$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Коронавирусқа қарсы екпе жүктілікке кері әсер ете ме – маман жауабы

Жүкті және емізулі әйелдерге Pfizer-ден басқа қандай вакцина салдыруға болады?

Коронавирусқа қарсы екпе жүктілікке кері әсер ете ме – маман жауабы

Жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерге коронавирусқа қарсы екпе салу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Жұқпаға қарсы вакцина алған дұрыс па? Екпе жүктілікке қалай әсер етеді? Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде Петропавл қалалық №3 қалалық көпбейінді аурухананың жетекшісі Жанна Мауытовамен сұхбаттасты.

- Жанна Қабиденқызы, жүкті және бала емізетін әйелдер қазір Pfizer вакцинасын алып жатыр. Олар коронавирусқа қарсы вакцина алуға міндетті ме?

- Тұрғындар вакцинациядан міндетті түрде өтуі тиіс, бірақ оларды ешкім мәжбүрлемейді. Бұл жерде ең алдымен міндетті және мәжбүрлі деген ұғымдардың аражігін ажыратып алуымыз керек. Яғни, екпе алу міндеттелсе де азаматтардың таңдау құқығы бар. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдегі ең сенімді әрі сапалы вакциналардың бірін сатып алды. Оны көпшілік ауызекі тілде «Pfizer» деп атап кетті. Алайда, ол үш компанияның еңбегінің жемісі екенін естен шығармауымыз керек. Pfizer – Германия, АҚШ, Қытай ғалымдарының бірлескен жобасы. Оның ерекшелігі – құрамында вирус мүлде жоқ. Вакцина ағзаға енгізілгеннен кейін адамның бойында коронавирусқа қарсы имунитет қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Сондықтан ол жасөспірімдер, бала емізетін жас аналар, тіпті жүкті әйелдер мен шарана үшін де қауіпсіз.

- Вакцина алмаған жүкті әйелдер босанатын кезде перзентханаға түскенде тиісті медициналық көмекті екпе алған келіншектермен бірдей ала ма? Әлде оларға қатысты қандай да бір шектеу шаралары жүзеге асырыла ма?

- Әрине, вакцина алмаған әйелдерді ешкім шектемейді. Кез келген жағдайда кез келген науқасқа, әсіресе жүкті келіншектерге барынша медициналық көмек көрсетіледі. Вакцина алатын адам бірінші өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Сондықтан босанатын келіншектердің барлығы осы жағын қаперінде ұстауы керек.

- Бүгінгі күні өңірде вакцина алған жүкті әйелдер саны қаншаға жетті? Белсенділік байқала ма, әлде керісінше ме?

- Әзірге вакцина алған әйелдер көп емес. Өңірде түрлі мерзімдегі жүктілік бойынша тіркеуде тұрған 4200 адам бар. Бұл бағыттағы жұмыстың сылбырлығы ақпараттың жетіспеушілігі деп ойлаймын. Вакцинаның маңыздылығы жайында көпшілік бейхабар болып отыр. Олай дейтінім, әлемдік статистика бойынша коронавирсқа қарсы вакцина алған жүкті әйелдер саны аз емес. ДДСҰ мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 200 мыңның маңайында.

- Жыл басынан бері СҚО-да коронавирусқа шалдыққан әйелдер саны нешеге жетті? Қайтыс болған аналар, сәбилер бар ма? Статистиканы сөйлетсек...

- Коронавируспен ауырған жүкті әйелдер саны 4 мыңнан асты. Бұл дәрігерлер үшін алаңдатарлық көрсеткіш. Жүктілік кезінде адамның иммунитеті төмендеп, ауру жұқтыру қаупі жоғарылайтыны берлігі. Жүкті әйелдер сырқатты ауыр өткеретінін де ескеруіміз керек. Сондықтан бұл санаттағы келіншектер аса сақ болуы шарт. Облыста бала емізетін 6 100 ана бар. Олардың қатарында екпе алып жатқандар баршылық. Өйткені ана сәбиін көргенде, құшағына алғанда оның алдындағы жауапкершілік артады деп ойлаймын. Қазақстан бойынша коронавирустан болған бала өлімі алғаш рет Петропавлда тіркелді. Бір жастан асқан сәби шетінеп кетті. Одан кейін ана өлімі тіркелді. Марқұм – босанғанына 9 тәулік өткен әйел. Пневмонияны жеңе алмады. Шарана шала туды. Дәрілерлер сәбиге барынша көмек көрсетіп, аман алып қалды. Оған әлі де медициналық көмек қажет.

