$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.04.2021, 15:48
Сұхбат

Ұлтшылдық, Өзтүрікпен жақындығы, рэкет, түрмедегі өмірі жайлы - Сабыржан Махметпен ашық сұхбат

Сабыржан Махмет Жер мәселесі, пандемияға қатысты да ойын айтты

Ұлтшылдық, Өзтүрікпен жақындығы, рэкет, түрмедегі өмірі жайлы - Сабыржан Махметпен ашық сұхбат
Сабыржан Махмет, ардагер спортшы

Танымал спортшы, бүкіләлемдік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махмет қайда жүр? Azattyq Rýhy тілшісі қазақты бөрі мінезді деп сипаттап, ұлттың асыл қасиеттерін дәріптеп, әсіресе халқымыздың жаугер екенін дәлелдеу үшін спорт сайыстарын өткізумен айналысатын және ұрпақты кәсіби спортқа баулып жүрген азаматпен кездесіп, ашық сұқбат жасады.  

Сабыржан Махмет салт-дәстүр, қазақы тәрбие, отанды сүю, өз ұлтын өзгелерге сыйлата білу туралы ой-пікірін айтты. Кәсіби спортшы өз өміріндегі кедір-бұдыры көп кезеңдер, жолында кездескен танымал адамдармен қарым-қатынасы және ұлтшылдықтың сипаты туралы ой қозғады. Пандемия жағдайындағы қоғам, адам денсаулығы мен ұлт болашағы жайында да пайымдарын ортаға салды. 

- Сабыржан Ғалымжанұлы, жасыңыз алпыстан асты. Ел ағасына айналдыңыз. Беделіңіз бен өмір жолыңыз туралы түрлі аңыз бар. Осы өмірден не түйдіңіз?

- «Білекпен бірді жығасың, біліммен жүзді жығарсың. Ал білім мен білек тең болса, мыңды жығасың», дейді қазақ атам. Ата-бабамыз осындай ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Бірақ біз әлі өз еркіндігімізді толық сезіне алмай отырмыз. «Жаман үйді қонағы билейді» дейді. Біздің қазақ келімсектер болсын, басқа елден келгендер болсын, төрге шығарған. Бірақ басына шығармаған. Өкінішке қарай, кейінгі кезде басымызға шығарып алдық. Ол неден? Ынжықтықтан емес. Ол өзімізді тым қонақжай деп қарап, өзгелердің еркінсуіне жол беруімізден. Қазақтың ұлы мен қызы қанша білімді болсын, ұлттық тәлім-тәрбие алмаса, олар өзіміз үшін қауіпті. Қазақ елінде, қазақ жерінде өз тілінде сөйлемейтін тенденция жас ұрпақтың бойында да бар. Бұл біз үшін қайғы-қасірет. Мен де орыс тілінде оқып, білім алдым. Бірақ қазақ тілінен тамырым ажыраған жоқ. Осы жасқа келгенде түйгенім - ұрпақ тәрбиесіне мән беру керек. Қазір «қай елсің?» деп сұраса, руын айтады. Бұл адасу. Ел деген - мемлекет. «Руың кім?» деп сұрайтындар азайды. Сосын атам айтқандай, «құл мен қу ғана руын жасырады». Бала руын, ата-тегін, жеті атасын білсін. Бірақ қазақ екенін және ол біртұтас қазақ ұлтынан құрылған мемлекет екенін шатастырмау керек. Мәселен, тарихымызды әркім әртүрлі жазып келді. Әлі бір жүйеге түсіре алмай жүрміз. Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ екенін түсінетін кез келді ғой. Қазақстанда академик көп, бірақ олар Ғылым академиясына емес, оның ЖШС-ға айналған мекемесіне бағынады. Әйгілі Ғылым академиясы ЖШС деген мәртебе алған соң, басқа не сұрауға болады? Бірақ ұлт ретінде болашаққа апаратын тек ілім-білім екенін бүгін түсінбесек, ертең кеш болады. Сіздің сауалыңызға берген жауабым осы. Осыны отырған жерімнің бәрінде айтып жүремін.

«ҰЛТШЫЛ БОЛУ КЕРЕК: ҰЛТЖАНДЫ, ҚАТЫНЖАНДЫ ДЕГЕН ТАР ҰҒЫМ»

- Бірнеше рет қажылыққа бардыңыз. Дін жағынан көзіңіз ашық. Дін мен дәстүрімізді бір-біріне қарсы қойып, арандатып жүргендерге не дейсіз?

- Хадисте «Ананы, ананы, сосын ғана әкені» дейді Мұхамед Пайғамбар (с.ғ.с) Бірінші ананы сыйлау керек. Сосын, дінді желеулетіп, адамдарды адастырушылар көбейді. Арабтың салт-дәстүрін дін арқылы насихаттап, сіңіруді ойлап жүргендер аз емес. Олар әруаққа сыйынбайық дейді. Қазақ онсыз да әруаққа сыйынбаған, қазақ әруақты құрмет тұтқан. Құран бағыштап, арнайы құрбан шалып, жеті нан пісіріп, зиратқа барып, күмбез саламыз. Бұл біздің дәстүр, біздің діни ұстанымымызға қарсы амалдар емес. Олар тұмарды ширк деп жүр. Бала ауырмасын, көз тимесін деп тұмар таққан. Ал тұсау кесу рәсімі қазақта ғана бар дәстүр. Сосын күйеу балаға төс тартудың мәні - еркектік қуатын арттырумен байланысты нәрсе. Ол ер адамның дені сау баланы өмірге әкелуге оң әсер ететін қасиетке ие. Сондықтан қыздың үйіне келген күйеуге төс асып берген. Жамбасты құдаларға тартады. Сүйектің бір ойығы үлкен, екіншісі кішкене болады. Үлкені кейбір қанағатсыз құданың белгісі, кішісі тәубе деп екі жастың жағдайын ойлаған құда үшін деген өзіндік мәні бар. Міне философия! Қазақтар қызды тұрмысқа бергенде ұзатуға да мән берген. Жеңгесі ұзатады, екі абысыны күтіп алады. Осының бәрі біз Исламды қабылдағанда болған, әлі де келеді. Себебі біздің ата дәстүр мен ислам қағидалары бір-бірін толықтырып отырады. Ал осыны терістейтіндер - адасушылар. Мен оларды тәубеге келсін деп Алладан тілеймін.

- Ұлтшыл деген сөз бен ұлтжанды дегеннің аражігін қалай ажыратасыз? Сіз ұлтшылсыз ба әлде ұлтжандысыз ба?

- Мен ұлтшылмын. Бірақ оның қатарына фашизм, нацизм, шовинизм деген ұғымдарды жатызуға болмайды. Ал ұлтжанды деген мен үшін біртүрлі естіледі. Мысалы біреулерді кекетіп «қатынжанды», «әйелжанды», «балажан» деп жатады. Демек, ұлтжандылық деген тар түсінік. Ал ұлтшылмын десең, ұлтты сүю, оның болашағы үшін күйіп-жану, оның намысы үшін кез-келген жерде жауап беру деген сипатты береді. Адам бір анадан туады, бірақ оны бірнеше адам тәрбиелеуі мүмкін. Сол сияқты, сенің бір ғана отаның болады. Бірақ сен әлемді кезіп, жұмыс істеп, қыдырып жүре бер. Бір Отаның ғана бар екенін ұмытпа. Мәселен, бірнеше ғасырлар бойы қазақ жеріне келіп қоныстанған жатжұрттықтармен бірге өмір сүріп жатырмыз. Тіл табысып, сыйласып тұрып жатқанымызбен, олардың да өз Отаны бар. Олар қазақ жері үшін бір тамшы қанын тамызған жоқ. Сондықтан тарихи отаным деп шын жүрегінен айта алмайды. Мен қашанда рухы басым, бұзық балаларды іздеп жүремін. Соларды спортқа баулимын. Егер оның рухы түсіңкі болса, ол Отанын да, отбасын да, тіпті өзін де қорғай алмайды. Жекпе-жек арқылы тәрбиелеп, өмірге көзқарасын өзгертіп, негізгі білімін алуына да жол ашып береміз.

«ЖЕРДІ САТУ - АНАҢДЫ САТУМЕН ТЕҢ»

- Адам беделді әрі өзін сыйлата білу үшін қандай қасиетке ие болуы керек?

- Өзім дегенге өзегімді жұлып беруге дайынмын. Бірақ әделетсіздік көрсем қаталмын. Әсіресе, жерімізде тұрып жатып, басынып, әлсіздерді жәбірлегендерді аямаймын. Сол жерден табыламын. Мені «атышулы Сабыржан» деп сол үшін атаса керек. Ең бірінші адамда ұят болуы керек. Адамда ар-намыс болмаса, бәрі бекер. Атам айтатын: «Жауыңа да көмектес, егер саған қиянат жасаса аяма» деп. Қазақ деген дана халық қой. «Таспен атқанды аспен ат» дейді. Өздігіңнен біреуге қиянат жасама дегенді құлаққа құйып өстік.

- Қазір қоғамда жер сату мәселесі қызу талқыланып жатыр. Сіз Жер тағдырына алаңдайсыз ба?

- Адам анасын сата ма? Жерді сату - анасын сатқанмен тең деп ойлаймын. Оны биліктегілердің де, халықтың да саудалауға қақысы жоқ. Себебі, бұл біздің ата-бабамыздың қалдырған аманаты, оны келешек ұрпаққа сол күйінде табыстауға тиістіміз. Жер-ана. Жердің иесі бар, сол иесі сес көрсетсе, басқалары өзі-ақ шешіледі. Егер әр азамат өз жері үшін құрбан болуға дайын болса, ол өзгенің қолына кетпейтіні ежелден қалыптасқан қағида. Қайбір ұлттар бар ғой. Тілі, салт-дәстүрі бар, бірақ ұлтарақтай жерге зәру. Дәл қазір жеріміз бай дейміз, бірақ халық кедей. Осыған алаңдаймын.

«АРАҚ ДҮКЕНДЕРІ АШЫҚ, СПОРТ СЕКЦИЯЛАРЫ ЖАБЫҚ»

- Пандемия өміріңізге қалай әсер етіп жатыр?

- Кеше пайда болған ауру екенін айтады, оның ғылыми негіздемесін халыққа көрсетпей ме? Адамдар онсыз да өліп жатыр. Біреу жүректен, бүйректен, қан қысымынан, басқа да созылмалы аурудан кетіп жатыр. Ешқандай талап та, тәртіп те жоқ. Мен жиі ұшатын адаммын. Әуежайға келдім, бір маскамен, оны кіргенде тастап, басқасын тағуым керек. Оған арналған арнайы урна болуы тиіс. Сосын тіркеу залына өттім, тағы да масканы ауыстыруым керек емес пе? Санитарық талап солай. Ал әуежайдан шығып, ұшаққа мінгенде, басқа маска тағып, ескісін әуежай терминалында арнайы урнаға тастап кетуге тиіс едім. Бірақ мұны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Иық тірестіріп кіресің, бірнеше сағат иық тірестіріп ұшасың. Оның несі карантин? Мен осыны көріп тұрып, неліктен коронавирус бар дегенге сенуім керек. Бұл бір ғана мысал. Тағы бір мәселе - дүкенде, базарда арақ толып тұр. Сатылып жатыр. Оны алып ішіп, санасын да, тәнін де улап жатқандар жетерлік. Бірақ қаладағы спорт залдары, бассейндер, өзіңді дамытатын, пайдалы орындар, балаларға арналған секциялар жабық тұр. Бұл не деген абсурд? Сосын бала біткенді онлайн оқытып жатыр. Екі нәрсені практикасыз үйрену қиын. Оның бірі - медицина мамандарын даярлау, екіншісі - дінді үйрену. Адамды емдейтін болашақ маманның қашықтан білім алуы мүмкін емес. Сондықтан пандемия дегенге әу бастан сенбедім. Мен салауатты өмір салтын сақтаған адаммын. Жақындарыма да соны айтамын. Құдайға шүкір, ауырмадық. Қанша сақтансаң да, тағдыр деген бар. Оған ештеңе араша бола алмайды. Бір Аллаға сыйынып жүремін, болды.    

«РЭКЕТ ДЕГЕН - ҚАРАҚШЫ, ҚАРАҚШЫНЫҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ»

- Сіз туралы «Атышулы Сабыржан», рэкет болыпты немесе қылмыс әлемімен байланысы бар деген алып-қашпа әңгімелер айтылады. Ешкімге қиянат жасаған жоқсыз ба?

- Мені біреулер рэкет болды дейді. Осылай айтқандарға «ақылынан адасқан ба»? деп қарсы сұрақ қойғым келеді. Меніңше, «рэкет» - қарақшы деген сөз. Мен қарашылықпен айналысқан емеспін. Алла сақтасын, бір қазаққа тиіскен жоқпын. Егер менен қиянат көріп, бизнесіме қол салды, ананы тартып алды, мынаны тартып алды деген қазақ болса, келіп айтсын. Мәселен, сол заманда ел ішіндегі танымал жігіттер бір бірімен ерегісіп қалса, шақырып алып достастыратынмын. Мені түрмеге қамағанда, бірде-бір арыз болған жоқ. Менің үстімнен ешкім шағым жазбады, бірақ мен бостан-босқа отырдым деп айта аламын. Оның саяси астары болды. Бірде Елбасы көмекшілерінен «Сабыржан әлі түрмеде ме?» деп сұрапты. Содан кейін көп ұзамай, 1999 жылы босап шықтым. 7 жылым абақтыда өтіп кетті. Мұсылман дінінде қарақшының жаназасы шығарылмайды. Маған атам «біреудің ала жібін аттама» деп тәрбие берді деп айттым ғой. Мен сол қағиданы ұстандым. Біреуді қинап, ырзығын тартып алып, мүлкіне қол салмадым. Әкем орыстілді адам болды. «Балам құмырысқаша еңбек ет, біреудің дүниесіне қызықпа» деп турасын айтатын. Соны әлі күнге қаперімнен шығармадым.

- Кейде халық арасында «Бұрынғы бас көтеретін азаматтар тірі жүргенде, бізді өзге елден келгендер басынып, әділетсіздік жасамас еді» деп жатады. Бұл жерде әңгіме Сабыр, Қара Алмас, Сары Алмас, Бақыткелді деген жігіттер туралы. Расымен солай ма?   

- Мықты жігіттердің көбі ерте кетті. Рас, негізі бұл да саясат, кейде екіжүзді саясат дер едім. Жаңағы келімсек деп отырғандарға - сырттан дөңайбат көрсетіп, шекараның арғы жағында отырып мәлімдеме жасап жататындарға жыртқыш сияқты тіс көрсетуіміз керек еді. Мәселен, мен жүрген жерімде ұлттық музыканы, ұлттық салт-дәстүрді бірінші орынға қоямын. Сосын барып қалғаны жүреді. Бұл әдет бауырларыммен абақтыда жатқанда келді. Жақсы сыйластық. Бірақ олар мен шыққанда өмірден өтіп кетті. Бақытжан Бауыржанұлы (Бауыржан Момышұлының ұлы - авт.) мен туралы «Қасқырдың жүрегі» деген кітап жазды. Сол жерде осы қарым-қатынастар туралы кеңінен айтылады. Естуіңіз болса, Оралдағы казактармен текетіресте, сосын Шығыс Қазақстандағы тау халықтары бас көтергенде барып, оларды сабасына түсіргенбіз.

- Мұстафа Өзтүрікпен қарым-қатынасыңыз қандай болды?

