Қолданылған шприцтер мен ескі дәрілер далада жатыр: депутат Шымкенттегі жағдайға қатысты дабыл қақты

Депутат мұндай өзекті мәселе еліміздің бірқатар өңірінде бар екенін айтты

Қолданылған шприцтер мен ескі дәрілер далада жатыр: депутат Шымкенттегі жағдайға қатысты дабыл қақты
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Шымкент қаласында медициналық қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратуға байланысты туындаған күрделі жағдайды көтеріп, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда пайдаланылған шприцтер, бинттер, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер секілді аса қауіпті медициналық қалдықтарды жою ісіне қатысты Экология департаменті мен «Эколайф Астана» компаниясы арасында сот процесі жүріп жатыр.

«Айта кету керек, бұл кәсіпорынға қатысты алғашқы проблема емес. Бұған дейін де, атап айтқанда 2019 жылы, экологиялық талаптарды сақтамау және өндірістік қызметтегі бірқатар заңбұзушылық үшін бірнеше рет айыппұл салынған болатын», – деді Қырықбаев.

Оның мәліметінше, аталған кәсіпорын Шымкенттегі 400-ге жуық медициналық ұйымға қызмет көрсетіп, қаладағы медициналық қалдықтарды өңдеу нарығының жартысынан астамын қамтып отыр. Алайда Экология департаментінің мәліметінше, компания өз мүмкіндігінен тыс көлемде тапсырыс қабылдап, қауіпті қалдықтарды уақытылы өңдей алмаған.

«Соның салдарынан медициналық қалдықтар заңсыз араластырылып, ашық аспан астына жиналған. Сонымен қатар топырақ құрамынан мұнай өнімдерінің іздері анықталып, кәсіпорынға 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған», – деді депутат.

Сол сияқты компания басшылығы тексерулердің объективтілігіне күмән келтіріп, қалдықтарды жағатын пештің талапқа сай жұмыс істейтінін, ал ауа құрамына жүргізілген өлшемдер кәсіпорын аумағында емес, өзге өндіріс орындары орналасқан аймақта алынғанын жеткізді.

Қырықбаевтың айтуынша, қазір кәсіпорынның экологиялық рұқсатын қайтарып алу қаупі туындап отыр.

«Алайда бұл мәселенің екінші жағы да бар. Егер кәсіпорын жұмысы толық тоқтаса, Шымкент қаласы негізгі медициналық қалдықты өңдеуші мекемесіз қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ауруханалар мен емханалардан шығатын қауіпті қалдықты орналастыру мәселесі туындап, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал күрделенуі ықтимал», – деді ол.

Депутат мұндай өзекті мәселе еліміздің бірқатар өңіріне ортақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, соның бірі – Атырау облысындағы қолданыстағы полигонның жай-күйі. Бұл мәселені 2024 жылы депутаттар сауал арқылы көтергенімен, бүгінгі күні оның толыққанды шешімі табылмаған.

«Өкінішке қарай, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан берілген жауаптар да нақты нәтижеге емес, мәселені созбалаңға салуға көбірек ұқсайды. Сондықтан аталған мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ», – деді Мәжіліс депутаты.

Ол мемлекет азаматтардың таза ауада және қауіпсіз экологиялық ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да – елдегі экологиялық мәдениетті нығайтып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Ал медициналық қауіпті қалдықтарды ашық аспан астына тастау осы қағидаттарға ғана емес, халық денсаулығына төнетін қауіп тұрғысынан да аса алаңдатарлық жағдай болып отыр», – деді Қырықбаев.

Осыған байланысты депутат Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  1. Шымкент қаласындағы жағдайды жан-жақты әрі объективті зерделеу үшін министрлік тарапынан арнайы комиссия жіберу;
  2. Тәуелсіз сарапшылар мен қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, кәсіпорын аумағында қайта экологиялық өлшемдер жүргізу;
  3. Егер сот шешімімен кәсіпорын қызметі тоқтатылатын болса, медициналық қалдықтарды орналастыру мәселесін әкімдік және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шұғыл шешу;
  4. Медициналық қалдықтарды өңдеуге рұқсат беру талабын күшейтіп, кәсіпорындардың өндірістік қуатынан артық көлем қабылдауына жол бермеу.