Әйелдің функциясы бала туумен шектелмейді – Toyes компаниясының бас директоры

Гүлмира белгілі түрік компаниясын басқарып отыр

Фото автордан

Қазір қазақ әйелдері ғылымды да, саясатты да, бизнес пен отбасылық өмірді де қатар алып жүр. Қоғамның қай саласында болсын, өз ісінің үздігіне айналған қыз-келіншектер сіздің таныстарыңыздың арасында да бар екені сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкер – еңбегі мен білімінің арқасында еден жуушыдан, үлкен компанияның бас директор лауазымына дейін жеткен жан. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Azattyq Ruhy тілшісі қоғамдық тамақтану және тазалық қызметін көрсететін Toyes компаниясының бас директоры Гүлмира Нұпбаевамен сұхбаттасып қайтты.

Еден жуушыдан бас директорға дейін

Гүлмира Нұпбаева Семей облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. Негізгі мамандығы — журналист. Студенттік кезі қатал тоқсаныншы жылдарға тап келіп, күнкөріс үшін газеттегі жұмысын, еден жуушыға алмастырған.

«Алматыда Халықаралық журналистика инстиутында оқыдым. Оқуымды бітірген соң «Алматы ақшамы» газетінде жаңалықтар колонкасын жүргізетінмін. Ол жердің жалақысы аз болғандықтан, жұмысымды ауыстыруға тура келді. 96-шы жылдары  Қазақстанға түріктер келіп, түрлі компаниялар ашып жатқан кез еді. Ал мен студент кезімде түрік тіліне қызығушылық танытып, сол тілді меңгеріп алғанмын. Содан жиһаз сатумен айналысатын түрік фирмасына еден жуушы болып орналастым. Менің түрікшемді байқаған басшылар хатшы болуды ұсынды, одан «сенің түрікшең жақсы екен, аудармашы бол» деді. Екі жыл аудармашы болдым. Одан перде сататын түрік фирмасы ашылды. Ондағы басшылар «есеп-қисапқа жақсы екенсің» деп бухгалтер қызметін берді. Журналистика жайына қалды (күліп)», - дейді Гүлмира.

2013 жылдан бастап Гүлмира республиканың түкпір-түкпіріндегі түрлі мұнай компанияларында жұмыс істейтін шетелдік және жергілікті жұмысшыларды тамақтандыру, киім-кешектерін жуып, үтіктеп, бөлмелерін жинау қызметін көрсететін компания басшысы.  

«2008 жылы мен Алматыдағы компанияға «мен сіздерден кетемін, маған ары қарай өсу, даму керек» деп қазір бас директор боп отырған компанияма келдім. Бастапқы да бұл жерге де бухгалтер боп келгенмін. Осы тұста менің журналистика мамандығымның пайдасы тиді. Себебі басшылық «есеп-қисаптан бөлек, коммуникацияны жақсы меңгерген екенсіз, түрікшеңіз де жақсы» деп қаржы директорылығы лауазымын берді. 4 жыл қаржы директоры болдым да, кейіннен бас директорлыққа ауыстым. Қазір қоластымда 250 қызметкерім бар», - деді ол.

Бауырлас елмен 25 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Гүлмира қазақстандықтардың тамақтану қызметінде «түріктерден үйренері көп» дейді.  

«Мен жұмыс барысымен Түркияға жиі барамын. Сонда байқағаным, қазақтар мейрамхана ашса, «мен бастықпын» деп онда бармайды. Ал түріктер кішкентай кафе болса да, соның басы-қасында жүреді. Келген қонақтармен араласып, «сізге бәрі ұнады ма, қандай өзгерістер ұсынаыз» деп кері байланысты жақсы жолға қоя білген.  Қонақжайлылықтан біз олардан асып түсеміз, бірақ біздің олардан айырмамыз біреу ғана. Яғни біз өзіміздің жемеген бар-жақсы нәрсемізді үйге келген қонаққа ұсынамыз, ал түріктер өзі не жеп отырса, соны қонағының алдына қояды. Тамақтану орындарында бізге үйдегідей қонақжайлылық көрсетіп үйрену қажет. Сонда біз түріктерден де асып түсеміз деп ойлаймын. Сосын олар өз істеріне берік, қандай істі қолға алса да өздеріне сенімді. Біз бұл жағына келгенде көп ойланамыз. Бәлкім батылырақ болу қажет шығар»,-дейді ол.

Қазақтардың тамақтану мәдениеті немесе Абай философиясы

Гүлмира ана тілі мен түрік тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілдерін  жетік меңгерген. Жұмыстан бөлек,саяхаттауды, кітап оқығанды жақсы көреді. Бүгіне әлемнің бірнеше елін аралған ол «қазақтардың тамақтану мәдениеті нашарлап кетті» дейді.

«Қазіргі қазақтар тамақтану мәдениетін жоғалтып алдық. Қарап отырсаңыз, біздің бабаларымыз дөңгелек үстелде отырып тамақтанған. Ғалымдар жерде отырып ішкен астың сіңімді екенін айтып жатыр. Аналарымыз отырған кезде, бір тізелерін бүгіп отыратын болған. Олай отырған кезде асқазан бүріспей, ішек жолдарына тамақ дұрыс жетеді, арқаңды да тік ұстап отырасың. Көшпелі болған соң, тамақ сақтауды жақсы меңгергенбіз. Бүгінгі таңда әлемде сублимацияланған тамақ өнімдерін пайдалану белсенді жүріп жатыр. Біздің бабаларымыз оны сонау замандарда білген. Ет сүрлеген, құрғақ сүтті жасаған, құрт-ірімшікті қатырған, талқан мен тарыны қараңыз. Сублимацияланған тамақтың құрамында дәрумені сақталып, құнарын жоймайды.  Ол да дұрыс тамақтанудың философиясы. Біз сол бар дүниемізді пайдалана алмай кеттік. Қазіргі қазақтардың тамақтану мәдениеті  нашар. Ет пен қамырды көп жейміз. Нанға май жағып жемесе, жүрегі қарайып отыратындар бар. Көкөністер мен түрлі шөптерді жемейміз. Негізі наннан гөрі, шөпті тағамдар тойымды келеді. Себебі жапырақ талшықтары бір-біріне өте жақын, ал сол шөпті өнім асқазанға түскен соң өсіп, тоқтық беріп тұрады. «Түріктердің тамағы күшті, кәрістердікі» пайдалы деп көрінгенге қызыққанша, бабаларымыздың тамақтану мәдениетін қараған жөн. Тіпті «таңғы ас тәңірінен», «таңғы аста береке бар» деп таңертеңгілік тоқ тамақтануды да айтқан. Алысқа бармай-ақ, бәрін өзімізден табуға болады», - дейді.

Сондай-ақ, ол биыл 175 жылдығын тойлап жатқан Абай хакімнің философиясын өмірімізге енгізу қажет дейді.

«Мен көбіне Жапонияға саяхаттағанды жақсы көремін. Олар дандайсымайтын, ұяң ел. Самурайлық философияны ұстанған. Олардың қағидасы: «Кез келген істі бастадың ба, аяғына дейін жеткіз». Яғни қолға алған істерін, кемеліне дейін жеткізеді. Бірде саяхат барысында лифт жөндейтін егделеу кісінің жұмысын беріліп жасап жатқанын көрдім. Содан бар ынтасымен істеп жатқанына қызығып, жанына барып «жұмысыңыз өзіңізге ұнайды ма?» деп сұрадым. Ол болса өз жұмысын қатты жақсы көретінін, себебі, ол адамдарға, олардың қауіпсіз өмір сүруіне қызмет етіп жатқанын мақтан тұтатынын айтты. Біздің халықтың түсінігі де сол деңгейге жетсе дейсің. Қытайлар да Конфуцийдің философиясымен өмір сүреді. Бізге де Абай философиясын енгізу қажет шығар.  Шәкәрімнің, Алаш арыстарының өмірі де бар қазаққа үлгі. Ол кісілердің ұлтқа қызметі, білімі, шетел тілдерін білуі қазақ жастарының бойына шабыт пен рух сыйлайтыны анық», - деді ол.

Әйелдер кәсіпкерлігі туралы бірер сөз

Айтуынша, соңғы жылдары елімізде бизнеске келіп, түрлі басшылық қызметті атқарып жүрген қыз-келіншектердің көбейіп жатқаны қуантарлық жай. «Әйелдің функциясы бала әкелу ғана емес» дейтін кейіпкеріміз кәсіпке келіп жатқан нәзік жандыларға батыл болуды тіледі.

«Қазақтың менталитетіне қарасақ, біз қанша басшы болайық, президент болайық ер адамдар үшін бір саты төмен тұрамыз. Соңғы 5 жылда қазақ әйелдерінің кәсіпке келу қарқындары өсуде. 90-шы жылдары саудаға келіп, алып-сатушылықпен айналысқан әйелдер бүгінгі таңда түрлі өнімдер шығарып, бизнестің заманауи бағыттарын меңгеріп жатыр. Оның үстіне әйел адамдар үйде қалай тиянақты болса, жұмыста да сондай тиянақты болып келеді. Әлбетте ер адамдар кәсіпке бізден гөрі жауапкершілікпен қарайды, бірақ біз өзіміздің нәзіктігімізбен, айналамызда үйлесімділік орната алуымызбен басым түсіп жатамыз.  Әйелдің функциясы өмірге сәби әкелу ғана емес. Сондықтан қыздар тұлға ретінде дамып, сауатты болуды меңгерулері тиіс. Әрбір істеген адал жұмысқа рахаттана білген жөн. Қазақтың қыз-келіншектеріне нәзіктік, сұлулық пен әйел бақытын тілеймін! Кәсіпкерлікпен айналысқысы келіп жүрген қыздарға батыл болыңдар дегім келеді. Ештеңеден қорықпаңыздар, мойымаңыздар!»,-деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
Карантинде отырған азаматтарға психолог кеңесі
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат