«Айлық шайлыққа жетпейді»: Нұр-Мүбарак университетінің проректоры не үшін садақа жинап жүргенін түсіндірді

Оның айтуынша, ЖОО ғимаратына студенттер сыймайтын болған

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде садақа жинап жатыр. Халықтан ақша жинауға университеттегі өзге де қызметкерлер жұмылдырылған. Оқу орнының басшысы күн сайын бірнеше сағатқа созылған садақа жинау рәсімін сауапты іс деп санап, ұжымдық уағыз айтумен де айналысатын көрінеді.

Еліміздегі исламтану бойынша жоғары білікті мамандарды дайындауы тиіс жалғыз оқу орнының басшысы неге садақа жинаумен айналысып кетті? Қайрат Құрманбаев пен оның командасы осы уақытқа дейін қанша миллион теңге жинаған? Университеттегі 170 қызметкердің айлығынан екі жыл бойы 1% көлемінде ұсталған ақшаның мөлшері қанша? Білім-ғылым ордасындағы басшының басты міндеті уағыз айту ма, әлде сапалы мамандарды дайындау ма? Мәселенің мәнісін Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көруге тырысты.

Қанат Құрманбаев аталған университетке 2018 жылы басшы болып тағайындалған. Университеттің ректоры Египет Араб Республикасының билігі тарапынан тағайындалған Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди. Ал, Қайрат Құрманбаев университеттің проректоры болғанмен, оқу орнын іс жүзінде өзі басқарады. Қазақстан тарапынан тағайындалған лауазымды тұлға саналады.


Қайрат Құрманбаев

Сол Қанат Құрманбаев университет қызметкері Гүлвира Зәуірбековамен бірге әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, желі қолданушыларына уағыз айтқан. Уағыз барысында университет салу керегін айтып, оның құрылысына деп ақша жинайды екен. Күні кешеге дейін олар «Kaspi Gold» карточкасына 6,5 млн теңге көлемінде ақша түсірген. Бұл туралы проректор Қайрат Құрманбаевтың өзі тілшімізге берген сұхбатында айтты.

- Қайрат мырза, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Діни мамандарды дайындайтын жаңа университет саламыз деп мәлімдеп жатырсыз. Осыған толығырақ тоқталыңызшы...

- Университетіміз Қазақстандағы исламтану, дінтану саласында бірегей университет, жоғары оқу орны. 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің білікті мамандар исламтанушы, дінтанушы, теолог кадрлар дайындайды. Жоғары оқу орнын бітірген екі мыңнын астам түлек қазіргі танда еліміздің түкпір-түкпірінде, муфтиятта, мемлекеттік кызметте еліміздің діни тұрақтылығына, дін саласына қызмет атқарып жатыр.

Араб ағайындардың, Мысыр елінің тарапынан салынған төрт қабатты оқу ғимараты 800 студентке арналған. Қазір университетте 1700 студент білім алып жатыр. Шетелде діни білім алуға белгілі бір жағдайлармен тоқтау салынды. Өйткені шетелде оқып келген жастардың көзқарасы өзгеріп келіп жатады. Ал, дінге қызығушылық танытқан жастарымыздың саны күннен күнге көбейіп келеді. Сондықтан саны көбейіп жатқан абитуриенттерді қамту мақсатында біз үш жыл бұрын жаңа университет құрылысын бастауды жоспарладық. Сметалық-жобалық құжаттары ұзақ уақытты алды, екі жылдай уақыт кетті. Құрылыс жүретін жерде Алматы қаласының су құбырлары өтіп жатқан еді, оны да заңдастырып, бәрін көшіріп реттеу уақыт алды. Жері қазылды. Кедергілер көп шықты, құжаттарды тегін жасауға көмектесеміз деген адамдар алдап кетті. Сметалық жобаны бітірдік, бірақ соңғы құжатты жасату 53 миллион теңгеге түсті. Дегенмен, біз осы мәселелерді аяқтап, Рамазан айында құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. «ДиалСтрой» құрылыс компаниясы біздің бас мердігер, солармен келісім шартқа отырдық. Олар осы жылы қазан-қараша айына дейін университеттің 9 қабаттық құрылысын, негізігі бетон жұмыстарын, қаңқасын аяқтап беретін болып келісті.

- Жаңадан салынатын университет ғимаратына жұмсалатын қаражат көлемі қанша?

- Негізі толықтай, ішкі жабдықтарымен қоса алғанда құны 20 млн доллар деп бағаланды. Бірінші кезеңге былай келістік: 9 қабаттың қаңқасын салып беруге 4,5 млрд теңгеге қол қойылды. Жалпы университет 10 қабатты, астында 90 көлікке арналған тұрағы бар. Осы Әл-Фараби даңғылының бойында өте әдемі, көрікті ғимарат бой көтереді. Елімізде қазір бизнес-центр, мешіттер де көп салынып жатыр. Бірақ, мына университеттің ерекшелігі – олардан өзгеше. Мысалы, астанадан 150 млн долларға мешіт салдыңыз дейік. Бірақ, зәулім мешітке университеттен он есе көп қаржы кетеді. Сол мешіттің ішіндегі имам дінді дұрыс түсінбеген болса, Фатихасын қате оқитын болса, жамағаты сауатсыз болса, миллиондаған долларға салынған ондай зәулім мешіттің қандай маңызы болады? Ал, мына жерде сауатты, жастарға дұрыс діни бағыт беретін білім ордасы салынбақ. Ертең Қазақстанда ғана емес, Орта Азия көлемінде ғалымдарды шығараты оқу орны болса деген ойымыз бар. Орта ғасырда әлемдік ислам өркениетіне үлес қосқан ғалымдар шықты ғой біздің топырақтан. Болашақта да сондай ғалымдардың шығатын ғылым ордасы болса дейміз.

Елімізде көптеп мешіттер салынғанымен, дінді оқытатын университеттер салына бермейді. Бұндай оқу орны 50 жылда бір рет салынуы мүмкін. Етек-жеңімізді жинағалы 30 жылдан асты. Кәзіргі таңда оқып жатқан жаңа корпус және мешітіміз, студенттерге арналған екі қабатты жатақхана бар. Соның барлығын мысырлық араб ағайындар салып, бізге сыйға тартқан. Енді осы 4 нысанды әлемде экономикасы қатты дамыған ел болмаса да Араб Республикасы сонау шалғайдан Қазақстанға келіп, миллиардтаған қаржы жұмсап, осындай керемет құрылысты тегін салып берді. Енді араб ағайындарға жалтақтамай өзіміз университет салуымыз керек.

- Жаңа оқу корпусы қай жылы қолданысқа берілуі мүмкін?

- Ол енді халықтың қолдауына байланысты және «ДиалСтрой» компаниясының қаржылық әлеуетіне байланысты. Қазір «Білім-қазына» қоры арқылы халықтан, кәсіпкерлерден қаржы жинап жатырмыз. Құрылыс компаниясы басшыларының айтуынша, 2023 жылдың соңы немесе 2024 жылдың басында қолданысқа берілмек. Бұйыртса 2024 жылдың оқу жылын жаңа университетте бастаймыз.

- Енді қаражат жинау жағына кеңірек тоқталайықшы. Сіздердің әрекеттен түсінгенім, құны 20 млн доллар болатын университетті халықтың күшімен салу ғой?

- Мемлекет тарапынан бізге қаржылық қолдау жоқ. Ондай механизм де жоқ. Біріншіден, мемлекет пен дін бөлек деген түсінік бар. Екіншіден, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жайында сөз болған жоқ. Кезінде министрлікке ұсындық, олар моральдық тұрғыдан қолдады.

Университет құрылысын жүргізу үшін «Білім-қазына» деген қор аштық. Өзім басшылыққа келгелі техникалық бөлмелерді, 4 әжетхананы кабинеттерге, аудиторияға айналдырдым. Тіпті аудиторияларға сыймай қалдық. Ал, жаңа оқу ғимараты 4000 студентке арналған.

- Осы істі қолға алғандарыңызға үш жылдың көлемі болыпты. Сіздер күнделікті әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, қайырымдылық, садақа беру жайында уағыз, үгіт-насихат жүргізіп келесіздер. Насихаттарыңызға халық көбірек ынта білдіріп жатыр ма, әлде кәсіпкерлер қаржы аударып жатыр ма? Сіздерге ірі сомада ақша аударған жомарт жандар табылды ма?

- Жоқ-жоқ! Бізде қазіргі белсенділік танытып отырған, 100-200 теңгесін аударып отырған – халық. Ондай бір қомақты қаржы ұсынған адам жоқ. Бізге өткен жылы құрылыс басталса қолдаймыз деген заматтар болды. Ерғали Зейнолда деген бауырымыз 25 миллион теңгеге құрылыс материалын алып берем деген. Біз өткен жылы Рамазан айында қаржы жинауға кірістік. Былтыр 150 млн теңге жинадық. Кәсіпкер Сырымбек Тау 10 млн теңге аударса, «Достық Трейл» компаниясы 15 миллиондай аударды. Биыл жарнамалап жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, енді қомақты қаржы салған адам жоқ. Қадағалап отырам.

- Университеттің негізгі мақсаты молда дайындау емес, діни білім беру ғой?

- Әрине, біздің университтегі басты міндет – дінді ғылыми негізде түсіндіру. Дінді ғылыми негізде зерттеп, ағартушылық бағытта көрсету. Алайда, кезінде жұрттың бәрі баласын діннен өзге ғылымдарға оқытты. Жағдайы жеткендер шетел университеттеріне түсті, одан қалғаны Назарбаев Университеті секілді отандық алдыңғы қатарлы ЖОО-ларды таңдады, СДУ-ға түсіріп жатты балаларын. Ал, осылардың ешбіріне жарамағандары бізге оқуға келді. Тіпті, арасында психикалық ауруы барлар да болды. Ата-аналары «ең болмаса молда болсын, адам болып кетер» деп әкеп беріп жататын. Мен өзім осы университетте 16 жылдан бері жұмыс істеп келем, сол балалардың бәрін адам қылуға тырыстық. Яғни, маман емес адам дайындауға тура келді. Бірақ енді соңғы жылдары бұл тенденция біраз жойылды, қазір алтын белгімен келіп жатқан жастарымыз бар. Кеше ғана мемлекеттен аударма ісі және шетел филологиясы мамандығын дайындау бойынша лицензия алдық. Барлығы бес мамандық болды.

- Сіздердің мықты теолог дайындап шығаруыңыз қиынға соққан болып тұр ғой?

Әрине, өйткені бізге келетін контингенттің интеллектуалы ма, әлде қабілет қарымы сәл төмендеу болып келді.

- Сапалы маман дайындаудың орнына уағыз айтып, қайырымдылыққа садақа сұрағаныңыз қалай? Күнделікті 2-3 сағаттан тікелей эфирге шығып, халыққа қол жаятындай университеттің жағдайы соншалықты мүшкіл ма?

- Иә, амалсыз сондай әрекетке барып отырмыз. Бұл тек Рамазан айында ғана, ораза біткеннен кейін ешкімнен ақша сұрамауға тырысамыз. Бастысы ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Біздің университетте Гүлвира деген қызметкер бар, әлеуметтік желіде белсенді. Сол қызметкеріміз ұсыныс айтты, халықтан әлеуметтік желі арқылы 10 млн теңге жинайық деп. Алғашында қарсы болдым, халықтың жағдайы онсыз да мәз емес. Бірақ, желі қолданушылары өздері белсенділік танытты. Қазір 6,5 млн теңгедей ақша жиналды, соны 10 млн теңгеге жеткізсек пе деп отырмыз.

Тағы айтам, мен тікелей эфирге шығудан алғашында бас тартқанмын, университет қызметкерлері сұрап қоймай қойған соң алғашында шықтым. Сосын діни уағыздар, тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтуымды сұрады, соны айттым.

Бұл шараны тек Рамазан айында ғана істейміз, одан кейін халықтан ақша сұрамаймыз. Ірі кәсіпкерлерге, мекемелерге шығып көреміз.

- Сіздер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзырындағы Дін істері комитетіне қарайсыздар. Бірақ бәрібір мемлекеттік бюджеттен қолдау жоқ. Қызметкерлердің жалақысын, ғимараттардың күтіп ұстау шығындарын қалай жауып отырсыздар?

- Қызметкерлер біздің студенттердің оқу ақысынан ғана жалақы алады. 1700 студенттің бір бөлігі ақылы оқыса және бір бөлігі грантпен білім алады. Былтыр 180 грант келді. Бұрын бір студенттің грантына 375 мың теңге төленсе, қазір ол 900 мың теңгеге көтерілді. Мемлекеттік грант және ақылы студенттердің ақшасы ғана бізді асырап отыр. Келсеңіз бүкіл шотымызды ашып көрсете алам, біздің айлығымыз шайлығымызға жетпейді.

Құрылыс салуға ақшамыз жетпейді. Өйткені, 170-тен аса қызметкеріміз бар. Салықты қоса алғанда мен оларға ай сайын 50 миллион теңге жалақы берем. Жазғы демалыста 20 шақты қызметкерге демалыстың ақшасы жетпей қалды. Енді сондай сәттерде ебін тауып, ақша табуымызға тура келеді. Біз университетпіз, медрессе емеспіз, әркімге жалынып ақша сұрай бермейміз. Мына құрылысқа ғана жинауға тырыстық.

- Сіздер құрылысқа деп бірнеше жыл қызметкерлеріңіздің жалақысынан да ақша ұстап отырғандарыңызды да айтып қалдыңыз...

Иә, біз бастайтын кезде өзіміз келістік, ерікті түрде. Қарсы еместері қолхат пен келісімшартта көрсетіп, автоматты түрде жалақысынан 1%-ын беріп келді. Айына 350-400 мыңдай түсіп отырған болуы керек. Сонда 10 млн теңгедей біздің қызметкерлер де жинап тастаған болуы керек осы 2-3 жылда. Енді шамамен есебі сондай. Бірақ, біз оны тоқтаттық.

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.