«Барлығымыз еңбек алаңында шаруамыз»: Ерік Жолжақсынов өнері мен қызметі жайлы

Azattyq Rýhy

Ол алға қойған арман-мақсаты және жоспарлары туралы айтып берді

«Барлығымыз еңбек алаңында шаруамыз»: Ерік Жолжақсынов өнері мен қызметі жайлы

Астаналық цирктің бас директоры, актер Ерік Жолжақсынов өнердегі шығармашылығы мен басқарушы қызметіндегі жаңалықтары мен жоспарлары туралы Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Ерік Қалиұлы, алдымен актерлық өнер мен басқару қызметіндегі айырмашылықтарды атап өтсеңіз. Өзіңізге қай салада жұмыс істеген ыңғайлы әрі жақынырақ?

- «Жігітке жетпіс өнер де аз» дейді ғой. Мен аткерлық мен басқару қызметіндегі лауазымды бірге алып келе жатырмын. Актерлық өнер басқару қызметіне дейін болған,актердың  образ шығаруы өзіне байланысты. Айналаңдағы өзге әртістерге де байланысты. Себебі театр, кино болсын ұжымдық жаратылыс. Ол жерде әркім өзі үшін де, серіктесі үшін де жауап береді. Ал цирктегі басқару қызметінің жауапкершілігі өте жоғары. Мен бұл жердің тарақанына дейін жауап беремін. Өнер болғаннан кейін қай-қайсысы болмасын өте үлкен жауапкершілік. Бұл жерде 285 адам еңбек етеді. Цирктің кіреберісінен бастап ішіндегі бүкіл жабдықтарына, жан-жаунуарларына дейін жауап беремін. Тарақандарына дейін деп отырғаным да осыдан.

- Қоғамдағы цирк өнерінің маңыздылығына қандай баға беруге болады?

- Цирк те театр сияқты тұлғалық қасиеттерді қалыптастыратын орта.  Цирк-өте күрделі өнер. Бұл жерде физикалық, психологиялық тұрғыдан жауапкершілік өте жоғары. Себебі жануарлармен жұмыс істеу, оларды бағындыру оңай емес. Күнделікті дайындық мықты болуы керек, гимнаст-акробаттардың жұмысы сызғышпен өлшейтіндей, себебі бір милиметр қателік жасаса, құрдымға кетті деген сөз. Адамның өміріне қаупі жоғары өнер жанры - цирк. Ал бұл өнердің маңыздылығына келетін болсақ, әдемілік, сұлулық, жылқымен шауып бара жатқандағы үйлесімділікті паш ете алады. Тіпті, адам баласы өз тәнін қалай көрсетем десе де, шектеу жоқ. Гимнастикалық, акробатикалық трюк арқылы шексіздікті көрсетеді. Ең күрделі өнер, біз оны өте жоғары бағалауымыз керек. «Инемен құдық қазғандай» дейміз ғой, осы мәтелмен цирктің жұмысын суреттеуге болады. Ал көрерменге сыйлайтыны жарқын эмоция мен сұлулық, көркемділік жеке өз алдындағы шеберлікті қажет етеді. Жан-жануарларға деген балалардың сүйіспеншілігін де оятады. Тазалық пен гармониия, үйлесімділікті цирктан табуға болады.

- Әр салада еңбек адамы бар. Мәдени салада еңбек адамының образы қандай?

- Барлығымыз еңбек алаңында шаруамыз. Қара жұмыс істейтін шаруаның адамымыз. Себебі әр азамат өз жұмысында еңбек етіп, елге үлесін қосып жүр. «Еңбек адамның образы қандай?» деген сұраққа үлкен жауапкершілік деп жауап берер едім. Біреуі өнерде, екіншісі қара жерді қопарып жүр деп бөліп-жаруға болмайды. Әр адам өз жұмысына кәсіби тұрғыдан келуі керек. Өнер адамының да өнерін, еңбегін жақсы көріп, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары болуы керек. Еңбек алаңында ешкім немқұрайлы болмауы керек. Көшені сыпыратын адамның өзі ісінің профессионалы болуы керек.

- Сіздің шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуыңызда ағаңыз Досхан Жолжақсыновтың алатын рөлі қандай?

- Ағамыз Досхан Жолжақсыновтың менің қалыптасуыма тұлға ретінде әсері жайлы айтатын болсақ, мен өзім қарапайымдылықты жақсы көремін, өзімнің қаншалықты тұлға екенімді айта алмаймын. Бірақ өзім жасап жүрген еңбегімді, өнерімді кәсіби тұрғыдан жақсы көремін. Себебі осы сала боынша Мәскеуде мамандандым. Театр мен киноны сүйемін. Қазір циркті әлемге танытып жатырмыз. Астаналық циркті алатын болсақ, әлемдік циркке өз үлесін қосып жатыр. Мен циркті басқаруға 2011 жылы келдім. Жетістігімізді айтатын болсақ, театр мен кино кәсіби деңгейдегі кәсібім болса, цирк өнердегі бөлек жанр. 12 жыл осы қызметте істеп келемін. Астаналық цирктің жетістігі ретінде 2018 жылы қазақ циркінің 50 жылдық тарихында алғаш рет әлемдік деңгейде өткен Монте-Карлодағы халықаралық фестивальге қазылар алқасына шақырылдым. Жыл сайын бұл фестивальге бізді шақырып, әртістер өнер көрсетіп келеді. Бұл – үлкен жетістік. Астаналық цирк кәсіби тұрғыдан осындай жетістікке жетіп жатыр. Бұл – өнерді сүйгеннен болар. Астанада «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі 14 мәрте өтейін деп жатыр. Испания, Италия, АҚШ, Азия елдерінің әртістері қатысады. Енді осы орайда өнерге деген сүйіспеншілігіміз әке мен анадан дарыды. Қанымызда бар болар. Әкеміз домбыра шертіп, суырып салма болды. Анамыз бала кезінде театрда ойнады. Ауылымызға белгілі әншілер мен әртістер келетін. Осының барлығы сүйіспеншілікті ашты. Әкеміз сияқты домбыра да шерттік, анамыз ән айтқан соң ән де айттық. Малды жайлап болған соң анамның қасында жатып «Дуадақ» деген әнді тыңдайтынмын. Осы әндерді тыңдап өстік. Енді Досхан ағамыздың ықпалы туралы айтатын болсақ, мен есейіп, мектепте оқып жүрген кезде ағамыз консерваторияны бітіріп, балалар театрында қызмет етті. Сол кезде бірде-бір спектакльді жібермейтін едім. Үлкен ықылас пайда болды. Олардың грим жасағаны, сахналық киімдерін тамашалап, 8-9-10-сыныптарда театрдан шықпадым. Өнерге ананың сүті, әкенің қаны, ағамның осындай өнердегі еңбегі арқылы келдім, қалыптастым.

- Басқарушы маман ретінде қол астындағы шығармашылық топқа қандай үміт артасыз? Қандай жоспарларыңыз бар? Жалпы цирк жайлы да айтсаңыз болады.

- Басқарушы адам ретінде қол астымдағы шығармашылық топқа арататын үмітім зор. Жоспар да көп. Бірге қызметте болғаннан кейін 285 қызметкермен етене байланыстамыз. Өрт сөндіруші, техникалық қызметкер, аула сыпырушы, жануарларға қарайтын мамандар бар. Күнделікті дайындық болғаннан кейін ұжымға деген үміт те жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында мәдениет және спорт саласы қызметкерлерін қолдау туралы тапсырма берді. Бүгінгі таңда жалақыны арттыру мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Техникалық тұрғыдан қондырғылар мен жабдықтар бойынша  Мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп жатыр. Ал әртістер үмітті ақтап, шабандоздарымыз Мажарстанға, одан әрі Голландияға кетеді. Әртістеріміз Түркияға, одан әрі Францияға кетеді. Қызметкерлер осылай әлемді аралап жүр. Бұл- шығармашылық ізденіс, Астаналық цирктің әлемдік өнерге қосып жатқан үлесі. Өнер болған соң адам да өседі, дамиды. Әлемді шарлап, шығармашылық байланыста болу басты мақсат. Жоспарымыз өте көп. 29 сәуір мен 28 мамырға дейін қырғыздың циркі келіп жатыр. 1 маусым – Балалар күніне арналған бағдарламама, елорда күніне арналған әр концертке бағдарламалар бар. Тамызда «Азия жаңғырығы», қыркүйек-қазанда Мәскеу циркі, қараша-желтоқсанда Якут мемлекеттік циркінің бағдарламасы қойылады. Жақында Якутияға барып қайттым. Ұлттық тұрғыдан кәсіби деңгейде шоу жасаған. Сол шоу бізде қойылады. Тәуелсіздік күніне орай мерекелік бағдарлама, жаңа жылға да солай қойылымдар бар. Ұжымымыз үмітті ақтап жатыр. Ұлттық құндылықты жаңғырту, балалардың мейірімді етіп тәрбиелеу сынды мұхитқа тамшы ретіндегі үлесімізді қосып жатырмыз. Цирктің бір ерекшелігі – Қазақстанның Туы көтеріледі. Қазақстанның Туын шетелде көтерілген кезде кеудемізді мақтаныш керетіні де рас.

- Астана қаласында 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама бар. Цирктағы өнер қызметкерлерінің жалақысы өмір сүру деңгейіне сәйкес келе ме?

- Жалақы туралы айтатын болсақ, кейде айлығымыз шайлығымызға жетпей жатады. Мәдениет пен спорт саласында жалақыны көтеру өзгерісті қажет етеді. Дегенмен жалақыны арттырып жатқанын сезіп жатырмыз. Әлі де артады деген үміттеміз. Себебі өнер азаматының атқарып жатқан еңбегі- ұшан-теңіз.

- Гастрольдік сапарлар қаншалықты жиі болады?

- Гастролдік сапарлар әлем бойынша бөлінеді. Цирк әртісінің негізгі мақсаты әлемді шарлап, елді таныту деп те айтуға болады. Біздің әртістер де Якутияға баруы мүмкін. Мүмкін, көршілес елдерге барамыз. Себебі шақырту өте көп. Қазір әртістер әлемді аралап жүрген соң, олардың басын қосу күрделі. Астаналық цирктің өнеріне сұраныс өте көп. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ұжымбыз.

- Актер, өнер адам ретіндегі арманыңыз қандай?

- Актер, өнер адамы ретінде арманыма келетін болсам, «Армансыз адам, қанатсыз құс» дегендей, киноға түсіп, кино түсірсек деген арманымыз бар. Ал адам ретінде ел мен жердің тыныштығы, балалардың өсіп-өркендеуі. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болып, жұрт ішіндегі тыныштықты қалаймыз.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.