Қазақ балалары футболды ешкімнен кем ойнамайды – «Гранада» қорғаушысы Асқар Сатышевпен сұхбат

Сағыныш Ибрагим

Отандасымыз Оңтүстік футбол академиясынан шыққан

Қазақ балалары футболды ешкімнен кем ойнамайды – «Гранада» қорғаушысы Асқар Сатышевпен сұхбат

Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы 19 жастағы Асқар Сатышевтың испаниялық «Гранада» клубынан шақырту алғанын хабарлаған болатын. Клуб ұйымдастырған қараудан бірден өткен отандасымызбен 6 айға кәсіби келісімшарат жасалған. Қазір ол клубтың орталық қорғаушысы. Егер Асқардың ойыны мен еуропалық стандарттарға икемі ойдан шығатын болса, клуб басшылары ары қарай тағы бірнеше жылға келісімшартты созуға дайын.

Azattyq Rýhy тілшісі Асқардың өзімен сұхбаттасып, іріктеуден қалай өткенін, еуропалық стандарттарға үйрену барысы мен қазақстандық футболдың мүмкіндігі жайында сұхбаттасты.

«Өзім Тараз қаласының тумасымын. Футболды аулада доп теуіп жүріп бастадым. Кәсіби түрде 7 жасымнан айналысып келемін. Алғаш «Тараз» футбол клубына қабылдандым. 12 жасыма дейін клуб құрамында өнер көрсетіп, кейін Шымкенттегі «Оңтүстік» футбол академиясы өткізген іріктеуге қатыстым. Сол жерде испаниялық жаттықтырушылар да болды. Қараудан екі бала ғана өтті. Соның бірі мен болдым. Академияда жүріп алғашқы кәсіби келісімшартымды жасастым. Клубта бес жыл ойнап, кейін бірінші лигада ойнайтын бұрынғы тобыма ауыстым. Онда бір жыл ойнағаннан кейін испаниялық «Гранада» клубынан шақырту алдым», - дейді ол.

Асқардың ойын тәсілін, футболдағы жоғары мүмкіндігін алғаш «Оңтүстік» футбол академиясында жүргенде испаниялық бапкер байқаған екен. Қазақ баласын «Гранада» клубына ұсынған да сол жаттықтырушысы болыпты.

«Испаниялық жаттықтырушым аудармашы арқылы маған хат жолдады. Хатында «Гранада» клубының спорттық директорына жолығып, мені ұсынғанын жазған екен. Дәл сол сәтте олар менің позициямда орталық қорғаушы іздепті. Ұсынысты естігенде ойланбастан бірден келісім бердім. Қатты қуандым. Шынымды айтсам бәрі тез болды. Олар мені бір аптаға қарауға шақырды. Виза, билетімді өзім алып, Испанияға аттандым. Бір апта іріктеуден кейін екінші аптаға тағы қалдырды. Жаттығу өте сәтті болды. Осылайша, клуб менімен 6 айға келісімшарт жасады. Өздері визаның орнына қолданатын арнайы испаниялық құжат жасап берді. Сондай-ақ, жатар орын мен тамағым да тегін», - дейді футболшы.

Алғашқы айлығымды отбасыма бердім...

Асқардың айтуынша, испандық клубта спортшыларға барлық жағдай жасалған. Белгілі мөлшерде жалақы төленеді.

«Кәсіби түрде жасалған келісімшарт болған соң бізге ақша төленеді. Менде жататын орын мен тамақ тегін болғандықтан жалақым аса көп емес, орташа деуге болады. Өзіме жетеді, отбасыма да көмек беріп тұрамын. Басында 6 айға келісімшарт жазылды. Қазір біз демалыстамыз. Егер бәрі дұрыс болып, клубтың стандарттарын, тілді жақсы меңгеріп кетсем тағы 1-2 жылға қалуға мүмкіндік бар.

Испанияға кететінімді естігенде ата-анам мен туыстарым қатты қуанды. Мені бірден қолдады. Негізі сабақты өте жақсы оқитынмын. Футболға да қатты қызықтым. Ата-анам екеуінің біреуін таңдап, толығымен кіріс деп кеңес бергеннен кейін футболға көбірек ден қойдым. Қазіргі таңда Тараз өңірлік университетінің студентімін. Дене шынықтыру мамандығының екінші курсын бітірдім. Бұл жақтағы жаттығуларым оқуға еш кедергі келтірмейді. Университет ұстаздары да қолдау білдіріп жатыр», - дейді Асқар.

Испанияға тіл білмей барған отандасымыз алғашқы уақытта топтағы ойыншылармен тіл табысу қиын болғанын айтты. Қазір Асқар тіл үйреніп, өзін дамыту үстінде. Ол өзі ойнайтын клубтың ойын тәсіліндегі ерекшеліктерге тоқталды.

«Клубтағы жалғыз қазақпын. Топта менімен қатарлас тағы бірнеше ойыншы бар. Барлығы мен сияқты жан-жақтан жиналған басқа елдің азаматтары. Алғаш келген кезде мүлде тіл білмейтінмін. Аяқ-асты келгеннен кейін дайындалып үлгермедім. Ағылшыным да онша болған жоқ. Клубта әкесі ветнамдық, анасы қытайлық бірақ өзі Мәскеуде туып-өскен бір бала болды. Орыс тілін біледі екен. Сол баланың көмегімен клубтағы басқа да балалармен тіл табысып кеттім. Бәрі қарапайым жандар. Тілін, ішкі менталитетін қабылдау, жаттығуларға үйренуге бір-екі ай уақыт кетті. Алдағы уақытта келісім шартты ұзарту, ұзартпау мәселесі шешіліп жатыр.

Еуропада ойыншылар өте жоғарғы қарқынмен ойнайды. Тез ойланып, тез пас беру керек. Ойынның аяғына дейін бір деммен ойнаймыз. Қазақстандағы жаттығулармен салыстырғанда айырмашылық байқалады. Жаттығу күніне бір-ақ рет екі сағаттан ғана болады. Қалған уақытта боспыз», - дейді футболшы.

Асқардың айтуынша, қазақстандық футболшылардың дені еуропалық стандартқа сай келеді. Ол еліміздегі футболдың дамуы туралы өз ойын айтты.

«Шетелде футбол ойнап жүрген қазақтарды өз басым көп кездестірмедім. Десе де, Молдованың атақты футбол клубы «Шерифте» ойнап жүрген қазақстандық баланы білемін. Өте дарынды бала. Негізі қазақ балаларының барлығы еуропалық стандартқа сай келеді деп айтар едім. Бізде талантты футболшылар өте көп. Менің ойымша қазіргі таңда елімізде футбол жақсы қарқынмен дамып келеді.

Әлем бойынша футбол Еуропада өте жақсы дамыған, кіл мықтылардың бәрі осы еуропалық клубтарда доп тебеді. Енді біздің де жастар осы жаққа келіп мектептен өтсе алдағы 5 жылда Қазақстанның футболында жақсы өзгерістер болады. Мен оған сенімдімін. Тек осы бір іспен соңына дейін айналысу қажет», - дейді Асқар.

Отандасымыз алдағы жоспарымен бөлісті.

Қазақстан өз атын шығару үшін түрлі шаралар өткізсе де мынау тұрған Еуропаның өзінде біздің елді мүлдем білмейтіндер әлі көп. Менің арманым, жоспарым – Отанымды шетелдіктерге таныту, қазақтың балаларынан да ұлы футболшы шығатынын көрсеткім келеді.

«Гранада» футболдағы менің алғашқы қадамым. Әлі көп жұмыс істеп, биіктерді бағындыруым керек. Жетістік көп болады, сенімдімін. Бастысы еркінсіп кетуге болмайды, бастаған істі соңына дейін жеткізуім керек. Сәттілікке еркінсімей, сәтсіздікте берілмеймін. Тынбай еңбек етіп, осы Еуропада қалуды көздеп отырмын. Футбол – менің өмірім, бұл іспен айналысу маған ұнайды. Сүйікті ісімді кәсібіме айналдырдым», - дейді Асқар Сатышев.

Қазақстандық футболшының Испанияда қалу-қалмау мәселесі жақын уақытта шешіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.