- Коронавирустың жүкті әйелдер мен іштегі сәби үшін қандай қаупі бар?

- Әлемдік статистикаға сәйкес, коронавирус жұқтырған жүкті әйелдердің 39 пайызы ай-күні толмай босанған. 100 баланың 39-на қауіп төнеді. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Түсік тастау қаупі де басым. Анасы ауырған сәтте іштегі баланың да өкпесі қабынуы ықтимал.

- Жүкті әйелдерге қай мерзімде коронавирусқа қарсы екпе алуға кеңес бересіз?

- Жай ғана кеңес емес, арнайы зерттеулерге негізделген ғылыми нұсқау бар. Оған сәйкес 16-37 апта аралығында екпе салдырған дұрыс. Бұл мерзім іштегі сәбидің денсаулығына қауіп төнбес үшін, туа бітті кемістіктерді болдырмау үшін таңдап алынған. Өйткені алғашқы 15 аптада баланың барлық маңызды органдары қалыптасады. Ал 37 аптаға дейін шектелуі – болашақ ананың босану мерзімі жақындауымен байналысты. Жүкті екенін білмей әйелдің екпе алғаны туралы ақпаратты талай кездестірдім. Қыз-келіншектер инернетте де талай сұрақ қойып, сәбиінің денсаулығына алаңдап жатады. Жүктіліктің бастапқы кезеңінде екпе алып, қандай да бір асқыну болған жағдай тіркелген жоқ. Екпе алуға кеңес бермес бұрын мен осы мәселені жан-жақты зерттедім. Әлемдік тәжірибені талдадым. Ана баласын, бала анасын жоғалтқанын қаламас едім. Сондықтан баршаға мықты денсаулық тілеймін.

- Ауру белгілері жоқ, бірақ инфекция тасымалдаушы адамдар болатыны дәлелденді. Жүкті әйелдердің қатарында да мұндай жағдайлар кездеседі. Қауіп бар ма?

- Иа, жүкті әйелдердің арасында да белгілері жоқ ауру кездеседі. Ол анаға да балаға да ешқандай қауіп төндірмейді. Тек сараптама ғана инфекцияны көрсетуі мүмкін. Оған алаңдамауға болады.

- Жүкті әйелдерге Pfizer-ден басқа вакцина алуға бола ма?

- Қазір елімізде қолданыста жүрген барлық екпелерді салдыруға болады. Тек Қазақстан жүкті әйелдер мен жасөспірімдер үшін ең жақсы вакцинаны сатып алды.

- Болашақ аналарға көптеген дәрі-дәрмекті пайдалануға тыйым салынған. Өйткені күшті медициналық препараттар іштегі сәбидің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Ал, коронавирусқа қарсы вакцина алған кезде баланың түрлі кемістікпен туу қаупі бар ма?

- Туа бітті кемістік қаупі қашанда бар. Сондықтан жүктіліктің бірінші триместрінде перинаталдық скрининг жасауға тырысамыз. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының тиісті сараптамалардың барлығын жасатуға мүмкіндігі бар. Перинаталдық орталық былтыр хромосомдық ауытқуды анықтайтын қондырғылар сатып алды. Егер кемістік болса да, оның себебі вакцина болады деп ойлаймын. Оған көптеген фактор әсер етеді: өмір сүру салты, экология, басқа да дәрі-дәрмектер. ДДСҰ-да деректер қоры бар. Жүкті әйелдер сол ақпараттық жүйеге тіркеледі. Әлемдік статистика соған сәйкес жүргізіледі. Қандай да бір қорытынды жасау ерте. Бірақ вакцинадан кемістікпен туған бала тіркелген жоқ.

- Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Серіктес жаңалықтары