Әкенің тәрбиесін ешбір институт та, тәлімгер де бере алмайды - «Әкелер кеңесінің» төрағасы

Azattyq Rýhy

Кеңестің  құрамында 100-ге жуық әке бар

Әкенің тәрбиесін ешбір институт та, тәлімгер де бере алмайды - «Әкелер кеңесінің» төрағасы

Бүгінде әкенің орнын, оның отбасындағы рөлін қоғам болып қайта жаңғырту маңызды. Мемлекеттің отбасы саясатының басты мақсаты жанұядағы ана, бала, әке, атап айтқанда, әрбіріне айырықша қолдау көрсету. Әке - әр перзент үшін орны бөлек асқар тау. Балаға – қорған. Ол отбасының асыраушы тірегі. Әрбір әке өзінің орнын, міндетін ұрпақ алдындағы парызын сезіну керек. Осы орайда әке беделін нығайту мақсатында Астана қаласы Білім басқармасы жанынан Әкелер кеңесі құрылды.

Астана қаласының «Әкелер кеңесінің» төрағасы және С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы «Әкелер кеңесінің» төрағасы, 5 баланың әкесі Жалғас Құспеков Azattyq Ruhy тілшісіне Елордадағы әкелер кеңесінің жұмысын айтып берді.

Көпбалалы әке ең алдымен кеңестің қалай құрылғанына тоқталып өтті.

«Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Әкелер кеңесі осыдан 4 жыл бұрын Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ашылды. Кеңестің  құрамында 100-ге жуық әке бар. Жалпы Астана бойынша алғаш рет Әкелер одағы № 59 мектеп-лицейінің базасында қоғам қайраткері, танымал қазақстандық меценат болған Қуаныш Жұматаевтың бастамасымен 2012 жылы құрылған болатын. Аталмыш мектептің директоры жиналысқа тек аналар ғана келгенде,  әкелерді жинап сол бастаманы көтерген еді. Көзі кетсе де Қуаныш Жұматаев бастаған жобаның жұмысы жалғасып, бүгінде қоғамдық қор республикалық деңгейге көтерілді. Сөйтіп, әкелердің балаларды тәрбиелеуге белсенді қатысуын насихаттау және әкелерді оқу орындарының қызметіне белсенді қатысуға тарту, сондай-ақ әке болудың беделін нығайту мақсатында құрылған ұйым еді. Бүгінде осы миссиясынан жаңылмай Елордадағы барлық мектепте Әкелер кеңесі жұмыс істеп келеді», - деп ұйымның құрылу тарихын қысқаша баяндап берді.

Жалғас Хайроллаұлы мұндай ұйым Елордада ғана емес еліміздің әр мектебінде болу керек дейді. Өйткені көптеген әке бала тәрбиесіне келгенде қалыс қалып жатады. Міндеті тек табыс тауып, отбасын асырау ғана деп, барлық жауапкершілікті ананың мойнына артып қойған. Бала тәрбиесіне ана мен әке бірдей атсалысу қажет.

«Сөзіме дәлел болсын 5 баланың әкесімін. Студент 2 қызым бар, 3 балам мектеп оқушысы. 1 сыныптан бастап балаларымның ата-аналар жиналысына мүмкіндік болған жағдайда өзім барамын. Сол кезде байқағаным жиналыста кілең аналар отырады. Әкелер бірді-екілі келеді. Міне, мұның өзі барлық жауапкершілік ананың мойнында екенінің көрінісі. Егер әке уақытысында баланың тәрбиесіне атсалыспаса, ертеңгі күні кеш болатынын түсінбейді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген бар ғой әкенің тәрбиесін көрмеген ұл мінезсіз, қыз мейірімсіз болмақ. Кішкентайынан әкенің махаббатын көрмеген қыз баланың өмірі бұзылуы мүмкін. Өйткені әке бермеген махаббатты басқадан іздеп алданып қалып жатады. Десе де, бұл тенденцияны бұзу үшін біз әкелер кеңесін құрып, бүгінде өнімді жұмыс істеп келеміз. Айтып өткенімдей бұрын ер адамдар бала тәрбиесіне араласа қоймаса, қазір алдыңғы жылдарға қарағанда белсенділік танытуда. Өйткені әкенің институтын құрып жатырмыз. Әкенің берген тәрбиесін ешбір институт та, ешбір тәлімгер де бере алмайды»

Сонымен қатар, көпбалалы әке Білім басқармасы тарапынан Әкелер кеңесіне көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп тұратынын айтты. 

«Жас әкелерге өнеге көрсетіп, әке мен бала, мектеп үш жақтан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің кеңесте жас әке, көпбалалы әке, жалғызбасты әке және де аталарымыз да бар. Олар да осы әкелер кеңесінің дамуына өздерінің білгендерін, ақылдарын айтып, үлестерін қосып жүр. Қалалық Білім басқармасының бастамасымен «Менің әкем – волонтер» челленджі, «Ел тағдыры-ата тағдыры» бейне - stories, «Рахмет саған, туған ел!», әкелер мен жастардың арасында демо-күн, «Менің отбасым!», new release «Ұстаз жолы-ұлы жол», «Әкелер тарту» челленджі, «Өнегелі әке» кездесуі әкелердің белсенділігін және оларға қатысуға тікелей ниетін көрсетеді. Мәселен, күні кеше Білім басқармасы педагогикалық кеңес өткізді. Соған әкелер кеңесінің мүшелерін шақырды. Мен де бардым. Ол жерде әкелерге қатысты өзекті тақырыпта тренингтер өтті. Міне, осындай қажетті тренингтер мен шараларды жиі өткізіп тұрамыз», - дейді ол.

Жалғас Құспеков «Балаңды тәрбиелеймін десең, өзіңді тәрбиеле» деген ұстаныммен өмір сүремін дейді.

«Ер адамдар ойын құмар болып кетті. Өздері ойын ойнап отырып, балаларын шектегісі келеді. Олар технология заманында өздерін жоғалтып, бала кейпінен шыға алмай қалған. Сөйте тұра, баласына бірнәрсе үйреткісі келеді. Қазақта айтады ғой барлық нәрсені өзіңнен баста, себебі баланы қанша үйретсең де бәрібір саған ұқсап өседі деп. Сондықтан, әрбір әкеге өзіңді тәрбиеле деп айтқым келеді.

Қоғамдық жұмыстармен көп айналысатын Жалғас Құспеков әр балаға ерекше көңіл бөлетінін айтты. Олардың әсіресе, ұялы телефонға тәуелді болғанын қаламаймын дейді.

«Мобильді телефон қазір балаларымызды құртып жатыр. Тек қажет кезде ғана қолданса деймін. Балалаларым бастауыш сыныпта оқығанда апайлары телефондарын жинап алып, сабақ біткен соң беретін. Сол маған ұнайтын. Уайымдамай, сенімді болатынмын. Сабақ барысында балаға оның қаншалықты қажеттілігін білмеймін, бірақ мектеп қабырғасында оқушы білім алу керек деп есептеймін». 

Сондай-ақ, ұстаз мәртебесінің қоғамдағы рөліне де алаңдатушылық білдірді. 

«Біз, ата-аналар, ұстаздарымызды өкінішке қарай өзімізбен теңестіріп, болмаса өзімізден төмен түсіріп тастағанбыз. Біздің уақытымызда үйге мұғалім ұрды деп келсең үйде тағы таяқ жейтінсің. Одан да үндемей келген артық деп мұғалімге бағынатынбыз. Мәселен, әлі күнге дейін ұстаздарымыз тірі. Ол кісілерді көргенде әке-шешелерімізді көргендей сыйлаймыз. Ұстаздың мәртебесі биік болу қажет. Қазір үш балам оқушы. Үнемі ұстазды тыңдаңдар деп отырамын. Қашанда ел болатын елдің ұстазы биік тұруы керек».

Қазіргі қоғамдағы қынжылатын тұсымыз әкенің беделі мен рөлі төмен болып тұр. Әкелер одағынының мақсаты әкенің беделін көтеру.

«Әке - асқар тау. Әке дегенде  әр баланың көз алдына арқа сүйер қорғаны елестеу керек. Бала қандай жағдай болмасын әкесіне арқа сүйей білгені жөн. Бұрын ер баланың түсінігінде әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі ерекше еді. Анамыз әкеміздің қабағына қарап тәрбиеледі. Мысалы: «Әкең келе жатыр», «әкең біледі», «әкеңнен сұран», «әкең келгенде тамаққа отырамыз» деген секілді қарапайым ғана қағиданы біздің санамызға аналарымыз құйып өсірген. Ал, қазіргі кезде салыстырып қарасақ, әрине айырмашылық көп. Қазіргі таңда, әкенің рөлі сәл төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеге емес, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл мінезді, намысты болып өсуі үшін, мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда ғана бала әкесіне қарап бой түзейді. 

Әрине, барлық қоғамды түзете алмайсың. Бірақ бір-бірімізді түзеуге тырысып келеміз. Мұның өзі үлкен жетістік деп білемін. Кеше тренингте жақсы бір сөз естідім. Әр ұлт өзінің ата бабаларымен мақтанады. Біз қазақ батырларымызбен, руымызбен мақтанамыз. Біздің балаларымыз біз жайлы немен мақтанады деген сұрақ қойды. Сол кезде ойланып қалдым. Яғни,  балаларымыз бізбен мақтанатындай, бізді үлгі қыларлықтай із қалдыруымыз қажет», - деп өз сөзін аяқтады Жалғас Хайроллаұлы.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.