«65 жастан асқан кісілер қажылыққа бара алмайды»: наиб мүфти биылғы қажылық қалай өтетінін айтты

Сағыныш Ибрагим

Сауд Арабиясы 2022 жылғы қажылық науқанына байланысты бірқатар ережелер мен талаптар қойып отыр

«65 жастан асқан кісілер қажылыққа бара алмайды»: наиб мүфти биылғы қажылық қалай өтетінін айтты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Биыл қажылық шілде айында өтеді. Қазақстан бойынша қажылыққа 3 мың адам барады деп жоспарланып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі қажылық маусымының қалай өтетіні жөнінде PhD доктор, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғармен сұхбаттасты.

Наиб мүфти Сауд Арабиясы 2022 жылғы қажылық науқанына байланысты бірқатар ережелер мен талаптар қойып отырғанын айтты. Биыл Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі әлемнің әр түкпірінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2 пайызға дейін қысқартқан.

– Ершат мырза, биыл елімізден 3 мың адам қажылыққа баратын болды. Биыл қажылық парызын орындаушыларға қойылатын талаптарда өзгеріс бар екен. Сауд Арабиясы биыл қандай талаптар қойып отыр?

– Ислам конференциясы ұйымының қарары бойынша әр мұсылман елінен 1 миллион адамнан тек 1000 адамға қажылық жасауға рұқсат берілген. Сондықтан Қазақстанға 10 000 мұсылманға дейін қажылық жасауға мүмкіндік бар. Алайда жыл сайын қажылыққа Қазақстаннан 3000-нан астам адам барып жүр. 2022 жылы Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі әлемнің әр түкпірінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2 пайызға дейін қысқартып, биыл 1 миллион адамның ғана қажылық парызын атқаруына рұқсат берді. Биыл Қазақстанның қажыларына 4000 орын бөлінді. Қазіргі уақытта 14 компания елімізден қажылыққа баратын адамдарды тіркеп жатыр. Тіркелу 26 маусымға дейін жалғасады.

Сауд Арабиясы биылғы қажылық науқанына байланысты бірқатар ережелер мен талаптар қойып отыр. Соның бірі – қажылыққа баратын адамдардың жасына шектеу қойылды. Осы талап бойынша, 65 жастан асқан үлкен кісілер қажылыққа бара алмайды. Сондай-ақ COVID індетінің алдын алу мақсатында қажыларға діни амалдарды орындау барысында маска тағып жүру міндеттеледі. Одан бөлек 72 сағат бұрын алынған ПЦР тестінің нәтижесі сұралады. Сауд Арабиясына VISA рәсімдеу үшін COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревакцинация алу талап етіледі. Одан бөлек менингококк инфекциясына, сары безгек ауруларына қарсы екпе салдыру туралы жалпы талаптар қойылды. Бірақ ол талаптарды барлық елдің орындауы шарт емес.

– Неліктен қажылыққа баратындар жасы 65-тен аспауы керек? Сауд Арабиясы мұндай талапты қандай негізге сүйеніп қойды?

– Естеріңізде болса, пандемия кезінде егде жастағы кісілердің жүріп-тұруына шектеу қойылған болатын. Өйткені қарт кісілердің індет жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі дерттен, індеттен сақтану мақсатында осындай талап қойып отыр.  Өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты 2020 жылы үлкен қажылық болған жоқ. Ал 2021 жылы Сауд Арабиясы 60 мың жергілікті тұрғынға ғана қажылық жасауға рұқсат етті. Ол кезде де 60 жасқа дейінгі азаматтар ғана құлшылығын атқаруға мүмкіндік алды. Былтыр 60 жасқа дейінгі деген шектеу болса, биыл 65 жасқа дейін ұзартып отыр. Алдағы уақытта пандемияның ауылы алыстап, бұл жас ерекшелігін алып тастайды деген үміттеміз.

– Пандемияға дейін қажылыққа жыл сайын 10 мыңға жуық қазақстандық барыпты. Қазір пандемия басылды, неліктен биылға небәрі 3 мың адамға (қазақстандық) ғана қажылық парызын өтеуіне рұқсат берілді?

– Пандемия уақытында қазақстандықтар үлкен қажылыққа барған жоқ. Себебі отандастарымыздың Сауд Арабиясы жеріне кіруіне шектеу қойылды. Тек 2021 жылдың қыркүйек-қазан айларынан бастап белгілі бір талаптар бойынша кіші қажылыққа (ұмраға) ғана жол ашылды. Сол уақыттан бері елімізден 25 мың адам кіші қажылығын өтеді.

Пандемияға дейінгі жылдары орта есеппен жыл сайын 3-4 мың отандасымыз ғана үлкен қажылыққа барып отырды. Жыл сайын 10 мыңға жуық адам кіші қажылығын өтеп келеді. Екі қажылықтың айырмашылығы бар. Әрине жоғарыда айтқандай, пандемияға дейін үлкен қажылыққа 10 мың қазақстандықтың қажылық сапарын орындауына мүмкіндігі болды. Алайда біздің туристік компаниялар жыл сайын елімізден 3 мыңға жуық адамға ғана қажылық қызметін көрсетіп келеді.

– Қажылыққа мойнында қарызы, кредиті бар адамдар бара ала ма?

– Қажылық – балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, қаражаты жеткілікті және қажылық сапарына денсаулығы жарайтын әрбір мұсылманға өмірінде бір рет баруы міндеттелген парыз. Қажылықтың парыз болу шарты бойынша, қажыға баратын адамның сапарға жететін жол қаражаты және өзі жоқта отбасының күнелтуіне жетерлік қаражаты болуы керек. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла шамасы жеткен адамдарға Бәйтуллаға қажылық жасауды міндеттеді» деген («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Сондықтан қажылыққа шамасы бар адамдар ғана бара алады. Сондай адамдарға ғана қажылық парыз болады. Ал мойнында қарызы бар адамның қажылыққа баруы міндеттелмейді. Сондай-ақ қаражаты жеткіліксіз адам қажылыққа бармағаны үшін күнәһар болмайды.

Қарыз – құл ақысы. Сондықтан қарызды міндетті түрде өтеу керек. Алайда қарыз берген адам қарызды кейін өтеуіне уақыт берсе, мұндай кезде қажылыққа баруына болады. Ал кредит алуға шариғатымыз тыйым салады. Сондықтан кредит алып қажылыққа баруға болмайды.

– Қажылық парызын өтеп келген адамның бәрі қажы болып есептеле ме?

– Жоғарыда айтылған талаптарды түгел ескеріп, қажылықтың шарттарын толық орындаған адам қажы болып есептеледі. Қажылыққа барып келген адам өзгелерге жақсы жағынан үлгі болып, қажы деген атына лайық болуы керек. 

– Қағбаға барып, қажылық жасаған адамның құлшылығы қандай жағдайда қабыл болмайды?

– Қажылықтың қабыл болу-болмауын адам шешпейді. Кісінің сыртын ғана емес ішін де білетін Алла Тағала ғана әділ төрелік етуші. Алайда дінде рұқсат етілмеген, Аллаға ұнамсыз қылықтар арқылы қажылық жасаса, қажылығы қабыл болмауы мүмкін. Негізінен, арам жолмен тапқан ақша арқылы қажылық құлшылығын орындаса, қажылығы қабыл болмайды. Бір Алла Тағаланың разылығын алу мақсатымен ғана қажылық рәсімін атқару керек. Яғни риясыз ниетпен өтеу қажет.

Қажылықтың шарттары мен рүкіндерін толық орындау керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық деген – Арапа» деген. Барлық мәзһабтың көзқарасы бойынша, кім Арафатта тұрудан кешіксе, ол қажылықтан кешігеді. Ондай адамға келер жылы қажылығын қайта орындауы керек болады. Сондай-ақ балиғатқа толмаған сәбидің жасаған қажылығы дұрыс болғанымен, ол нәпіл қажылық болып есептеледі. Яғни парыз қажылығы болып есептелмейді. Балиғатқа толғаннан кейін барып, шамасы жетсе парыз қажылығын атқаруы керек.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті мекендерге барып, қажылық парызын өтеуге ниет білдірген отандастарымызға ақ жол тілейді. Алла Тағала олардың қажылық құлшылығын өз дәрежесінде қабыл алғай!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.