«Соғыс. Бомба. Өлім»: Жазасын өтеуші Сириядағы өмірін сипаттап берді

Azattyq Rýhy тілшісі темір торда отырған Жазира Асановамен сұхбаттасты 

«Соғыс. Бомба. Өлім»: Жазасын өтеуші Сириядағы өмірін сипаттап берді
Фотоколлаж

Бүгінгі күнге дейін «Жусан» арнайы операциясы барысында Сириядан 500-ге жуық Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Олардың 315-сі – кәмелетке толмай жатып соғыс көрген балалар. Шам еліне шат өмір іздеп барғандардың 135-і – төмен етектілер. Соқыр сенімге беріліп, жат ағымның жетегінде кеткен қыз-келіншектердің біразы Петропавл әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Шаңырақтың шаттығын кіргізіп, сүйікті жар, ибалы келін, асыл ана атанудың орнына темір тордың ар жағынан телміргендердің арасында Жазира Асанова да бар. Ол терроризм бабы бойынша 8 жылға сотталған. Туған тілін жетік білмесе де, арабтың тілін үйренбек мақсатта 2012 жылы күйеуімен бірге Мысырға аттаныпты. Екі жылдан соң Сирия асып, 6 жылдан кейін ғана елге оралған. Жазасын өтеушімен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Шам еліне қалай бардыңыз? Сізде туған ел, ата-ана мен туған-туысты тастап, жыраққа кетуге не итермеледі?

- Мен ислам дінінің қағидаларын берік ұстанатын отбасында туып-өстім. Ата-анам намаз оқыды. Жасым келіп, тұрмысқа шықтым. 2009 жылы мен де сәждеге маңдайымды тигіздім. Орамал тағып, ораза ұстадым. Достарымыз да өзіміз сияқты намазхандар еді. Олар бізге ақырет күні жайында жиі уағыз айтатын. Сол сәттерде бойымды қорқыныш билейтін. Шынайы діни білім араб тілінде екенін жиі қайталайтын. Күйеуім екеуміз араб тілін үйрену мақсатында Египетке баруды ұйғардық. Сол кезде жеңіл көлігіміз бар еді. Отағасы такси қызметін көрсетіп, күнкөріске ақша табатын. Жылжымалы мүлікті сатып, ақшасына Мысырға аттандық. Александрия қаласына тоқтадық. Күйеуім күнде сабақ оқуға баратын. Оның нақты қайда білім алғаны есімде жоқ, діни колледж болғанын білемін. Ал маған араб әйелі келіп, тіл үйрететін. Әліпбиден бастадық. 

- Мысырда сіздерді кім қарсы алды? Шет елде қалай күн көрдіңіздер?

- Жалғыз емес едік, екі отбасы бардық. Бізді алып барған жолдасымыз оған дейін де Египетте болған екен. Бәрінің мән-жайын білді. Оның да әйелі болды. Күйеуім Дубайдан тауар әкеліп сататын. Бірде бағытын өзгертіп, Түркияға кетті. Мені досына аманаттап қалдырып кетті. Біршама уақыт өткен соң, соңынан мен де Түркияға бардым. Бірақ күйеуіммен кездеспедім, ұзамай хат келді. Өз қолымен жазып, таныс адамдардан беріп жіберіпті. Мені Сирияға шақырыпты. Хатты алып, көп ойланбастан, Шам еліне жол тарттым. Жалғыз емес, жанымда сол достарымыз болды. Күйеуім шекарадан қарсы алды. Жүкті едім. Тұңғышымды сол Сирияда дүниеге әкелдім.  Кейін оның соңынан тағы да екі бала ерді. Әдеттегі отбасы сынды өмір сүрдік. Күйеуім қайтыс болғанға дейін... 

- Күйеуіңіз қандай жағдайда қайтыс болды?  

- Мен әдеттегі тұрмыстағы әйелдер сынды үй шаруасымен айналыстым. Күйеуімді күтіп, балаларымды тәрбиелейтінмін. Ол соғысқа қатысты. Үйге келіп-кетіп жүретін. Бастапқыда мен оның қару ұстап жүргенін білген жоқпын. Кейін күйеуім маған түрлі бейнежазбаларды көрсете бастады. Бәрінің мазмұны Шам еліндегі мұсылмандарға қолдау керек болып жатқандығы жайында еді. Маған сол адамдарға көмектесуге келгенімізді, ол біздің мұсылмандық парызымыз екенін айтты. Күндердің күнінде соғысқа кеткенінен қайтып оралмады.  Оның қазасы жаныма батты. Бірақ қолдан келер амал жоқ. 

- Үш балаңыз барын айттыңыз, қазір олар қайда?

- Балалар анамның қолында тәрбиеленіп жатыр. Сирияда өткен жылдарды есіме алу мен үшін оңай емес. Соғыстың не екенін көрдік. Күнде бомба түсіп жататын. Балалар, әйелдер деп ешкім қарамайды, аяушылық танытпайды. Аспаннан жарылғыш заттарды бората салатын. Суықты да аштықты да көрдік. Кейде адам жемейтін нәрсені азық еттік. Балаларымның да сондай күндерді басынан кешіргені өкінішті.

- Қазақстанға қалай оралдыңыз?

- Елге «Жусан» арнайы операциясы барысында келдім. Өмірімнің 6 жылы жат жерде өтті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен мамандар келіп, Отанына оралғысы келетіндердің тізімін жасап жатқандығы жайында білдік. Біз ол кезде «Аль-Холь» лагерінде едік. Түрме болмаса да, лагерьден шығу оңай емес еді. Бізді ешқайда жібермейтін. Жолымыз болып, қазақстандықтармен жолығудың сәті түсті. Тізімге менің және балаларымның аты тіркелді. Үміт пайда болды. 

- Қазір «Сирия» дегенде не елестейді. Қалай сипаттар едіңіз?

- Өлім. Бомба. Тікұшақ. Өйткені ең жақын адамым күйеуімді жоғалттым. Құрбым қайтыс болды. Таныстарымның балалары да о дүниеге аттанды. Қаншама тағдырлар жасына қарамай қыршынынан қиылып жатты.

- Сол кезде күйеуіңізді шет елге бармауға көндіріп көрген жоқсыз ба?

- Мен күйеуіме ешқандай сұрақ қойған жоқпын. Оның айтқанын бұлжытпай орындайтынмын. Сондықтан Египетке барамыз дегенде де үнсіз келістім. Оның діни сенімі басқаша екенінінен де бейхабар болдым. Исламның түрлі бағыттарға бөлінетіні, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін де білген жоқпын. Өзім мешітке баратынмын. Тыйым салынған әдебиеттерді оқыған жоқпын. Бар болғаны күйеуіме ердім.

- Сіздің жат елге кетуіңізге күйеуіңіз себепші болды. Оған реніш жоқ па?

- Қайтыс болған адамға ренжімеймін. Одан келер пайда жоқ. Ал уақытты кері қайтаруға болса, басқаша әрекет етер едім. Бірақ бұл мүмкін емес.

- Ең асқақ арманыңыз қандай?

- Балаларымның жанында болсам, өзім тәрибиелесем деймін. Олар үшін анадан артық ештеңе жоқ екеніне сенімдімін. 

- Туған жердің топырағында табаныңыз тигенде не сезіндіңіз?

- Қуаныш. Балаларым Сирияда туса да, елге келгенде қатты қуанды. Ол жақта бәрі сүреңсіз, қорқынышты. Біздегідей жасыл желек жоқ.

- Қазір Сізге таңдау жасауға мүмкіндік берсе, Сирия мен түрменің қайсысын таңдар едіңіз?

- Түрмені таңдар едім, өйткені Қазақстанда ғана балаларымның аман болатынына сенімдімін.

- 6 жылда қайтуға әрекет етіп көрмедіңіз де? 

- Шығу үшін көп ақша қажет. Көбінің туған-туыстары көмектеседі. Ол жақта жұмыс істеп ақша таба алмайсың. Соғысқа барған ер адамдарға да аз төленетін. Менің туыстарымның маған жіберетін ақшасы болған жоқ. Ақша төлеген күннің өзінде, ол жақтан шыға алатыныңа ешқандай кепіл жоқ. Қаражат далаға кетуі мүмкін. Сондықтан амалсыз көндігуге тура келді.

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.