ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Азаматтық алуда қандастар жиі тап болатын қиындықтар: сарапшылар көші-қон мәселесі жайлы айтты

Жиі кездесетіні - қандастар жеке құжаттарының мерзімін өткізіп алады

фотода: Алтынгүл Мәден

Жуырда ғана мәжіліс депутаты Қазбек Иса Мәжілістің кезекті отырысында қандастарымыздың «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмі азаматтық алудағы ең күрделі процесс екенін айтты. Қандастырымыздың бұл мәселесі бүгінде қалай шешіліп жатқандығы жөнінде  ІІМ өкілі мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Отандастар қоры Ақмола облыстық филиалының басшысы Алтынгүл Мәден айтып берді.

Мәжіліс депутатының мұндай проблеманы көтеруіне себеп те жоқ емес. Өйткені «Әр елдің салты басқа» демекші, әр мемлекеттің заңы да әртүрлі. Десе де, қоныс аударушылардың қолына әп-сәтте азаматтық ұсына салу ешбір елде қарастырылмаған.

«Ықтиярхат куәлігін алуға өтініш жазған кезде қандастарымыздың көбі қандай құжат өткізу керектігін білмей жатады. Әр елдің заңдары бір-біріне ұқсамайтын болғандықтан, атажұртына оралған этникалық қазақтардың да жинайтын құжаттары әртүрлі. Мәселен, Моңғолиядан келген қандастырымыз «қазақ» мәртебесі көрсетілген анықтаманы және сотталмағаны жайлы анықтаманы әкелуге тиіс. Көбі аталған құжаттарды қайдан алу керетігін білмейді. Кейбір құжаттарды консулдық, өзгесін жергілікті атқарушы органдар береді. Ал Қытайдан қоныс аударған азаматтардан мұндай құжаттар талап етілмейді. Себебі Қытайдың азаматтық куәлігінде ұлтының кім екені көрсетіледі және ол жақта сотталған азаматарды шетелге шығармайды. Ал Моңғолияда азаматтардың куәлігіне тек руы жазылады. Сондай-ақ, Ауғанстаннан, Түркиядан келген азаматтарымыздың да «Қазақ» екенін дәлелдейтін анықтама алуы өте қиын. Мәселен, Моңғолия елі аталған анықтаманы Қазақстандағы консулдығы арқылы береді. Ал Түркия мемлекеті мұндай тетіктерді қарастырмаған. Сол себепті біз Қазақстандағы Түркия елінің елшілігіне хат жазып, осы мәселені шешіп беруді ұсындық. Қазір олар бұл өтінішті Түркия Сыртқы істер министрлігімен қарастырып жатқанын хабарлады. Қазақстан бұл анықтамасыз азаматтық бере алмайды. Себебі мұндай талап болмаса, кім көрінген Қазақстан азаматы атануы мүмкін. Қазір бұл мәселені ел билігі де қарастырып жатыр», - дейді Алтынгүл Мәден.

ІІМ Көші-қон комитетінің басқарма бастығы Ғани Шымырбаевтың айтуынша, 2020 жылы қандастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша заңға бірқатар өзгерістер енгізілді.

«Енді, биыл жыл басынан бастап қандастарымыз үшін бір мезгілде және бір құжаттар негізінде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте қабылдауға мүмкіндік туды. Бұл құжатты қарау мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарды. Мәселен, бұған дейін атажұртына оралған қазақ азаматтары алдымен елімізде тұрақты тұруға құжатты ресімдеген (қарау мерзімі 2 - ай), одан кейін тұруға ықтиярхат куәлігімен құжаттандырылған (дайындалу мерзімі 1 - ай) және содан кейін ғана Қазақстанның азаматтығына қабылдауға құжаттар тапсыратын (қарау мерзімі 3 - ай). Сонымен қатар, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп (ЕХӘҚМ, СІМ, ҰҚК, ІІМ, АҚДМ) қандастарға қазақстандық азаматтық алуды жеңілдету үшін және тиісті құжаттар санын 2 есеге (46-дан 20-ға дейін) қысқартуға бағытталған жол картасы іске асырылуда. Аталған  мемлекеттік қызмет көрсету «Бір терезе» қағидаты бойынша жүргізілетін болады. Яғни, жол картасында қандастарға бір мезгілде - қандас куәлігін алу, квота беру, тұрақты тұруға рұқсат және Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсыру көзделген. Аталған композиттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру осы жылдың екінші тоқсанында жоспарланған», - деді комитет басшысы.

Ғани Шымырбаев бүгінде азаматтық алу үшін елімізде қандастарға барлық тиімді жағдайлар жасалғанын айтады. Ал кейбір азаматтардың кедергілерге тап болуы олардың уақытты өткізіп алуымен байланысты болып отыр.

«Негізі ҚР азаматтығын алуға қандастар үшін барлық жағдай жасалған және ұлттық төлқұжатының және қандас куәлігінің қолдану мерзімі жарамды болса, ешқандай қиындық туғызбайды. Алайда, қандастар көбіне Қазақстан аумағына қоныс аударғанда түрлі себептермен уақытылы көші-қон қызметі бөліністеріне өтінішпен жүгінбеу, келген елдерінің ұлттық паспортын жоғалту және қолдану мерзімі аяқталу, қандас куәлігінің мерзімін өткізіп алу мәселелері одан әрі азаматтық алуға кедергі келтіреді», - деді Ғани Шымырбаев.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының «Отандастар қоры Ақмола облыстық филиалының» басшысы да атажұртына оралған қазақтардың басты мәселесін қандастардың құжаттарды дер кезінде жинамауымен байланыстырады.

«2000 жылдан бері 21 жыл бойына азаматтық ала алмай жүрген бір қандасымыз бар. Ол жердегі мәселе бір құжатты дайындап жатқан тұста, екінші құжаттың мерзімі өтіп кетеді. Осылайша жергілікті органдардың табалдырығын тоздырған азамат «азаматтық» алудан көңілі қалған. Бұл жерде проблеманың бұлай ұзаққа созылуына Үкімет кінәлі емес, бұл – жергілікті атқарушы органдардың салғырттығы, азаматтарға нұсқаулықты дұрыс түсіндіре алмауы деп білемін», - деді Алтынгүл Мәден.

Дегенмен, «Отандастар қоры» бүгінде ата-баба жеріне қайта оралған қазақтардың мәселесін шешуде түрлі жұмыстар атқарып, тіпті жұмыспен қамтуға да үлестерін қосуда.

«Жақында 2017 жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген қандасымыздың мәселесін шешіп бердім. Қытайдан көшіп келген қазақ қызы Алматы облысы Шелек ауданының көші-қон полициясына тиісті құжаттарын өткізіп, 80 мың теңгенің үстінде ақшасын төлеген. Өз кезегінде жергілікті атқарушы орган «барлығы дайын болғанда өзіміз хабарласамыз» деп сендірген. Арада бір жыл өткеннен кейін әлгі азаматша тағы да барған. Алайда, жауапты мекеме құжаттарды қайта тапсыртып, қызды біраз әбігерге салған. Осы орайда айта кететін жайт, Қазақстанға қоныс аударған жылы ол Қытай азаматтығынан да шығып қалған болатын. Осылайша, ол 2017-2020 жылдар арлығында құжатсыз жүрген. 2019 жылы мен осы мәселе бойынша тиісті мекемелерге хат жазып, құжатттарын реттестіруге қол ұшын создым. Екі ай бұрын осы елдің азаматтығын алды. Қазір ол қонөнер шеберлігін меңгеріп, Алматы облысы Бұланды ауданының жұмыспен қамту орталығы оған 560 мың теңгелік грантты табыстады. Осылайша қандасымыз қаражатқа шағын дүкен ашып, өз шеберханасында жұмыс істеп жатыр», - деді Алтынгүл Мәден.

Жалпы, «Отандастар қорының» өңірлік филиалдары енді ғана қарқын алып келеді. Сол себепті, орталықтарда әзірге жұмысшылар саны аз. Дегенмен дәл осындай ұйымдардың арқасында қандастардың көші-қон саясатындағы бірқатар мәселелері шешіліп келеді.

«Ақмола облысы филиалында жалғыз жұмыс істеймін. Әрине, жалғыз жұмыс істеу оңай емес, менің қол астымда қосымша көмекшілерім де жоқ. Бірақ елімізге келіп жатқан қандастарымызды осы жаққа бейімдеу үшін және мемлекетіміздің бейбітшілігі мен тыныштығын қорғау үшін бұл біздің атқаруға тиісті міндетіміз деп ойлаймын», - деді Алтынгүл Мәден.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан