Қуандық Бишімбаев пен Перизат Қайратқа рақымшылық беріле ме - Ішкі істер министрлігі жауап берді

Қылмыстық кодекстің 78-бабында амнистия қолдануға тікелей тыйым салатын нормалар бар

Қуандық Бишімбаев пен Перизат Қайратқа рақымшылық беріле ме - Ішкі істер министрлігі жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қылмыстық ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған бірқатар сотталғандарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Парламент Мәжілісінің кулуарында Санжар Әділов «бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен қоғам белсендісі болған Перизат Қайраттың рақымшылыққа ілінуі мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

Министр орынбасары аталған тұлғалардың бостандыққа мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Сіздер атаған фигуранттар амнистияға ілінбейді. Себебі Қылмыстық кодекстің 78-бабында амнистия қолдануға тікелей тыйым салатын нормалар бар. Терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталғандарға, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында заң бұзғандарға ешқандай рақымшылық берілмейді», – деп мәлімдеді ол.

ІІМ өкілі бұл мәселенің құқықтық тұрғыдан шегелеп қойылғанын және алдағы уақытта да қайта қаралмайтынын қадап айтты.

«Аталған азаматтарға қатысты рақымшылық жасау мәселесі күн тәртібінде тұрған да жоқ, ешқашан тұрмайды да», – деп түйіндеді Санжар Әділов.