұсынды. Бүгінде Қазақстанның 152 мыңнан астам адамына 50 мың теңгеден қаржылай көмек, медицина қызметкерлеріне 100 млн теңге ақша бөлінді.

Пандемия біткеннен кейін не болады деген сұрақ қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Менің ойымша, еліміздегі әлеуметтік, экономикалық қатынастар бойынша көптеген проблема туындайды. Халық жаппай кедейлік деңгейіне түсуі ықтимал. Халықтың әлеуметтік деңгейі төмендейді. Кедейлер көбейеді. Билік соның алдын алуы керек. Елдің бюджеті сарқылуы мүмкін, көптеген өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, жұмыссыздар саны артады. Ең негізгісі, біз оған қазірден бастап дайын болуымыз керек. Бұл пандемия дүнижүзілік экономиканың рецессиясына алып келеді. Қазірдің өзінде дүниежүзілік экономикаға шығыны $10 триллион деп айтып жатыр. Мұнайдың бағасы нөлден де төмендеп кетті. Осының бәрі ел экономикасын қайта қарауды талап етеді.

– Қайта қарау ең алдымен қай бағыттарда болуы керек?

– Ең бірінші, экономиканың тиімсіз салаларынан бас тарту керек. Квазимемлекеттік секторларда үлкен проблема бар. Квазимемлекеттік сектор бюджеттен тек ақша алып, пайда әкеле алмайтын болса олардың бәрін жабу керек. Екіншіден, дүниежүзілік экономикаға сәйкес жаһандану институттары да бар, біз сол институттардың барлығын қайта қарауымыз керек. «Мемлекетке қаржы институттары қажет пе?» деген мәселені де қараған жөн. Бізге мемлекеттің бюджетіне қарап отырған, бірақ бүгінгі таңда тиімділігі төмен құрылымдардан бас тартуға тура келеді. Менің ойымша, мемлекет ең алдымен осы жұмыстармен айналысуы керек.

Сонымен қатар, қазірден бастап жұмыссыздықтың алдын алу, жұмысынан айырылғандарды әлеуметтік жағынан көмектесу, оларға еңбек етуге жағдай жасау мәселесін қарастыру керек.

– Сіз экономикалық жағдайдың күрделенетінін айтып отырсыз. Ал оны шешудің тиімді қандай жолдары бар?

– 30-шы жылдары Рузвельттің «Жаңа бағыт» деген экономикалық курсы болған. Сол кезде Америкада жаппай жұмыссыздық болған кезде, адамдарды әлеуметтік жұмыспен қамту қарастырылған. Қазір Қазақстанға осындай экономикалық жаңа бағыт керек. Ол жұмыссыздықтың алдын алу, екіншіден – әлеуеттік жағынан аз қамтылған азаматтарға көмектесу, үшіншіден жаңа, сапалық жағынан басқа жұмыс орындарын ашу.

Сонымен қатар, дағдарысты жаңа мүмкіндік ретінде қарастырып, экономикалық, әлеуметтік жүйемізді трансформациялап, ауыстыру керек. Бұл жерде оның бағыттары өте көп. Соның бірнешеуін анықтап кетсем, біріншіден – еліміздегі газификация мәселесін аяқтау қажет. Өйткені ауылдарда ең негізгі преблемалардың бірі – көгілдір отын. Газ кірген кезде ауылдың әлеуметтік бет-әлпеті өзгерері анық. Сонымен қатар, газификацияның өзі жанама түрде сол жердегі азаматтардың барлығын жұмыспен қамтуға көмегін тигізетін болады.

Екіншіден, білім саласы мен негізгі цивровизация саласын қайта қарау керек. Өкінішке қарай, еліміздегі цифрландыру өте әлсіз платформалардың негізінде қалыптасып жатыр. Сондықтан бізге жаңа, тиімді платформаларды қалыптастыру өте өзекті.

Үшіншіден, еңбектің, меншіктің жаңа формаларын ашу, яғни, бүгінгі таңда біздің елімізде халықтың 95%-ы меншік мәселесінен жұрдай. Халықтың басым көпшілігіне тиесілі ұсақ, меншік формаларын ашу маңызды. Өйткені, әлеуметтік тұрақтылық оны қолдайтын меншік иелері бар кезде ғана пайда болады.

– Уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.