Ұлттық мектеп моделі, онлайн білім және 100 жаңа оқулық – Рауан Кенжеханұлымен сұхбат
Спикеріміз шетелге кетіп жатқан білікті жастар мәселесі туралы да айтты
Біздің бүгінгі спикеріміз еңбек жолын қоғамдық ұйымда координаторлықтан бастап, бүгінде еліміздегі ең үлкен электронды білім беру платформасының директоры болған кәсіпкер – Рауан Кенжеханұлы.
Azattyq Rýhy тілшісі Гарвард түлегімен Қазақстандағы оқу жүйесі, білім саласында үлкен компания құрудың қыр-сыры мен шетелге кетіп жатқан білікті жастар мәселесі туралы әңгімелесті.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІЛІМ САЛАСЫ
- Рауан мырза, Қазақстандағы бірегей білім беру платформасының негізін қаладыңыз. Он жылдан бері осы салада түрлі жобаларды жүзеге асырып келесіз. Еліміздегі білім саласына көңіліңіз тола ма, салаға қандай өзгерістер қажет?
- Білімнің сапасы мен теңдігі керек. Қазір біз үшін де, әлем үшін де ең өзекті мәселе – білім берудегі теңсіздік. Шын мәнінде сапалы білім беру үшін бізге жағдайы жақсы мектеп, білігі мен ынтасы жоғары мұғалімдер қажет. Ондай мектеп те, мұғалім де көп емес. Сондықтан шамасы жеткендер ғана жақсы мектеп пен жақсы мұғалімге барады, ал басым көпшілік – барымен базар деуге мәжбүр. Сапалы білім – аз ғана топтың қолы жететін, эксклюзивті дүниеге айналды. Оны беретін – арнаулы мектептер, жеке меншік мектептер мен халықаралық мектептер. Сол себепті бізге эксклюзивті емес, инклюзивті, яғни көпшілікке ортақ, тең мүмкіндік туғызатын білім беру жүйесі қажет.
Ол – өте күрделі міндет. Жүйені жаппай керемет мектеп, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін қыруар күш қажет. Меніңше, бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – технологиялар. Біздің міндет – ең озық мектептер мен ең білікті мұғалімдердің тәжірибесін технологиялардың көмегімен әр балаға жеткізу. Бұл міндетті әлдеқайта аз ақшаға және анағұрлым тез шешуге болады.
- Қазақстанда Bilim Media Group сынды үлкен компанияны құру үшін ең алдымен не қажет? Жалпы аталған компанияны құруда қандай қызықтар, қиындықтар мен кедергілер болды?
- Біздің мақсатымыз – ең үлкен компания құру немесе біреудің алдына шығу емес. Біз білім сапасын көтеру және оны қолжетімді ету мәселесін шешкіміз келеді. Кез-келген бастама немесе бизнес-жоба белгілі бір мәселені шешуге арналады. Ең бастысы – сол шешемін деп оқталған мәселеден қателеспеу. Егер таңдаған мәселеңіз шын мәнінде өзекті, шын мәнінде күрделі болып, сіз оған жақсы шешім ұсына алсаңыз, шаруаңыз алға басады. Ал егер таңдаған мәселеңіз ойдан шығарылған болса, сіз ұсынған шешім де ешкімге қажетсіз болады. Ондайда бастама сәтсіздікке ұшырайды.
Алайда, шешетін мәселені дұрыс таңдау – үлкен шаруаның ұшы ғана. Одан кейін идеяны іске асырудың қиындықтары басталады. Олар сан алуан, әрі бітіп болмайды. Сондықтан қызығынан шыжығы көп болады деген дұрыс. Ол қиындық пен кедергіні тізе берсек, түңіліп кету оңай. Бірақ, біздің алға қойған үлкен мақсат, ұлы мұратымыз бар. Ол – баршаға қолжетімді сапалы білім. Сол мақсат бізге күш береді, қиындықтарды жеңуге жігерлендіреді, алға қамшылайды.
ОНЛАЙН ОҚУ, ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЖОБАСЫ
- Жалпы отандық IT компаниялар болсын, білім платформасындағы компаниялар болсын, карантинде жақсы дамыды. Сіздер де онлайн білім беретін жаңа жобаларды бастадыңыздар. Онлайн мектеп жобасы ең көп трафик жинайтын платформа екен. Бұл жоба қалай жасалды? Оқушылар мен мұғалімдердің карантиндегі белсенділігін қалай бағалайсыз? Олар бұл жаңа дағдыны игеріп кете алды ма?
- Біздің платформаларымызды қазір күнделікті 2 миллиондай адам пайдаланады. Осы оқу жылында BilimLand және OnlineMektep ресурстарында жалпы саны 150 миллиондай сабақ өтті, 5 миллиардтан астам жаттығу жасалып, тапсырмалар орындалды. Мұндай ауқымды онлайн аудиторияға қызмет көрсету үшін көп күш қажет.
Бұл – Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе жасалған жұмыстың нәтижесі. Бір жыл бойы НЗМ-нің 500-ден аса таңдаулы мұғалімі мен біздің мамандар бірлесе жұмыс істеп, шын мәнінде озық қашықтан оқыту жүйесін жасадық. 42 пән және 11 сынып бойынша екі тілде жаңадан жалпы саны 26 600 цифрлы сабақ жасалды. Яғни, мектеп қабырғасында берілуі тиіс бар білімнің ауқымы сандық үлгіге толық өтті. Білім беру аясындағы түрлі процестер автоматтандырылды, мұғалімдер мен оқушылар жаңа дағдылар қалыптастырды. Енді ол дағдылар, технологиялар мен жаңа контент білім беру үрдісінің ажырамас бөлігі болмақ.
- Сіз «ұлттық мектептің моделі керек дегенді» жиі айтасыз. Өздеріңіз үлгі ретінде ұлттық мектептің моделін жасап көрдіңіздер ме?
- Иә, ондай бастама бар. Ұлт ретінде сақталамыз, мемлекет ретінде дамимыз десек, ұлттық мектептің үлгісі бізге ауадай қажет. Бірақ ол біреудің қалауы немесе шешімімен әп-сәтте бола салатын нәрсе емес.
Біздің ойымыз – айналаға ұлт мүддесі тұрғысынан қарайтын оқу бағдарламасын құрып, оны дамыту. Ұлт мектебі болу деген тек қазақ әлемімен тұйықталу деген сөз емес. Ондай мектеп дүниедегі бар жақсылық пен жаңалықты қорыта отырып, сол білімді ұлт мүддесіне қызмет еткізеді. Қазіргі білім беруде кең тарап жатқан ұстаным – әлем азаматын тәрбиелеу, меніңше, бұл көзқарас тәуелсіздікке балта шабады. Біз ойлаған мектептің түлегі әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар, қазақ азаматы болуы керек. Ол үшін мектеп бағдарламасы, әсіресе тарих, тіл, әдебиет, өлкетану, өнер бағытындағы пәндердің мазмұны қайта қаралуы қажет. Сонымен бірге, мектептегі тәрбие жұмысы алдыңғы кезекке шығуы керек, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас реті, насихатталатын құндылықтар мен қасиеттер жүйесі анықталып, бекуі керек. Мұның барлығы бір кезеңде бола салатын шаруа емес, бұл тұрақты жүретін, ұдайы дамитын процесс. Мектеп ұжымы осы бағытты, жаңа құндылықтар жүйесін саналы түрде қабылдап, әр ұстаз оны күнделікті жұмысына кіргізуі керек.
ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫ, БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ШЕТЕЛГЕ КЕТУІ ЖАЙЛЫ
- Сіз басқаратын Ұлттық аударма бюросы дүние жүзіне танымал 100 оқулықты қазақ тіліне аударды. Аталған кітаптарға cтуденттер мен академиялық ортаның берген бағасы қандай?
- Иә, төрт жылға жуық уақытта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында әлемнің таңдаулы 100 оқулығы қазақ тіліне аударылып, басылды. Бұлар – дүниежүзінің маңдайалды университеттерінің оқу бағдарламаларына кірген, әлемге танымал ғалымдардың көп тілге аударылып таралған бестселлер кітаптары. Олардың әрқайсысы 10 000 данамен басылып, еліміздегі 130 ЖОО кітапханасына таратылды. Оқулықтар философиядан бастап әлеуметтану, психология, тіл білімі, дінтану, тарих, әдебиет және өнертану, құқық, саясаттану, экономика мен кәсіпкерлік, менеджмент пен маркетинг, медиа мен журналистика, педагогика, кинотану, театртану, интеллектуалдық құқық, статистика, демография бағыттарын да қамтыды.
Бұл жоба академиялық ортаға жаңа серпін беріп, студенттердің әлемнің таңдаулы үлгілерінің негізінде білім алуына мүмкіндік жасады. Оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның күшеюіне ықпал етті. Қазақ тілінің терминологиясын біріздендіріп, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға үлес қосты. Гуманитарлық білім саласының мазмұны түбегейлі жаңарып, ғылыми ізденістерге жол ашылғаны туралы осы саланың мамандары жиі айтып жүр. Жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдерде оқулықтар жан-жақты талқыланды. Ғалымдар мен сала мамандары кәсіби тұрғыдан ұсыныстарын білдіріп, ескертпелерін айтты. Жалпы алғанда, оқулықтардың аудармасы мен жұмыстың ұйымдастырылуына оң пікір айтушылар көп. 100kitap.kz сайтына кіріп, түрлі салада еңбектеніп жүрген ғалымдардың жоба туралы пікірімен танысуға болады.
- Соңғы жылдары біздің елдегі білімді, талантты жастардың көпшілігі шетелге кетіп жатыр. Біз ол жастарды неліктен елде қалдыра алмай отырмыз?
- Ол бізде ғана емес, әлемде жүріп жатқан, объективті себептері бар құбылыс. Әлем елдері өзара капитал және таланттар үшін күресіп жатыр. Біз секілді елдер сырттан капитал тартуға тырысады, ал ілгері дамыған елдер әлемнің түкпір-түкпірінен қабілетті маман тартуға тырысады. Дамыған елдер білім, ғылым мен технологияның орталығы болып қала бергісі келеді, ол үшін оларға талантты жастар, жаңа мамандар қажет. Сол себепті ондай мемлекеттер қабілетті жастарды шақырып, оларға бар жағдайды жасауға дайын. Білім мазмұнын халықаралық талаптарға бейімдеу, ұлттық білім беру жүйесін халықаралық тесттер арқылы бағалау, негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқыту – осының барлығы сол мақсатқа жұмыс істейді. Халықаралық бағдарлама бойынша, ағылшын тілінде жақсы білім алып, ол білімін халықаралық талаптар негізінде растай алған мектеп түлегін сырттағы жоғары оқу орындары қуана қабылдайды. Оқуын жақсы аяқтаған түлекке тегін магистратура, докторлық бағдарлама, кейін жақсы жұмыс ұсынады.
Біз ондай бәсекеде дәрменсізбіз. Сондықтан да, елге қызмет етуді міндет деп білетін қазақ азаматтарын тәрбиелейтін ұлт мектептері қажет.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан