ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Қуғынға ұшыраған ұрпақтың психологиясы, бедеулік және тұрмысқа кеш шығу проблемасы – тектанушы маманмен сұхбат

Қазақстан, Азияда родология-тектанудан оқытушымен ашық сұхбат

Коллаж

Әлия Сағымбаева халықаралық кәсіби родологтар лигасының Азия бойынша вице-президенті, родолог-кеңесші, тектанушы, Қазақстан, Азияда родология-тектанудан оқытушы. 

Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген Әлия ханым қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақ писхологиясы, қазіргі қазақ қоғамындағы ажырасу, қыздардың тұрмысқа кеш шығуы, жігіттердің жігерсіздігі, орыстілді қазақтардың ана тілін білмеуіне қатысты бірқатар мәселелерге тектану тұрғысынан жауап берді.

ТЕКТАНУҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ ЖӘНЕ БҰЛ ҚАНДАЙ ІЛІМ?

- Тектануға тосыннан келмедім. Қысқаша ғана айтсам, жолдасым және балаларым үшін екі қатты үрей болды. Мұндай үреймен өмір сүрудің жақсы емес екенін түсініп, «мұның себебі неде, одан қалай арылуға болады?» деп іздене бастадым. Түрлі кітаптарды ақтарып, семинарларға қатысып жүргенімде Докучаевтар туралы естідім. Ол кісілер тектану деген қандай ғылым, ол нені зерттейтіні, немен айналысатынына қатысты қысқаша мәліметтер жазып отырыпты. Оның алдында тегімде болған жағдайлардың маған әсер беріп жүргенін сезгенмін. 2004 жылдың күзінде Докучаевтарға хабарласып, Астанаға семинар өткізуге шақырдым. Генограммадан екі әжемнің ерте жесір қалғанын, ал, нағашы әжем 9 баласынан айырылып қалғанын білдім. Осы арқылы үрей мен қорқыныштың маған кімнен келіп отырғанын түсіндім. Сол уақытттан бері Валерий Васильевич екі ай сайын Астанаға келіп, семинар өткізетін. Қазақтың шежіресінде тек әке жағы кіреді, жеті ата, шежіре дегенді әрбір қазақ біледі. Ал генограмма ғылыми бағыт, психологияда қолданылатын сызба және оған нағашылар, әйел адамдар да кіреді. Себебі, 23 хромосома әкемізден, 23 хромосома анамыздан. Сондықтан бұл сызбаны шежіре емес, генограмма дейміз. Бұл сызба арқылы адамның өмірінде болып жатқан қазіргі жағдайы, шешілмей жатқан проблемаларына сараптама жасаймыз. Ген арқылы қалыптасқан әдет-ғұрып, мінез-құлықты түсіндіреміз. Жеке кеңесте әр адамның генеологиясына қарап кеңестер береміз. Қазақтар өзі генеалогиясын сызып, ата-бабасының қуат-күшін білгеннен соң, кейбір ұсыныстарымызды орындай бастайды. Біраз уақыттан соң нәтижеге жетеді. 35 жасқа дейінгі жастар және ер азаматтар жетістікке тез жетеді. Бұл ілім психология, генетика, генеалогия, физика, антропология қиылысында туып отырған жаңа бағыт. Психология мен психотерапияның модальды бағыты. Ресейде бұл ғылым аса қатты дами қойған жоқ. Себебі, жиырмасыншы ғасырда болған қуғын-сүргін славян халқына қатты әсер етті. «Иван, не помнящий родства» деген сөз бар ғой, олар тектен айырылған. Біз қазақтар репрессия, соғыс, кәмпескелеудің барлығынан өтсек те, жеті ата, шежіре, тектілік деген ұғымды сақтай алдық. Бірақ сол жиырмасыншы ғасырдағы қуғын-сүргін, аштық, репрессиялар біздің ата-бабамыздың да басынан өтті. Соның психологиялық зардабын қазір біздің буын және біздің балаларымыз бен немерелеріміз тартып отыр.

АТАЛАРЫ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ҰРПАҚТЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ

- Бірнеше жылдық зерттеулер мен қабылдаулар барысында байқағаным, репрессияға ұшырағандардың ұрпағының психологиясы, прототипі ұқсас келеді. Кәмпескелеуге ұшыраған ұрпақтың өзіндік мінезі бар, Ұлы отан соғысына қатысқандардың ұрпағының өзіне тән комплексі мен психологиялық проблемасы ұқсас. Мысалы, бір кездері кәмпескелеуге ұшырап, шетелге жер ауғандардың ұрпақтары әділетсіздікке қарсы күресушілер. Себебі, олардың ата-бабаларын әділетсіз түрде кәмпескеледі, жер аудартты. Өздері қашып барған елде бөтен болды, біраз жылдан соң қайта тарихи отанына оралғандарды «оралмансыңдар» деді. Яғни, олар өздерін барлық жерде «бөтен» сезінді. Қазіргі олардың ұрпақтары жұмысқа барса өзін «бөтен» сезінеді, тұрмысқа шыққан қыздар қайын жұртта өзін «бөтен» сезінуі мүмкін...

фото: Әлия Сағымбаеваның жеке архивінен

Бүгінде Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткендердің саны 271 мың адамды құрайды. Олардың бәрі батыр болып, ұрыс даласында қаза тапты. Бірақ ұрпағы оларды жерлеп, басын орнатпады. Немерелері мен аталары арасындағы бір буынның байланысы үзіліп, қайта жалғанбай тұр. Ұрпақтан ұрпаққа санадағы қалыптасқан үрей мен күдік мәселесін зерттейтін белгілі маман Марк Уоллин Кеңес Одағында болған соғыс, қуғын-сүргін және алыпсатарларға қарсы күрес ресейліктердің бизнес бастауынан қорқатынына әсер ететіндігін түсіндіреді. М.Уоллиннің теориясы бойынша ресейліктердің кәсіпкерлік, сауда шаруасын дөңгелетіп алып кетуіне мүмкіндіктері шамалы, дегенмен бұл істі оңтайлы жүргізуді жолға қоюға болатынын жоққа шығармайды. Марк Уоллин дегеніміз кім? Ол Сан-Францискодағы Family Constellation Institute директоры, эпигенетика мен психотерапияның тоғысқан жерінде пайда болған бағыт – ұрпақтан ұрпаққа санадағы қалыптасқан үрей мен күдік мәселесін зерттейтін белгілі маман. Уоллин сүйенетін жаңа зерттеулерге сәйкес, адамның психологиялық жағдайына оның өз өміріндегі болған жайттардан басқа, оның бабалары бастан кешкен қиыншылықтары да әсер етеді. Отбасының бастан кешкен қиыншылықтары адамның қорқынышқа бой алдыруымен қоса, оның болашақта кәсіппен айналысуына да, жетістікке жетуіне де әсер етуі ықтимал. Ал, жаңағы із-түссіз кеткен 271 мың солдаттың туған-туыстары халықтың 10%-ын құрайды десек, ол 2 миллион адам. Екі миллион қазақ бүтін бір ұлттың болмысын қалыптастырып отыр. 

Біздің тағы бір проблемамыз – қазақтардың орыстілді және қазақтілді болып бөлінуі. Орыстілді қазақтар ата-бабасы туралы сұрап, білу жағынан өте белсенді. Солардың көпшілігінің аталары зиялы қауым өкілдері болған. Сол себепті орыс тілін жетік, әрі, тез меңгеріп алған. Қазақ тілін білмеуіне келсек, ол заманда қазақ болу қауіпті болды. Ата-бабасын қазақ болғаны үшін, зиялы болғаны үшін қырып-жойды. Тағы да сол үрей, қорқыныш. Қазіргі қазақтардың ана тілін білмеуі де сол аталарынан қалған «қазақ болу қауіпті» деген қорқыныштан. Олар қазақ болудан қорқады, қауіптенеді. Оның үстіне сол қазақтарды ұстап берген өз бауырлары, өз қаны еді. Міне, осыдан барып өзінің ұлтына деген жек көрушілік, сенімсіздік пайда болып, бейсаналы түрде ұрпағына өткен. Бір жас қазақ жігіт менің қабылдауыма келіп: «Мен қазақ екенімді білемін, түсінемін. Бірақ ауыл балаларын көргенде жек көрініш сезімі пайда болып, олардан қауіптеніп тұрамын. Осының себебін білгім келеді» деді. Сұрастыра келгенде, арғы атасы репрессияға ұшыраған және оны ауыл қазақтары ұстап берген болып шықты. Осыдан кейін барып ол өз ұлтын не себепті қабылдай алмайтынын түсінді. 

ҚЫЗДАРДЫҢ ТҰРМЫСҚА ШЫҒА АЛМАУЫ, ЖІГІТТЕРДІҢ ЖІГЕРСІЗДІГІ

- Генетик мамандардың зерттеуінше, адамда қалыптасқан әдет-ғұрып, мінез-құлық 3-4 ұрпақтың бойында ашық білініп отырады екен. Жоғарыда айтқан мінездегі әдеттер бір ұрпақтан кейін белсене білініп отырады. Ата-әжеміз біздің өміріміздің сценариін жазып кеткен, әкеміз бен анамыз режиссері, актері - біз. Сондықтан қазіргі замандағы жастардың, менің қатарластарымның өмірінде болып жатқан проблемалар, жетістіктердің бәрінің жауабы сол ата-әжелерімізде тұр. Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген ата-әжелеріміздің тарихына қарасақ, 1917 жыл октябрь төңкерісі, 1920 жыл Азаматтық соғыста ағайындардың бірі қызылдарға, енді бірі ақтарға кетіп алауыздық пайда болды. Енді есін жинағанда ұжымдастыру, одан кейін кәмпескелеу, одан кейін ашаршылық, репрессия, Ұлы отан соғысы... Айналасы 20-30 жылда ата-бабаларымыздың басына қаншама қиындық түскен. Қуғын-сүргін, соғыс кезінде ер-азаматты бірінші алып кетеді. Осы кезеңде әжелеріміз жалғыз қалды, тұқымды, текті сақтау керек. Нәтижесінде ерлермен тең жұмыс істеп, колхозды көтерді. Осыдан қазіргі қыздарда «Мен өзім бәрін істей аламын» деген мінез қалыптасқан. Миындағы файлда «ер адам бәрін істей алады, көмек қолын соза алады» деген файл жоқ. Осындай әлеуметтік қуғын-сүргін болған кезде «ұжымдық бейсаналық» артып, ер балалар аз туылады. Сол кезде аналарымыз ерлердің жоқтығынан қатты зардап шегіп, үйде ұл болса төбесіне көтерді. Қазақтың ұғымында текті тек қана ұл жалғастырады. Сосын ер жігіт өмірге келсе «мұрагеріміз» деп алақанына салып, өбектеп, еркелетеді. Бұл біздің менталитетімізге сіңіп кеткен. Осыдан кейін ұлдар «маған бәрі міндетті», «әйел менен төмен» деген мінез-құлық қалыптастырады. Сондықтан қазіргі аналардың ұлы міндеті – ұлдарын ер азамат деген атқа лайықты етіп тәрбиелеу. Ол үшін әйелдер ерлерге қатысты қорқынышынан арылуға тиіс.

БЕДЕУЛIК ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

- Бедеулік - ең қорқынышты диагноздардың бірі. Статистика деректерінше, бедеулік диагнозы отбасылық жұптардың 30%-ына қойылады екен. Бұл ұлттық ауқымдағы апат... Әрбір отбасы, әрбір әйел осы диагнозды ести отырып, балалардың тууын, тектің жалғасуын өз бетінше шешуге тырысады. Бұл ресми медицина және дәстүрлі емес емдеу жолдары. Ал көне заманнан бері әр адамға бейсаналықтың үлкен әсері бар екені белгілі және ол жерде тұрған нәрсенің барлығы адамға, соның ішінде денсаулыққа да әсер етеді. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда «психологиялық бедеулік» термині енгізілген. Іс тек денеде ғана еместігін түсінетін озық қыздар, әйелдер, отбасылық жұптар психологтарға, психотерапевтерге, соның ішінде бізге - родолог-консультант, тектанушыларға жүгінеді.

Қазақстанда бедеуліктің жиі кездесетін родологиялық себептері бірнешеу:

  • Туу кезінде немесе туу нәтижесінде отбасындағы әйелдердің (аналар, әжелер, арғы әжелер) қайтыс болуы. Бұл жағдайда ұрпақта, әсіресе немересінде, «туу қауіпті» деп танылмаған психологиялық қондырғы қалыптасуы мүмкін.
  • Анасының ерте өлімі, яғни – «ана болу - ерте өлу».
  • Балалардың шетінеуі, әсіресе әжелерде болған. Менің практикалық тәжірибем көрсеткендей, бұл Қазақстандағы ең жиі кездесетін себеп. Өйткені ХХ ғасырда әлеуметтік катаклизмдер, медицинаның төмен деңгейі нәтижесінде біздің әжелеріміз балаларын жиі жоғалтқан.
  • Ана бейнесінің тартымсыздығы. Мұндай жағдайда «мұндай болғым келмейді» деген қондырғы болуы мүмкін.
  • Балалы отбасының тартымсыздығы. «Бала - бас ауруы, қиын», «балалар әйелін күйеуінен ажыратады, күйеуінің жоғалуы».
  • Ата-бабаларымызда отбасын құруда елеулі қиындықтар болды. Мысалы, сүйгеніне үйленуге, сүйіктісіне күйеуге шығуға мүмкіндік бермеді.
  • Жастардың атына бағытталған жағымсыз сөздер немесе бала тумауға, мысалы, «ұрпағың болмасын» деген қарғыс тілектер.
  • Ер мен әйелдің отбасылық одағына қандай да бір себептермен берілмеген бата.
  • Әжелерінде немесе анасында денсаулығына байланысты бала туа алмау проблемалары болды.

Барлық осы тектік бағдарламаларды, бейсаналы ұғынылмайтын психологиялық қондырғыларды кеңес кезінде анықтаймыз, талдаймыз және Докучаевтардың родологиялық әдісі бойынша қадамдық түзету бағдарламасын құрастырумен түзетуді ұсынамыз. Бірнеше жыл бұрын қабылдауыма бір әйел келді: 40 жаста, диагнозы - 19 жыл созылмалы бедеулік. Қайда жүгінсе де, қалай емделсе де, ештеңе көмектеспеген. Отбасы мен тектің тарихын талдай отырып, анасының алғашқы үш баласы туғаннан кейін бірнеше күннен кейін аурудан қайтыс болғаны анықталды. Нағашы әжесі 9 баланы дүниеге әкелген, оның 6-ы сәбидей қайтыс болыпты. Әкесі бойынша әжесі дүниеге 12 бала әкелген, олардың 6-ы босанғаннан кейін немесе аурулардан қайтыс болған. Сонда, тектің екі буынында 15 бала қайтқан. Бұл «неге бала табамын, егер олар ауруға ұшырай берсе, ал егер ауырса, шетінейді» деген танылмайтын психологиялық қондырғы болып түпсанасында қалыптасып, бейсанасында психологиялық шиеленіс туғызғанын әйел тек қана кеңес берген кезде түсінді. Қазіргі заманғы техникалық тілмен айтқанда, ол әйелде «ауру бала сауығуы мүмкін» деген «файл» болған жоқ. Бұған қоса, әйел бір кездері «сен бедеусің» деп вердикт шығарған балгер әйелде болған және бұл сөздер де оған күшті әсер еткен. Аталған блоктар бойынша түзету бағдарламасын құрастырдық, ол барлық осы шиеленістерді алып тастау және трансформациялаудан тұрды; жаңа, позитивті қондырғыларды құрадым, анамен және әкемен байланысты сәттерді де шештік. Оған тәжірибелі гинеколог-дәрігерлерді табуға кеңес бердім. Әйел қабылдауымда қараша айында болды, кейіннен бір қадаммен менің барлық ұсыныстарымды орындады. Наурыз айында жүкті болды, 41 жасында сау қыз өмірге әкеліп, 44 жасында ұл туды. 2006 жылдан бері бедеулік проблемасымен менің кеңесіме 65 әйел келді. Нәтижесінде, олардың 51-і балалы болды. 55 бала дүниеге келді, егіздер де бар. Олардың 80 пайызы аштықты бастан кешкен, қуғын-сүргінге ұшыраған, жер аударылған, ҰОС қатысушыларының ұрпақтары.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан