Білім және ғылым саласы мамандарының еңбегі елеусіз қалды – Асхат Жұмабеков
Ол әлемдегі ең үздік ұстаздардың бірі
Биыл Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет қазақстандық педагог Асхат Жұмабеков «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының иегері атанды. 32 жастағы мұғалім Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етеді. Ол монография, 3 кіап пен 6 авторлық құқықтың иесі. Еңбектері Қазақстан, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания, Украина журналдарында, жинақтарда, газеттерде жарық көрді. Шәкірттері «Туймаада», Жәутіков, Дарын, Оңтүстік Кореяда өткен «Молодой учёный» сынды республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жүлдегері. Ол дәріс берген түлектердің арасында Назарбаев университеті, Гонконг политехникалық университеті, Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінен бөлек, АҚШ пен Ресей, Еуропаның танымал оқу орындарының грант иегерлері бар. Білікті маманмен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасты.
- Асхат Советханұлы, есіміңіз әлемнің үздік 50 педагогының тізіміне енді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында осындай табысқа қол жеткізген алғашқы және әзірге жалғыз мұғалімсіз. Жалпы жаһандық додаға қатысу қаншалықты қиын болды? Сізді осындай жеңістерге не жетелейді?
- «Әлемнің үздік педагогы» жаһандық сыйақысы жеңіл байқау емес. Мен оған екі жыл дайындалдым. Бірінші рет Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімддері арасындағы додада жеңімпаз атандым. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым минтстрлігінің «Үздік педагог» атағына лайық деп танылдым. Бұл жетістіктердің барлығы жаһандық байқауға көтерілуге баспалдақ іспетті болды. 2019 жылы есімім «Әлем мұғалімі» сыйақысының номинанттары қатарына жазылды. Бірінші кезекте өз деңгейімді бағалап, өзгелермен салыстыруға мүмкіндік туды. Дегенмен, байқауға қатысу мен үшін айтарлықтай қиын болған жоқ. Себебі бұған дейін оқушыларым мен өзімнің қол жеткізген табыстарымыз өз нәтижесін берді.
- Сізді осындай жеңістерге не жетелейді?
- Мені алға жетелейтін басты күш – өзім еңбек ететін мектеп пен шәкірттерім. Әр оқушы мұғалімнен қызықты сабақ күтеді. Олардың әрқайсысының өз мақсаты бар. Сол мақсатқа жетуде ұстаздарынан үлгі алады. Мен бірінші кезекте оқушыларымнан, содан соң әріптестерімнен мотивация аламын. Қазақстан тарихында алғашқы адам болып жаһандық үздік мұғалімдердің қатарына кірдім. Бұл атақ маған бірінші кезекте үлкен жауапкершілік жүктейді. Түрлі мемлекеттерде тұрып жатқан көптеген педагог мамандармен таныстым. Олармен бірлесе отырып түрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мақсатым – еліміздегі әріптестерімді осы жобаларға тарту. Біздің мұғалімдер қауымдастығында да кәсіби дағды, білім мен тәжірибе жетерлік екенін көрсеткім келеді. Олар да әлем ұстаздарымен осындай құндылықпен бөлісе алады.
- Сізді монография, 3 кітап пен 6 авторлық құқықтың, яғни патент иесі ретінде білеміз. Еңбектеріңіз не жайлы?
- Менің еңбектерімнің басым бөлігі физика пәнін оқыту әдістемесіне арналған. Алғашқы монография инклюзивті білім беру жайында жазылды. Онда Қазақстан, Ресей мен Финляндия тәжірибесін қамтыдым. 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуымды аяқтар шақта ғылыми тәжірибе ретінде орындалды. Монографияда ғылым кандидаттары, сарапшылардың пікірлері бар. Олар маған көмектесіп, бірлескен автор атанды. Басылым Германияда, Ресей ғылым академиясында жарық көрді. Оқулықтар оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға, сабақтағы тәжірибелік жұмыстарға арналған.
Авторлық құқыққа келер болсақ, нанотехнология бойынша оқушылармен бірге орындаған соңғы зерттеулеріміз қамтылды. Семей өңіріндегі радияциялық фонды зерттеуге арналған еңбектер бар.
- Болашақта тағы қандай авторлық еңбектер жазғыңыз келеді?
- Болашақта физика пәнін оқыту әдістемесіне, оқушылардың жұмыстарына басымдық бермекпін. Шәкірттерімнің бойында ғылыми-тәжірибелік жұмысқа деген қызығушылықты арттыру үшін оларды да авторлық құқыққа қосамын.
- «Дарынсыз шәкірт жоқ, талапсыз мұғалім бар». Осы қағидамен келісесіз бе? Және себебін айтып өтсеңіз.
- Мен бұл тұжырыммен толық келісемін. Бір орында тұрмай ізденетін мұғалім оқушыларына сапалы білім беруге барынша жағдай жасайды. Біз бәсекеге қабілетті шәкірттер санын арттыруымыз керек. Жаһандық қоғамда көшбасшылар тәрбиелеу қажет. Мұғалімнің басты міндеті – өзгелермен тәжірибе алмасып, өзін өзі дамытуға бағытталуы тиіс. Педагог жаңашылдықтардың бәрінде алдыңғы қатарда тұрады.
- Сіз дарынды балаларға арналған мектепте сабақ бересіз. Мұғалімдер арасында «қабілетті балалармен жұмыс істеу жеңілірек» деген пікірді жиі естимін. Әріптестеріңіздің осы ойымен келісесіз бе?
- Мұндай мектепте жұмыс істегенде екі есе көп еңбек етуің керек. Күн сайын ізденісте болып, сабаққа дайындыққа екі есе көп уақыт жұмсайсың. Дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге жүктелер жауапкершілік те салмақты. Бізде оқушылардың деңгейі әртүрлі. Өйткені олар белгілі бір пәнді өте жақсы оқып, келесі пәннен кейде үлгерімі төмендеу болуы мүмкін. Менің міндетім – оқушыларға қолдау көрсету.
Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу үшін емтихан тапсыру қажет. Іріктеліп алынған балалар мұғалімнің жұмысын жеңілдетпейді. Дарынды балалармен жұмыс істейтін мамандар үнемі өздерін кәсіби тұрғыда жетілдіріп тұруы тиіс.
- Мұғалім қандай болуы керек? Арнайы заң қабылданса да неге ұстаздар әліге дейін қоғамда тиісті бағасын ала алмай келеді?
- Мұғалім жаңа технологияларды меңгеріп, білім алуға құштар болуы тиіс. Оқушыларына жетекшіге айналып, шәкірттерінің дарынын көріп, сол қабілетті әрі қарай дамыту – педагогтың міндеті. Ол үшін ата-ана, мұғалім мен білім алушы арасындағы байланыс үзілмеуі шарт. Педагог мәртебесі туралы заң салаға жақсы жаңалықтар алып келді. Мұғалімдердің еңбек ақысы көтерілді.
Қоғамда ұстаздардың беделін көтеруге бағытталған жұмыс атқарылуда. Мұғалім – тұлғаны қалыптастырудың іргетасы. Сондықтан олар құрметке лайық. Директорлар оларға кәсіби өсу мүмкіндігін жасауы керек. Финляндияда білім ала жүріп көңілге түйгенім, ол жақта мұғалім ең құрметті мамандық иелерінің бірі. Халықаралық зерттеулер финляндиялық педагогтар мен оқушылардың білім саласында алдыңғы қатарда тұрғанын көрсетті. Сондықтан Қазақстанда да ұстаздар қауымына осындай көзқарас қалыптасса деймін.
Тәуелсіздіктің 30 жылы қорытындыланды. Спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды. Бірақ білім, ғылым саласының мамандары мұндай құрметке ие болғанын көрген жоқпын. Шет елдерде еліміздің намысын қорғап, туын көкке көтеріп жүрген ұстаздар бар. Бірақ ешқайсысы еленбеді. Сондықтан жоғары жақтан тиісті назар аударылса, қарапайым азаматтар да аталған сала мамандарын құрметтер еді.
- «Болашақ» бағдарламасы арқылы Финляндияда білім алдыңыз. Шетелдік білім беру жүйесі мен отандық жүйені салыстыра айта өтсеңіз. Қазақстандық білім беру саласын қалай дамыту керек?
- 2016 жылы Финляндияда қолданбалы ғылымдар университетін тәмәмдадым. Мамандығым – білім саласында басқару. Фин мектептерінде жұмыс істедім, университетте тәжірибеден өттім. Әр елдің өз тарихы, білім саласының қалыптасу жолы бар. Сондықтан салыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақстанда да сапалы білім беріліп жатыр. Осыны жоғалтпай, жаңашылдыққа да дайын болуымыз керек.