- Мұстафа Қазақстанға алғаш келгенде Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өнер көрсетті. Тоқсан бірінші жыл болуы керек. Трибунада Президент отыр, Сара Алпысқызы, Заманбек Нұрқаділов, Серік Әбдірахманов қатар отыр. Біз де отырмыз. Залда 5 мың адам болды. Мұстафа кимоносын киіп, елдің алдына шыққанда, оны бір жерден көргенім есіме түсті. Бір уақытта ол «Сабыржан, бауырым, бері келші» деп шақырды. Ортаға шықтым. Назарбаевқа қайырылып, менімен Алманияда Кельн, Мюнхен қалаларында танысқанын, сонда өнеріме тәнті болғанын айтты. Сол сәттен бастап ол менің қасымда жүрді. Сосын екеуміз менің алтын бесігім - Ақмола облысы Қоралжың ауданы, Сабынды ауылына бардық.

«МЕНІ БИЛІК ТАРТТЫ, БІРАҚ БӨРІШЕ ЕРКІНДІКТІ ТАҢДАДЫМ»

- Спортқа көп уақыт бөлгеніңізді айттыңыз. Бірақ табысты болдыңыз. Қонаевқа да көмек беріпсіз. Ылғи қасында жүрдіңіз. Ол ақшаны қайдан алдыңыз?

- Енді тыңда, тоқсанынышы жылдары Ресейдің ұлттық банкі арқылы қаржыны «обналичивать» етіп, Грузияға аудару операциясына көмектестім. Ол кезде Кеңес тарап, астаң-кестең болып жатты. Қаражатты жеткізуге көмектесемін, сосын өз үлесімді алатынмын. Ол кезде қомақты сомма еді. Ал өткен ғасырдың сексенінші жылдары ережесіз жекпе-жекпен шұғылданып жүріп Одессаға, Стамбұлға барып, шет елдерде жүріп жекпе-жекке шығып, қаржы таптым. Сол жерлерден сыйақы қорынан қомақты қаражат алатынмын. Оған елдің әр жерінен мешіттер салуға ақша жұмсадым. Алматыдағы Бегалин-Бөгенбай көшесіндегі мектеп-интернатқа, Бағанашылдағы балалар үйіне көмектестім. Дінмұхаммед атамыз зейнетке шыққанда, көмектескенім рас. Ол кісі үлкен тұлға, ол ғасыр тұлғасы.

- Сіз 1993 жылы түрмеге түскен соң, мемлекет шамасы келмей жатқан уақытта абақтының ішіндегі келеңсіздіктерді жоюға атсалысыпсыз. Неге олай шештіңіз?

- Тоқсаныншы жылы түрмеге түскенде Алматыдағы Сейфуллин мен Мәметова көшелерінің қилысындағы СИЗО (уақытша оқшаулау изоляторы - авт.) жертөлесіндегі мұздатқыш жүйесін толықтай ауыстыруға қаржы бердім. Оған 730 мың АҚШ долларын жұмсадым. 70 жыл жөндеу көрмеген екен. Сосын 2 бензовоз көлігін сатып әпердім. Абақты ішінде бүрге мен бит көп болды. Оларды өртеу үшін 40 өртегіш лампа сатып әпердім. Өз қаржыма түрмеге 10 мың матрас, 10 мың жамылғы алуға қаржы бердім. Сосын оны Заречныйдағы колонияға, балалар түрмесіне таратты. Енді тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осы рақымшылық жарияланады деген үмітім бар. Бірақ ол бұрынғыдай емес, шынайы болса деп ойлаймын.

- Сабыржан аға, соңғы отыз жылда онсыз да ресми түрде бірнеше рақымшылық жасалды емес пе?  Осы науқандарға көңіліңіз толай ма сонда?

- Шынын айтқанда, осы күнге дейін болған шаралар рақымшылық емес. Біздің ел БҰҰ және ОБСЕ талаптарына сай амалсыз амнистия жасауға мәжбүр болды деп түсінемін. Шынайы рақымшылық жасалса, қазір түрмеде көптеген кінәсіз жандар отырмас еді. Дәл қазір абақтыда жазасын өтеп жатыр деген адамдардың жартысынан көбі жазсықсыз деп ойлаймын. Теміртордың арғы жағында отырған бауырларымыз отбасына оралуы керек. Себебі олардың арасында ұлттық рухы бар азаматтар жетеді. Олар түрмеде босқа отыру үшін емес, қоғамды дамыту үшін қажет. Сталин өмірден өткен соң 1953 жылы «алтын амнистия» жасалған. Сол сияқты біздің елге де бір ауқымды рақымшылық керек-ақ.

- 2000 жылдары түрмеден шыққан соң, қандай кәсіппен айналыстыңыз?

- Шыққан соң, мені Үкімет жұмыстарына тартпақ болды. Мен саясаттың адамы емес екенімді айтып, бас тарттым. Патша болсаң да, әкім болсаң да халыққа қызмет ету керек. Ол кезде ұрланған, тоналған ақшаларды, нысандарды жекешелендіруден түскен қаржыға байып жатқан шенеуніктер мен кәсіпкерлер көп болды. Бірақ мен басқа жолды таңдадым.

- Қазір табысыңыз қайдан? Не кәсіп?

- Шәкірттерім бар, солар көмектеседі. Сосын 7 жастан жекпе-жек өнерін үйрететін федерация бар, осы салада еңбек етіп жатқан адамдарым бар. Табыс дегенде, ешкімнен ештеңе алмаймын. Құдайға шүкір, алпыстан асқан жасыма дейін жиған-терген дүнием бар, соны жаратамын. Қарапайым тіршілік кешемін. Бастысы нан мен ет бар, сосын достарым көп. Біреуі соғымын, біреуі батыстан уылдырығын жібереді. Бұрын мен оларға көмектессем, олар қазір маған көмектеседі. Сондай алыс-беріс, алма-кезек өмір. Елге қол жайып жүрген жоқпын. Мысалы, 90 жылдары той жасасам, Ресейден Пугачева, Ротару бастаған достарым, осы жердегі Мақпал, Роза және өзге де танымал әртістер келіп, әнін салып жатса, Досхан, Тұңғышбай сияқты сыйлас адамдар асабалығын жасайды. Бір-бірімізге беделіміз болған соң, осылай сыйласып өмір сүріп жатырмыз.  

- Отбасыңыз туралы көп айпайды екенсіз. Қанша балаңыз бар?

- Балаларым бар. Қазақ баласының санын айтпаған. Отбасыммен ел ішінде жүріп жатырмыз. Шетелге жиі шығамын, ол жақта бизнесім бар. Қазақстанда табыс табатындай кәсібім жоқ.

- Елбасымен соңғы рет қашан кездестіңіз?

- Осыдан бірер жыл бұрын ұшырасып қалдым. Сара апайдың Саяхат деген інісі болған. Сонымен жақсы араласушы едім. Сол қайтыс болып, жаназасына барғанда көріп, көңіл айттым. Астанадағы пантеонға жерледі. Ол кезде Иманғали әкім болатын. Топырақ салып, құран бағыштап қайттық. Одан кейін көрмедім.  

- Жоғарғы билік эшелонында жүргендерден кімдермен араласасыз?

- Ешкіммен. Себебі олар жанбағыс үшін жүрген пенделер. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаевтың «Депутаттардың бәрі әртіс, соның ішінде профессионал әртіс мен ғана» дегені есіңізде ме? Сол сияқты ол жақтағы әрістермен көп араласпаймын. Саясат туралы айтсам, мына ауыл, аудан әкімдерін сайлау керек. Мен осының тезірек жүзеге асқанын қалар едім. Себебі халықтың талабы сол. 

- Сабыржан Махмет қазақ елінің болашағынан не күтіп тұр?

- Мен бір Аллаға сыйынамын. Сондықтан дұғамда еліміздің болашағы баянды болса екен деп тілеймін. Қазақтың рухты қыз-жігіттері көп, ел үшін еңбек етуге дайын азаматтар қай заманда да болған. Болашақта да болады. Бірақ соларға жол көрсету керек. Бұзылмаған жастарды мемлекетшіл етіп тәрбиелесек, кем болмаймыз. Ол үшін әр отбасы ұлттық салт-дәстүр мен тәрбиені баласының бойына сіңіруі керек. Білім бер, бірақ тамырынан ажыртпас үшін бағана жоғарыда айтқан өзімізге тән салт-дәстүрді үйрету маңызды.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары