$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.06.2023, 14:15
Сұхбат

Журналист ретінде шыңдалуыма қоғамдағы проблемаларға қатысты «бұған көнуге болмайды» деген ой әсер етті – Жайна Сламбек

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

Журналист ретінде шыңдалуыма қоғамдағы проблемаларға қатысты «бұған көнуге болмайды» деген ой әсер етті – Жайна Сламбек

Журналистер күніне орай қазақ телевизиясында аты бар кәсіпқой журналист Жайна Сламбекпен бүгінгі журналистикадағы, қоғамдағы проблемалар туралы аз-кем әңгімелескен едік.

- Қазақ журналистикасына не жетіспейді? Біздегі журналистикаға қандай баға бересіз?

- Қазақ журналистикасына қазір зерттеу материалдары жетіспейді. Түбінен қопару, ұңғыл-шұңғылына, қатпарларына үңілу - осы жанр бізде ақсап жатыр деп есептеймін.

- Мінсіз журналистика қоғам алдында қандай функцияларды атқарады?

- Ешнәрсе кіршіксіз емес. Кіршіксіз болуға ұмтылыс бар деп ойлаймын. Журналистиканың функционалдық міндеттерін журфакта білім алған кез келген маман біледі. Бірақ ақпараттың ағынын «құмсағаттай сырғыған» деген сипаттама да дәл бере алмайтын қазіргі уақытта «Мінсіз журналистика қайсы?» деген сұраққа жауап беру қиын. Бірақ соған қарамай қарапайым қағидалар қалады. Ақпаратпен қамтамасыз ету(барынша тексерілген), бейтарап болу, оқиғаға немесе конфликтіге қатысты барлық тарапты беру деген қағидалардың сақталуы - аса маңызды.

- Журналистика қоғамның алдында жүруі керек немесе қоғаммен қатар болуы керек деген әрқилы пікірлер бар. Журналистика ағартушылық функциясын атқаруы керек пе?

- Біз сияқты төрт құбыласы түгел емес мемлекетте журналистиканың ағартушылық функциясы өте маңызды. Жалпы журналистиканың азаматтық қоғам, азаматтық мәдениет қалыптастырудағы рөлі аса зор. «Жұрттың көзін ашу» деген біртүрлі пафосты естіледі. Былай қарасаңыз, сауатсыз адам жоқ та. Бірақ жалған ақпараттардың жетегінде кетпеуге, анализ жасай білуге, мәселелер мен құбылыстардың қатпарларына үңіле білуге журналистика көмектеседі. Жер шарында біз ғана өмір сүріп жатқан жоқпыз, 200 мемлекеттің бәрімен демей-ақ қоялық, өз өңіріміздегі елдермен қаласақ та, қаламасақ та араласатынымызды, «геосаяси ойындар» барына, осы нәрселердің барлығына кешенді қарауға да жетелейді. Иә, ересек адамды бірнәрсеге «оқыту» былай қарасаңыз, нонсенс, пәтуасы жоқ шаруа сияқты.

Дегенмен, сонымен бірге саясатқа байланысты сұрақтарды былай қойғанда, әлеуметтік проблемалар, руханиятқа байланысты алаң көңіл бар. Қордаланған мәселелер. Тіпті кейді шешілмейтіндей көрінеді. Бірақ біз уайымның жетегінде кетпеуіміз керек. Журналистер бейтарап болуы тиіс деп қанша жерден айтсақ та, менің ойымша, ішкі жан дүниесі осы ел өркендесе деген ұстанымнан тұратын журналистердің көп болғаны өте маңызды. 

- Сіз көтеріп, содан кейін шешілген проблема туралы есіңізде қалып қойған материалыңыз? 

- Мың сан мәселе көтерілді. Әсіресе, анабір «тоқырау» жылдары. Бірақ мәселелер көтерілгенмен шешілмеді. Мәселен, саяси реформалардың қажеттігі туралы. Ең құрығанда айтылса деген заман болды. Тіке айта алмасам, сөз бен сөздің арасына «қыстырып» келтірсем, түсінікті бола ма? деген кездер... Нақты есте қалған оқиға десеңіз, Түркістан облысындағы Бағыс ауылының проблемасы. 20 жыл бұрын Өзбекстанмен шекара айқындалғанда көтергенмін. Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақтағы тілші тағы сол мәселелерді қозғайтын материал жасауды ұсынды. Әрине, «қанын сорғалатып» эфирге бердік. Сол күннің ертеңіне үкіметтен делегация ұшып барғанын ауылдың адамдары өздері хабарлап айтқан болатын.

- Журналистикадағы кейбір хабарларды әнші-әртістердің тізгіндеуі журналистика үшін проблема ма, әлде қалыпты жағдай ма?

- Ойын-сауық бағдарламалары арнайы бір бағытты ұстанбаса, кез келген телеарнада болатын контент. Мысалы, біздің арна тек қоғамдық-саяси арна емес. Түрлі жанрда хабар ұсынамыз. Мысалы, демалыс күндері шығатын бағдарламалар бар. Ал енді оларды жүргізетін тізгіншілеріне келсек, әрбір бағдарламаны жеке алып қарау керек шығар. Егер талдап қарасақ, ойын-сауық бағдарламасын кез келген журналист жүргізе алмауы мүмкін. Журналистиканың бағыты, ұстанымы басқа ғой. Икемі де келмеуі мүмкін. Жалпы, ойын-сауық бағдарламаларында журналистика жоқ.  Иә, біз неғұрлым терең ойлайтын, өмірін сапалы қылғысы келетін қоғам құруға ықпалдасуымыз керек. Сондықтан ойын-сауық бағдарламаларының өзегін интеллектіге «байлау», интеллектісі жоғары журналистерге тізгін беру – ойда жүретін мәселе. 

- Көңіл көтерушілік бағыттағы хабарлардың алдыға шығуы рейтинг қуудан шығып тұрған жоқ па?

- Рейтингке байланысты мені мазалайтын сұрақ көп. Мазмұны терең танымдық, ағартушылық бағыттағы хабарлардың рейтингісін көріп, осыны неге көрмейді екен деп қапаланасың. Әлеуметтік желілерде жерден алып, жерге салып жатады: «Ойын-сауық қана бересіңдер, дұрыс хабар бермейсіңдер» деп. Шын мәнінде мен ол кісілермен пікір таластырар едім. Қоғамдық, әлеуметтік, культурологиялық, танымдық хабарлар бар. Бірақ ондай хабарларды көріп, пікір білдіріп жатқан көпті байқамадым. 

- Журналистикада шыңдалуыңызға әсер еткен ұстазыңыз болды ма?

- Менің журналист ретінде шыңдалуыма қоршаған қоғам, ондағы мәселелер ықпалдасқан сияқты. «Неге? Бұл дұрыс емес. Бұған көнуге болмайды ғой» деген сұрақтар әсер етті... Жалпы ешкімді пір тұтпау керек. Ешкім кіршіксіз емес. Әркімнің өз жолы бар. Біреуді үлгі тұту, сол сияқты болуға тырысу - менің ойымша езу тартқызар дүние.

 

- Ойын-сауықтық бағдарламаларды неге әнші-әртістер тізгіндейді?

- Ойын-сауықтық бағдарламалардан астар мен терең мағына іздеудің қажеті жоқ. Соған сәйкес оны журналист жүргізе алмауы да мүмкін. Оның икемі келмеуі мүмкін. Сол ойын-сауық жанрындағы адамдардың жүргізуі қисынды шығар.

- Журналистика саласында жетістікке қалай жетуге болады?

- Кез келген сала қиын. Барлық салада да маңдай тердің арқасында жетістікке жетесің. Жетістік деген не ол? Жетістік деген – өзіңе сәл-сәл қанағаттану деп ойлаймын. Сондай-ақ мен мынандай ойды басшылыққа аламын. Менің балам – осы елдің азаматы. Оның бақытты болуы үшін мен не істей аламын? Мен соған сәйкес еңбек қылуым керек. Соған сәйкес жұмыс істеуім керек деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бақытжан Баймахан

Серіктес жаңалықтары