$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Соңғы 10 жылда жарты млн отбасы ажырасып кетті: жастар отбасылық өмірге дайын емес пе?

Қазақстанда соңғы 10 жылда 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы ажырасып кеткен

Соңғы 10 жылда жарты млн отбасы ажырасып кетті: жастар отбасылық өмірге дайын емес пе?

Осы жылдың ақпан айында статистикалық деректерді зерттеумен айналысатын халықаралық World Population Review сайты Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұрғанын жариялады.

Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы 10 жылда ажырасушылар қатарының артқанын хабарлады. Осы 10 жыл аралығында елде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы ажырасып кеткен. Azattyq Rýhy тілшісімен болған сұхбатта отбасы, бала психологы жастардың ажырасуына әсер ететін факторларды тізіп шықты.

– Жастар психологтарға қандай проблемалармен жиі жүгінеді? Жалпысында ажырасу біз үшін қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай...

– Қабылдауыма келетін жастардың басты проблемасы – өмірде өзін тұлға ретінде қалыптастыра алмау, өз орнын таба алмау, отбасында өзін керексіз сезіну. Екіншіден, қандай да бір материалдық дүниелердің шешімін таба алмау. Одан кейін өмірдің барлық саласындағы қарым-қатынастағы шиеленістер. Ол түсініспеушілік әріптестерімен болуы мүмкін, өзін түсіне алмауы мүмкін, және отбасындағы жағдайлар. Отбасылық жұптарда жоғарыда аталған факторлар жиі көрініс береді. Көпшілігі шын мәнінде өз проблемасын қалай шешуді білмейтіндіктен келеді. Бұдан бізде отбасы институты жұмысының ақсап тұрғанын көруге болады. Отбасыларға арналған шынайы ақпарат беретін, дайындық курсынан өткізетін кеңес беру орталықтары мен кабинеттер, университеттерде арнайы факультативтер жұмыс істейтін болса, жастар үшін пайдалы болатын еді.

Алдыма келген адамдардан байқайтын бір ортақ проблеманы айтқым келіп отыр. Жігіттер отбасындағы бала тәрбиесі, үй шаруасы сынды дүниенің бәрін әйелдің мойнына артып қояды. Ал әйел адамдар тұрмысқа шыққаннан кейін ешқандай проблемасыз өмір сүремін деген үмітпен отбасын құрады. Шынайы өмірде сол үміттері толық ақталмай, көңіл қалу болып жатады. Яғни ер мен әйелдің міндетін біздің қоғамдағы көп отбасылар тура (буквально) мағынада түседі.

– Ажырасуға материалдық жағдай себеп болуы мүмкін бе?

Жоқ. Ажырасуға көп жағдайда материалдық жағдай түрткі болмайды. Әйел адам отбасынан жоқшылықтың кесірінен кетпейді. Оны біздің аналарымыздың, апа-әжелеріміздің өмірінен, тәрбиесінен көріп жүрміз. Өзара түсініктері, құндылықтары ортақ жұптар барлық қиындыққа шыдап, көтере біледі. Біз қазіргі бір-бірін тастап кеткен жастардан, баласына алимент төлемейтін ер адамдардан жауапсыздық, инфантильдік дүниені көреміз.

Неке – материалдық, тұрмыстық, психологиялық мәселелерде ортақ жауапкершілікті алып, қиындықты бірге көтеретін екі адамның жиыны. Ол жерге әйелі мен күйеуі, балалары кіреді. Отбасылық институттың тарихына үңілсек, адамзаттың ер мен әйел болып бірігудегі мақсаты – бірлесіп тірі қалу, азық табу, бірлесіп өмір сүру болған. Ал қазіргі заманда ондай қиындықтар жоқ болғандықтан, ең бірінші рухани құндылықтарға бекітілген әлемде бірге өмір сүру, яғни жауапкершілікті әркім өзі көтере алатын сау қатынас.

– Сау қатынас деген сөздің түп-төркініне үңіліп көрейікші. Оның басы қалай басталып, құрылады?

– Сау қатынас – өмірде екі адамның өзара және жеке жауапкершілікке ие болуы. Бір-біріне кінә тақпау, жауапкершілікті біреуге артпау, барлық шаруаны екінші жұбына артып қоймау. Жеке шекарамды қорғаймын деп, менмендікке салынбау. Қазір дилетант психологтарға барушылар «жеке шекара түсінігі», «мен ешкімге ештеңе міндетті емеспін» дегенді тағы да тура мағынасында түсініп алып жатады. Осының салдарынан адамдардың бір-бірін түсіне алмауы, ести, құрметтей алмауы туындайды. Біз қоғамда өмір сүретіндіктен қандай да бір адамдардың алдында жауапкершілігіміз бар екенін түсіну керекпіз. «Мен ешкімге міндетті емес, маған ешкім міндетті емес» деп өмір сүруге де болмайды. «Қоғам сенсіз өмір сүреді, ал сен қоғамсыз өмір сүре аласың ба?!» деген мәселе ғой.

Жалпы азаматтық құндылықтарда ел үшін, адамзат үшін қызмет ету деген бар. Осының ара-жігін түсініп алу керекпіз. Сондай-ақ, өзіңе қамқор болудың да шегін түсініп, екеуінің ортасын ұстанған абзал. «Өзім білемінге» салсақ мына әлем хаосқа айналып кетеді. Адамның өз әрекетіне жауап беруі, өзіне қызмет етіп, өзінің әрекетін ұйымдастыруы өзімшілдік емес, жауапкершілік. Тек қана «мен» деген дүние – эгоизм. Ал эгоизмнің түбі паразиттік қарым-қатынасқа айналады. Жұбайлық өмірдегі сау қарым-қатынас дегеніміз – екеуара да жақсы өмір сүру, жеке өзіңізбен қалғанда да өзіңізді толық адам, бақытты адам сезініп өмір сүру.

– Елдегі ажырасу көрсеткішіне мән берсек, жастар отбасылық өмірге дайын емес пе деген ой қылаң береді. Ал жалпысында өз ұясын құрып, шаңырақ көтеруді ойлаған жастар отбасылық өмірге қалай дайындалуы керек?

Жоғарыда атап өткенімдей, отбасын құратын жастар және олардың ата-аналары тойға, құдалыққа дайындық жасағандай, баласын да отбасылық өмірге, ата-аналық өмірге әзірлеуі тиіс. Базалық дайындықсыз отбасын құру түрлі қиындықтарға толы. Өкінішке қарай, қазір көп жас экономикалық әлеуетін арттырмай, өзін танымай, өз қалауын естімей жатып отбасын құруға асығады. Ата-аналар да қыздарына «өзің адам қылып аласың, әйтеуір күйеуге ти» дейді. Мұның соңы ылғи да жақсылықпен аяқталмайды.

Көзқарасы, құндылықтары дұрыс ата-ана отбасында балаға өмірлік дағдылар қалыптастыруы керек. Біз ата-ана ретінде баламыздың табысты, жетілген тұлға болғанын қалаймыз. Тәрбиелеуде мүмкіндігінше ақыл-кеңес беріп, дамытушы құралдар қолдануға тырысамыз. Бірақ бала біздің айтқанымызды емес, істегенімізді қайталайтынын ұмыт қалдырып жатамыз. Біз өз іс-әрекетіміз, эмоцияларымыз, өзара қарым-қатынасымыз арқылы баланың тек тұлғасын ғана емес, өмірлік сценарийін жазып жүргенімізді білмейміз. Яғни бала отбасы тәрбиесінен рухани азық, құндылықтар, пайдалы дағдыларды ғана емес, жағымсыз дүниелер де алуы мүмкін. Ол сіздің талмай айтқан ақыл-кеңестеріңізді емес, бәрібір істегеніңізді, әдеттеріңіз бен қылықтарыңызды бейсаналы түрде қайталайды.

– Ата-ана бала тәрбиесінің айнасы... Баласының тұлға болып қалыптасуы үшін ата-ана не істеуі керек?

Ата-ана қалыптастыратын дағдылар әдеттегі баланы киіндіріп мектебіне апару, жақсы білім алу, университетке түсу, сосын жұмысқа орналастырып, үйлендіру емес. Өмірде кездескен пробеламаларды қалай шешу керек, стресстік жағдайда қандай шешім қабылдау керек, өзгелермен қарым-қатынасты қалай құрған дұрыс, өзіңнің көңіл-күйіңді қалай басқара білу керек, өзіне және басқаны қалай түсіну керек деген сияқты дүниелер үйретіліп, ересек өмірге деген дайындық жүргізілуі тиіс.

Отбасында осы дүниені игеріп өскен бала университетке барғанда ешкімге жалтақтамайтын, өмірлік дағдыларын әрі қарай жетілдіретін, өзіне не қажеттігін, отбасын құруы үшін қандай адам керек екенін біледі. Ол адаммен қалай өмір сүру керек, оның жоспар-мақсаттары қандай деген сұрақтардан қиналмайды. Осы базалық дағдылар игерілмесе, ол адамның өмір жолында бұл проблемалар қайта-қайта кездесе береді.

– Ұлы сөздің ұяттығы жоқ. Отбасының ыдырап, екі жастың өз алдына кетуіне өзгеге көз салып, теріс жүріске баруы да әсер етіп жатыр. Осыдан барып шаңырақ шайқалады, ажырасу, алимент төлеуден жалтарады, көп жағдайда әке баладан безеді...

– Көзге шөп салу жеке адамның жауапкершілігіндегі дүние. Егер біз оны өзара түсініспеушіліктен дей салатын болсақ, ол біржақты пікір болмақ. «Ер адам әйелінен жылулық жетіспегендіктен, оны түсінбегендіктен барды» деген жаңсақ пікірді қоғам жиі алға тартады. Бірақ әр отбасындағы себеп әртүрлі, бәріне ортақ бір себеп жоқ. Бақытты отбасылардың бәрі ұқсайды, бақытсыздар әртүрлі.

Одан бөлек, әр әйел мен ердің отбасы түсінігі, моделі өмірлік бағыт-бағдары – өскен ортасына, шыққан отбасына байланысты. Қоғамда ажырасу дерегі көбейіп жатса, онда бұған бәріміз кінәліміз. Қазір ересектердің өзі балаларына мұсылманша неке қидырғанмен, ресми тіркемей жатады. Мұның артында «ол екеуі тұрып кете ала ма, алмай ма?», ертең ажырасса алимент төлеу, дүниені бөліске салу мәселесінің алдын алу сынды жағдайлар тұр. Әрине, осыдан кейін жігіттер жауапкершілікті сезінбейді. Себебі ата-анасы оған сондай құралдарды көрсетіп, теріс жөн сілтеп отыр.

Осының кесірінен жұбайлар бір-бірімен ғана емес, балаларымен де ажырасып жатады. Үлкендердің өзара тіл табыса алмауы, балаларға кесірін тигізіп отыр. Әкелер туған балаларына материалдық көмек беруден қашып, айлық табыстарын әдейі азайтып көрсететін жағдайларды кездестіріп жатамыз. Шындығында балаға ақша емес, әкелік махаббат, қамқорлық қажет қой. Ажырасқан күнде де алимент қана емес, бала тәрбиесіне қатысты да заңдық тұрғыдан қандай да бір міндеттер жүктесе дұрыс болатын еді деп ойлаймын.

– Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған деп жатамыз. Бірақ бұл өткеннің еншісінде кеткендей. Ал қазір бәрі басқаша. Тірі жетім бала, ажырасқан әйел... Біз сол құндылықтарымыздан, отбасы институтынан қашан айырылып қалдық?

– Отбасы институтын біз большевиктер келген кезде жоғалтып алдық. Олар біздің мал-жанымызды, дүниемізді ғана бөліске салмады, сондай-ақ, салт-дәстүрімізді, ділімізді, отбасы институтына тиесілі құндылықтарымызды да алды. Осылардың бәрі алынғанда, негізгі құндылықтарымыз жойылды. Жалпы әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, отбасы, балаға тәрбие беру – өзекті дүние және оның шешімі – отбасылық дәстүрлердің болуы. Халықаралық конференциялар да, түрлі іс-шараларда осы саладағы әріптестерім «Отбасындағы қарым-қатынасты сақтау ортақ дәстүрлер мен жиындардың болуы» дегенді айтады. Ал қазақ халқында мұндай дәстүрлер жетерлік.

– Енді осы құндылықтарымызды қайтарып, белең алған ажырасу проблемасын тоқтату үшін не істеуіміз керек?

– Балаларға өмірлік дағдылар беру, геронтопсихология бойынша үлкен буынның ішкі қайшылық мәселелерін шешу, буындар арасындағы байланыстың болуы, отбасы институтын қайта жандандыру арқылы ғана біз ажырасу мәселесіне тосқауыл бола аламыз. Өзгелердің құндылықтарына құрметпен қарап, өзімізге не қажет екенін білгенде мұндай проблемалар саны да азаяды.

Сондай-ақ мамандар мен органдардың бірлескен жұмысы қажет. Қазақстанда білікті мамандар жетерлік, бізді қандай да бір жоба аясында біріктірсе, тегін де жұмыс істеуге келісетін едік. Бұл салада ұзақ мерзімді жасалып жатқан жүйелі жұмыс жоқ. Елімізде үлкен орталықтар көбейіп, кәсіби психологтардың жұмыстары кең таралуы тиіс. Ал бізде көп жағдайда дилетант психологтарға бой ұрады және бұл жағдай адамдардың сыни ойлауының кемшін екенін байқаймыз. Сондықтан жеке адамдар сауаттылықтарын арттырып, талғам қалыптастырып, сыни ойлауды дамытуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары