«9 жыл жұмыс істеген өрт сөндіруші 270 мың теңге алады»: құтқарушылар жалақының көбеюінен үмітті

Астана қалалық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінде 278 лауазым бос тұр

«9 жыл жұмыс істеген өрт сөндіруші 270 мың теңге алады»: құтқарушылар жалақының көбеюінен үмітті

Былтыр күзде Қостанай облысындағы алапат орман өртінен кейін депутаттар мен қоғам белсенділері өрт сөндірушілердің өлшеусіз ерлігін атап, олардың жалақысын, жалпы, әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарту туралы ұсыныстар айта бастады. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі мекемесінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенаты Нұрсұлтан Ошақбаев өрт сөндірушілердің жалақысы, олардың күнделікті жұмысы мен ерлік жасап қаза тапқан батырлар туралы пікірін білдірді.

-Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстар қызметінде қазір неше адам еңбек етіп жүр? Жалпы, кадр тапшылығы бар ма? Жыл сайын шамамен неше жаңа маман жұмысқа келеді?

- Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық құтқару-қызметі мемлекеттік мекемесінде штат бойынша 1 729 адам жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда 1 450 қызметкер жұмыс істеп жатыр және 278 бос лауазым бар. Жыл сайын шамамен 70-80 жаңа адам келіп отырады.

- Осы ауыр жұмыс иелерінің қазір алып жүрген жалақысы қандай? Былтыр Қостанай облысында болған төтенше жағдайдан үкімет өрт сөндірушілердің жалақысын өсіруге уәде берген еді, уәде орындалды ма?

- Иә, бүгінгі таңда жалақы мәселесі әлеуметтік тұрғыдан шешілмей тұрған күрделі мәселенің бірі болып тұр. Дегенмен, «Үкімет қызметкерлердің жалақысын жетпіс пайызға өсірді, оған мемлекет басшысы қол қойды» дейді. Күтеміз. Ал, қазіргі таңда бізге келген өрт сөндірушілердің бастапқы жалақысы 195 мыңнан басталады. Құтқарушылардікі 300 мың теңгеден басталады. 3-5 жыл жұмыс істеген қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгенің шамасында, 9 жылдан жоғары жұмыс істеген қызметкерлердің жалақысы 270 мың теңгеден жоғары. Жалпы, жалақы мәселесі Қостанай облысында болған өрттен кейін емес, көптен бері көкейде жүрген сұрақ болғандықтан, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жалақысы Президенттің тапсырмасына орай өсіп жатыр. Ал, Қостанай облысындағы алапат өртті сөндіруге барған өрт сөндірушілерге сол кезде 400 мың теңге көлемінде сыйақы берілген. Барлығы сыйақыны 100 пайыз алды. Еңбегіміздің еленгені үшін алғыс айтамыз.

- Жалақыдан басқа, өрт сөндірушілерге қандай әлеуметтік төлемдер қарастырылған?

- Жалақыдан басқа, бізге ешқандай әлеуметтік төлем берілмейді. Дегенмен, бұл мәселе де оң шешімін табады деп үміттенеміз.

- Кадрларыңыздың денсаулығын бақылауда ұстап, жақсарту үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Кадрлардың денсаулығын бақылауда ұстап, жақсарту үшін Астана қаласында қандай да бір шаралар өтетінін өзім естіген жоқпын. Ішкі істер министрлігінің госпиталі бар, қызметкерлер сол жақта тегін емделеді.

- Ал Астана қаласы ТЖД қарасты өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасы қандай? Жаңа техникамен қамтамасыз етуде проблемалар бар ма?

- Астана қаласы ТЖД материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 2020 жылдан бастап 2022 жылдың маусым айына дейін жаңадан 58 бірлік техника алынып, өрт сөндірушілердің киімі мен қару жарақтары жаңартылған. Сол кезде бір марқайып қалған едік. Енді алдағы уақытта тағы да жаңадан техника сатып алынады деген жоспар бар. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласындағы ТЖД техникасы 90 пайызға жаңартылған. Ең ескі техника – 2016 жылғы деп айтсақ болады.

- Күні кеше арнайы тақтайша орнатылған Асқар Забикулиннің ерлігі мен есімі естен кетпейтіні анық. Асқар сияқты күнде өз өмірін қауіпке тігіп жүрген бүгінгі күннің батырлары туралы сөз етсек: қиын сәтте адамдарды құтқарып қалған әріптестеріңіз туралы бірнеше мысал айта аласыз ба?

- Қыршыннан кеткен Асқар Серікұлы Забикулин бауырым ерлік жасап, өз өмірін қатерге тігіп, қызметіміздің адалдығын, қызметімізге деген сүйіспеншілігіміздің қандай екенін елге көрсетіп берді. Бұндай батырларымыз өте көп. Ең бастысы, сол батырларымыздың үйіне аман-есен оралуы. Мен өрт сөндіру қызметінде жүрген әрбір өрт сөндірушіні батыр деген атқа лайық деп санаймын. Өйткені, әрбір өрт сөндіруші өз ауысымына жұмысқа келген кезде 2-3 шақыртуға барады. Оның ішінде, дала өрті де болады, үйдегі өрттер де болады. Болмаса, биік ғимараттарды түтін басып кетеді, көбінесе, осы қою түтін қауіпті. Міне, Қазақстан бойынша жұмыс істейтін 19 мың құтқарушының әрқайсысын батыр деп санар едім. Асқар марқұм туралы айтсақ, оның есімін ұмытпай, елеп жатқан, отбасына көмек беріп жатқан Үкіметке рақмет. Мысалы, күні кеше Алматы облысында Асқар Забикулин атындағы мектеп ашылыпты. Астана қаласындағы құтқарушылар саябағында Асқар Забикулин атындағы тақтайша ашылды. Қараөткел кентіне Асқар Забикулинге көше берілді. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен Астана қаласындағы алтыншы маманданлырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулинның аты берілді. Әттең, батырды қайтара алмаймыз, бірақ, ер есімі ел есінде.

- Осындай ерлік жасаған азаматтарға министрлік пен Үкімет тарапынан қандай марапат, қолдау жасалады? Яғни, ынталандыру тұрғысынан айтар болсақ.

- Жалпы, жеке өз атымнан және барша құтқарушылар атынан айтсам, біз үшін марапат, сыйақы дегеніміз – біз құтқарып, аман қалған әрбір адамның шынайы рақметі. Осыдан асқан сый, марапат қажет емес. Өйткені, біз қандай жұмыс екенін біліп келдік, біздің бастапқы миссиямыз да осы – адамды ажалдан арашалу, от пен судан арашалау. 

- Нұрсұлтан мырза, сұхбатыңызға рақмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.