$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.04.2023, 15:10
Сұхбат

«Кәсіпқой командаларға ауысқан жігіттер бар»: отандық шағын футбол ойыншысымен сұхбат

Әуесқой футбол сан түрлі мамандық иелерінің басын қосты

«Кәсіпқой командаларға ауысқан жігіттер бар»: отандық шағын футбол ойыншысымен сұхбат

Мини-футболдан Қазақстан ойыншылары әлемде өздерінің мықты екендіктерін әлдеқашан дәлелдеген. Футзалдан өтіп жатқан халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасы бірнеше рет үздіктердің қатарынан көрінген. Премьер-лигада ойнап жүрген жігіттердің арасында көшеден қосылған, яғни әуесқой ойыншылар да бар. Әуесқой футболшылар өздерінің осал емес екендіктерін үнемі дәлелдеп келеді. Жуырда ел көлемінде премьер-лиганың ойыны басталды. Турнирде екі мыңға жуық футболшы ойнайды. Azattyq Ruhy тілшісі әуесқой футбол командасының жаттықтырушысымен сұхбаттасып, пікірін тыңдады.    

MFL (шағын футбол лигасы) премьер-лига ойыншысы Ғалым Меркібайдың әуесқой футболда жүргеніне 10 жылдан асқан. Ол үлкен футболдан «Қазақстан Ұлттық құрамасы жетпеген жетістікке, әуесқой ойыншылар қол жеткізіп жатыр» деп санайды.

«Әлем бойынша Қазақстан әуесқой футболының беделі жоғары. Әлем бізбен қатты санасады. Бұйырса, біздің жігіттер әуесқой футболдан әлем чемпионы болады. Жақында шағын футболдан финалда Румынияны жеңіп, Еуропа чемпионы болып келді. Молдовада өткен турнирде Қазақстан шағын футбол құрамасы Румынияны 2-1 есебімен жеңді.  Мысалы, Өзбекстанда әуесқой футболдан чемпион болу үшін кәсіпқой футболшыларын қосқан. Бізде әуесқой футбол ойнап жүріп, кәсіпқой командаларға ауысып кеткен жігіттер бар. Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Тоқаев Жомарт сынды жігіттерді әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналды десек артық айтқандық емес. Олар әу баста әуесқой ойыншылар болған. Кәсіпқой футболдың жетекшілері әуесқой футболшының ойынын қарайды да, мықтыларын, үздік, сұр мергендерін кәсіпқой футболға алып кетіп жатады», -деді жаттықтырушы.

Оның сөзінше, әуесқой деген аты болмаса, командадағы жігіттер кәсіби ойыншылардан кем емес. Әуесқой футболға отбасы, жұмыс, тағы басқа да әртүрлі себептермен кәсіби футболға өте алмай қалған, бірақ осы спорт түріне қызығушылығы өте жоғары адамдар келеді. «Әуесқой футбол сан түрлі мамандық иелерінің басын қосқан тамаша орта дейді» ол.

«Мысалы, біздің командада мұғалім де, бухгалтер де, қонақ үй әкімшісі мен күзетші, диспетчерлер, жол қауіпсіздігінің мамандары мен студенттер де бар. Кәсіпқой футболдан айырмашылығы, мұнда келісімшарт болмайды. Сондықтан ойыншылар бір командаға байланбай, қалаған тобына ауыса алады. Біз әуесқой футболға кәсіби футболшыдай көңіл бөлеміз. Сенбі-жексенбі күні түскі 12-де ойын болатын кезде, бүкіл шаруамызды ысырып қойып, арнайы уақыт бөліп келеміз, қатысамыз.  Футбол адамның бойына сіңіп кететін әдет. Бір-екі апта футболға бармасаң, бір нәрсе жетпей тұрғандай көңіл-күйің бұзылып, жаның жай таппай кетеді. Кейбір адамдар демалысында тауға шығады, кейбірі балық аулайды, ал біз футбол ойнап, демаламыз», - деді 27 жастағы футболшы Ғалым Меркібай. 

Ғалым қазір «Қазаэронавигация» әуесқой футбол командасының капитаны, әрі жаттықтырушысы. Оның ойынша, футбол – адамдарды бір-бірімен таныстырып, өмірлік дос-жаран тауып беретін орта. Бір командаға жан-жақтан өз еріктерімен жиналған жігіттер  қиындықта бір-бірлеріне қолы ұшын беріп, отбасы болып араласып та кетеді. 

«Мұнда кәсіби футболдағыдай өзінің ережесі бар. Жаттығу уақытынан қалмай келуге міндеттісің. Сенбі-жексенбіде ойын болады. Командалар бірдей формасын киіп алаңға шығады. Темірдей тәртіп пен төрешіге бағынады. Енді есіме түсіп отыр, ұжымдағы бір жігіттің басына қиындық туып, баспанасынан айрылып қалатын жағдай болды. Сол кезде команда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қомақты қаражат жинап берді. Солай бір адамның таудай мәселесі футбол табыстырған көп жанның арқасында демде шешілді. Жұмыс табу жағынан да бір-бірімізге жәрдем беріп тұрамыз. Мұнда жүргеніме 5 жыл өтті. Оған дейін әртүрлі командаларда ойнадым. Аталған спортта 10 жылға жақын тәжірибем бар. Ең алғаш рет 2013 жылы «Жетісу» футбол командасына қосылдым. Кейін «Дельта» командасына шақырып, сонда 1 жылдай ойнадым. Өкінішке қарай, ол жерде «чемпион болуға» ұмтылыс, мақсат болмады. Ал менің футбол әлемінде биікке көтеріліп, жеңіс тұғырынан көрінсем деген арманым болды. Сондықтан топтан шығып, достарымның ұсынуымен «Kaztour» футбол командасына барып, өзімнің ойыншы ретіндегі машығымды дәлелдедім. Жаттықтырушыға ойыным ұнады. «Kaztour-да» 3 жылдай жүрдім. Турнирлерді сәтті өткізіп, жетеміз деген мақсатқа біртіндеп қол жеткіздік. Бірақ демеушілік жағында мәселе туындап, топты таратып жіберді.  Қазір «Казаэронавигация» футбол командасындамын. Турнирдің жарнасын төлеу, футболшылардың формасы мен аптасына екі рет дайындыққа алаңды жалға алып беру кәсіподақтың мойнында», - деді әуесқой ойыншы.

Ғалымның айтуынша, MFL құрамында 2013 жылдары 20 шақты футбол командасы ғана болған. Ал қазіргі күні бәсекелес күшейген. Кәсіби командалардан кем емес топтардың саны 100-ден асады. Бұл өз кезегінде елдегі футболды дамытып қана қоймай, мықты ойыншылардың іріктеліп шығуына да мүмкіндік береді деп санайды ол. 

«Уақыт өткен сайын командалар да шыңдалып, жетістікке жетіп келеді. Мысалы, біз 2021 жылғы көктемде Б лиганың чемпионы атансақ, күзгі турнирде бірінші орын алып, А тобындағы лигаға көтерілдік. А лигадан премьер-лигаға өту үшін алғашқы үш орынның біріне ие болу керек. Біздің командада кәсіби футболдан келген жігіттер жоқ. Бәрі футболды хобби ретінде алып жүргендер. Сондықтан А-дан премьер-лигаға өту біз үшін өте қиын болды. Алайда 2022 жылғы күзгі турнирде, араға үш маусым салып, ақыры дегенімізге қол жеткізіп, ең үздіктер ойнайтын премьер-лиганың ойыншысы атандық.

Биылғы 1 сәуірде басталған жарыста премьер-лигада екі ойын көрсеттік. Бірін ұттық. Турнир маусым айының аяғына дейін созылады. Қай орынға шығатынымызды алда көреміз. Жеңістен үмітіміз зор. Бір турнирге 2 мыңға жуық адам атсалысады. 100 команданың арасынан үздік шығу деген біз үшін үлкен жетістік болмақ. Қазір премьер-лигада 14 команда жарысып жатыр. 13-20 рет ойын көрсетеміз. 20 ойынға қатысудың жарнасы – 430 мың теңге. Әуесқой футболдың болашағы жарқын екеніне сенем. Әлем біріншілігінде чемпион атануға мүмкіндік бар», - деп сұхбатын аяқтады Ғалым Меркібай.

Серіктес жаңалықтары