Биыл «Болашақ» бағдарламасына 15,6 млрд теңге бөлінді
Студенттердің көбі Еуропа елдері мен АҚШ-ты таңдайды
Биыл «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасына 28 жыл толды. 1993 жылдан бері жоба аясында 11 400-ден аса қазақстандық шетелде біліміін жетілдіруге мүмкіндік алды. Бүгінде бағдарлама түлектері еліміздің дамуына қандай үлесін қосып жүр? Бағдарламаның алдағы уақытта талаптары қатаңдатыла ма? Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова айтты.
Нақтырақ айтқанда, бағдарлама аясында 6 300-ден астам қазақстандық магистратура бойынша, 2800 азамат бакалавриат бойынша, 246 адам докторантура, ординатура, аспирантура және интернатура бағыттары бойынша академиялық білім алды. 2000 маман шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті. Биыл пандемияның жалғасып жағдайында 23 елде 600-ден аса стипендиат білім алуда, ал 300-ден аса студент оқу елдеріне аттану сатысында.
«Жалпы бағдарламаның 28 жылдық іске асырылу кезеңінде оқу елдері ретінде 50-ден аса мемлекет таңдалды. Оның ішінде білім беру саласында Қазақстанның серіктесі ретінде 500-ден аса ЖОО-мен келісімшарт жасалды. Жалпы, қазір оқу елі ретінде бірінші бестікте АҚШ, Ұлыбритания, құрлықтық Еуропа елдері және Оңтүстік шығыс Азия елдері бар», - деді Айнұр Кәрібозова.
Бағдарлама басталғалы бері стипендиаттардың 45,5%-ы Ұлыбритания мен Ирландияда, 26,4%-ы АҚШ пен Канадада, 12,6%-ы құрлықтық Еуропа елдерінде, 8%-ы Азия мен Океанияда, сондайақ 7,5%-ы Ресей Федерациясында білім алған.
«11 мың 400 степендианттың 50 пайыздан астамы гуманитарлық-әлеуметтік бағыт бойынша білім алды. 30 пайыздан астамы инженерлік-техникалық, 8 пайызға жуығы медицина саласында және 2 пайызға жуығы шығармашылық бағыт бойынша оқығандар. Қазір осы түлектердің 50 пайызға жуығы мемлекеттік органдарда қызмет етеді. 30 пайыздан астамы жеке секторда, 10 пайыздан астамы Қазақстанда аккредиттелген халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмыс істесе, 2 пайызға жуығы Ұлттық компанияларда қызмет етуде», - деді Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті.
Пандемия жағдайы Болашақ бағдарламасына да өзгерістер енгізуге ықпал етті. Биыл бағдарламаның басым мамандықтар тізіміндегі медицина саласы жаңа бағыттармен толықты.
«Соңғы екі жылда, яғни пандемияның жалғасу жағдайында басымды мамандықтар тізімі Болашақ бағдарламасының шеңберінде жетілдірілді. Олар: өндірістік инжиниринг, жаңа технологиялар – инновациялар, білім беру саласы, медицина, әлеуметтік жаратылыстану ғылымдары, креативті индустрия (өнер саласы). Айта кететін жайт, осы пандемия басталғалы салалық Денсаулық сақтау министрлігі Болашақ бағдарламасының шеңберіндегі басымды мамандықтар тізіміне инфекциялық ауралар, вирусология, иммунология, реабилитология сияқты маңызды бағыттарды қосты», - дейді Айнұр Бағдатқызы.
Жалпы Халықаралық бағдарламалар орталығының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, болашақтықтар жыл сайын орта есеппен 213 мың медициналық операция жасайды екен. Сондай-ақ, 805 түлек денсаулық сақтау саласында қызмет атқарса, оның 545-і тәжірибелі дәрігер, 135-і медициналық жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін мамандар. Олардың ішінде Алматыдағы Халықаралық Вакцинология орталығының жетекшісі Қайсар Табынов бүгінде COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеу тобының құрамында еңбек етеді.
Бағдарламаның тағы бір түлегі Мыңжылқы Бердіқожаев бас миының аневризмасын емдеудің жаңа әдістерін енгізіп, Қазақстандағы алғашқы механикалық тромбоэктомияны жасады. Онкология және радиология ҚазҒЗИ онколог-маммологы Назгүл Омарбаева болса жас ғалымдар тобымен бірге жас әйелдердің сүт безі обырының дамуына қатысты генетикалық зерттеулердің рөлі туралы жаһандық зерттеу жүргізді. Осылайша ол 2018 жылы Сочиде өткен ТМД елдерінің онкологтары мен радиологтарының Х съезінде «Үздік жас ғалым» атағын алды. Ал кардиохирург Бауыржан Рақышев елімізде алғаш рет жүрекке шағын инвазивті және тораскопиялық операциялар жасады.
«Болашақ түлектері елге оралғанан кейін қазіргі ережеге сәйкес мамандығы бойныша республикалық маңызы бар үш қалада еңбек етуді қаласа 5 жыл ұсынылады, ал аймақтарға баруды таңдаса еңбек өтілінің мерзімі 3 жылға дейін қысқартылады. Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық миссиясында өз мамандығы бойынша шетелге СІМ жүйесіндегі штататтық дипломаты ретінде жолданса, оған басқа елде жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Ол да еңбек өтілі ретінде есептеледі», - деді Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті.
Айнұр Кәрібозованың айтуынша, «Болашақ» стипендиясы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім алуды көздейтін кез келген қазақстандық үшін ең тиімді халықаралық бағдарлама.
«Болашақ бағдарламасының шеңберінде бір отбасыдан әкесі, анасы, баласы, келіні, тіпті немересі оқығандар бар. Сондай-ақ, бір отбасының үш баласы болса, үшеуі де Болашақ бағдарламасымен білімдерін жетілдіріп келгендер бар. Бұл жобаның шынайылығын көрсететін айқын дәлелдің бірі. Жыл сайын оқуға жолданатын, оқып жатқан стипендианттардың саны орта есеппен 1100-1300 азаматты құрайды. Бюджет білім алушылардың санына қарай бөлінеді. Мәселен биылғы контингентке бөлінген қаражат 15,6 млрд теңгені құрайды. Стипендианттардың алатын шәкіртақысы оқу еліне байланысты әртүрлі. Мысалы АҚШ елінде әр штатқа байланысты бекітіледі. Ол жақтағы стипендияның орташа есебі ай сайын 2000-2200 долларды құрайды. Ал құрлықтық Еуропа және Ұлыбритания елінде 1900-2000 долларды құрайды», - деді орталық президенті.
Алайда бағдарлама аясында шетелдік ЖОО-ға түсіп, орта жолда сол мемлекетте қалуды жөн көрген азаматтар да бар.
«28 жылда түрлі себеппен Қазақстаннан тыс қалған түлектердің саны 179 азаматты құрайды. Бұл азаматтардың барлығы Шетелде кадрларды даярлау комиссиясының шешімімен Болашақ халықаралық стипендиясынан айырылып, олардың оқуына жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтару міндеттемесімен стипендиясынан айырылған. Бүгінде 100-ден аса азамат оқуға жұмсалған қаражатты толықтай қайтарды. Ал қалған 60-қа жуығымен қарызды қайтару жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жалпы Болашақ бағдарламасының аясында түлектердің жаппай елден кету үдерісі бізге тиесілі емес. Өйткені жобаның концепциясы, стипендияға құжат тапсыратын азаматтардың миссиясы және мәртебесі бөлек», - деді Айнұр Бағдатқызы.
Бүгінде Болашақ бағдарламасы стипендиясының иегері атанудың шарттары қатаңдатылған. Нақтырақ айтқанда үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелеріне сәйкес квоталық санаттар жойылды
«Болашақ халықаралық стипендиясына үміткерледі іріктеудің жаңа ережесі Үкімет қаулысымен 2020 жылдың 6 мамырында бекітілді. Барлық үміткерлер бұдан былай бағдарлама аясындағы ЖОО-ға шартсыз хат негізінде өз бетімен түскен болуы тиіс. Бұған дейін үміткерлер конкурсқа жеңілдетілген негізде (квотамен) қатысатындар және өз бетімен түсетіндер болып бөлінді. Ал енді 2020 жылдан бастап үміткерлердің конкурсқа қатысу мүмкіндіктерін мейлінше теңдестіру үшін квоталық санат жойылды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді игерудегі талап та қатаңдатылды. Бұған дейін үміткерлер Қазтестің А2 деңгейінен өтуі тиіс болса, қазір олар құжат тапсырмас бұрын Қазтестке өздері тіркеліп, B1 сертификатын алуы міндеттелді. Яғни ондағы 150 сұрақтың кемінде 105-не дұрыс жауап беруі керек», - деді Анұр Кәрібозова.
Сонымен қатар, биыл Болашақ бағдарламасына 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламаларына бөлінсе, қалған 500-і Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты үшін берілді.