Темекіден қалай бас тартуға болады?
Қарашаның үшінші бейсенбісі – Халықаралық темекі шегуден тас тарту күні
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрл дана сигарет пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайды екен. Оның адам денсаулығына ғана емес, қоршаған ортаға да зиянын тигізетіні анық. 20 жыл бойы шылым шегіп, жағымсыз әдеттен біржола арылған Петропавл тұрғыны Ертай Қалижанов Azattyq Rýhy тілшісіне темекіден бас тарту жолы туралы айтып берген еді.
БІР АДАМ ТЕМЕКІГЕ ЖЫЛ САЙЫН ЕҢ КЕМІ 180 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖҰМСАЙДЫ
Ертай Қалижанов жасөспірім шағынан шылымға әуестене бастапты. Кейін тентектік пен жай ғана қызығушылық жағымсыз әдетке айналып кеткен. Бастапқыда күніне бірнеше тал темекі тартатын ол уақыт өте келе тәулігіне бір қорабын тұтынуға көшкен. Оның денсаулыққа айтарлықтай зиянын келтіріп қана қоймай, қалтаны айына орта есеппен, 15 мың теңгеге қағатынын да ескеріп, шылым шегуден бас тартуға іштей бірнеше рет оқталған. Бірақ нәтиже шықпапты. Бір адам жылына ең кемі 180 мың теңгесін шылымға шығындайды.
«Темекі адамға көп жайсыздық әкеледі. Өзіңнен жағымсыз иіс шығып тұратынын да аңғармайсың. Тіске тас байланады, сарғыш тартады. Ентігу жиілейді. Бұл әрине, бер жағы ғана. Денсаулыққа қаншама зиян келтіріп жатса да, одан бас тарту қиын. Балаларым ес білген соң өзіме ескерту жасай бастады, иісімнен жиіркенетін болды. Темекінің бағасы да өсіп кетті. Осының барлығы жағымсыз әдеттен арылуға итермеледі. Бастапқыда тартып тұратын. Уақыт өте келе барлығы ұмытылды. Көпшіліктің темекіні тастау үшін түрлі конфеттер, электрондық сигарет сынды әдістерге ауысып жататынын көремін. Менің ойымша, оның барлығы бос әурешілік. Темекіні тастағысы келетін адам – басқа жолды іздемеу керек. Одан біржола бас тартқан абзал», - дейді ол.
Дегенмен кейіпкеріміз темекіден бас тарту оңай болмағанын мойындайды. Бастапқыда бір жарым ай бойы электрондық сигарет тұтыныпты.
«Бір кездері темекі шегіп, 10 жыл бойы аузына алмай, кейін қайта бастап кеткендерді білемін. Абзалы – оған мүлде жоламау. Электрондық сигарет тартып жүрген кездерім болды. Бірда жұмысқа кеткенде оны үйде ұмытып кетіппін. Түске дейін шыдау қиынға соққан жоқ. Келесі күні оны үйде әдейі тастап кеттім. Осылайша, біртіндеп тұтынуды азайттым да, біржола қойып кеттім. Ең бастысы, адам жағымсыз әдеттен арылуға өзі ниеттенуі тиіс. Өзіңді жеңбесең, басқа ештеңе көмектеспейді», - дейді Ертай.
Миллиондаған адам темекінің зияны туралы білсе де, оны тұтына береді. Денсаулыққа зиян екені оларды ойландырмайды. Мамандардың айтуынша, темекіге тәуелділіктің екі факторы бар – психологиялық және физиологиялық. Алғашқысы жылдар бойы қалыптасқан әдет, екіншісі никотинге тәуелділік.
«Шылым шегетін адам демігеді, тыныс жолдарынан қақырық бөлінеді, қан айналымы нашарлап, соның салдарынан ағза жасушаларына қорек дұрыс бармайды. Никотин – жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларын тудырады, ас қорыту функциясы, көру қабілеті нашарлайды. Тіс эмалінде қатты және жұмсақ тастар түзіледі. Қалқанша безінің қызметі нашарлап, әйелдердің репродуктивті қабілеті төмендейді. Жүйке жүйесі бұзылып, күш-жігер азаяды, тез шаршау пайда болады. Онкологиялық аурулар қаупін жоғарылатады. Тіпті генетикалық ауытқушылықтарға алып кетуі мүмкін. Шылым шегушілер өкпе рагынан 6-9 есе жиірек өледі. Жүрек аурулары да 2-3 есе жоғары. Бетті тез әжім басады», - дейді психиатр-нарколог дәрігер Татьяна Евтушенко.
ЭЛЕКТРОНДЫ СИГАРЕТ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ
Қазір көпшілік электрондық сигареттің зияны аз деген пікірде. Бір қарағанда солай көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл – қателік.
«Электрондық сигарет – бөлек сатылатын хош иістендірілген сұйықтық. Оның сапасы өндірушіге байланысты. Сұйықтықтың құрамына пропилен, глицерин мен никотин кіреді. Ол да пластырь, сағыз сынды никотин алмастыру терапиясына жатады. Оны темекіден бас тартқысы келетін адам – никотин қабылдау үшін өзін жұбатады. Ал иістендіргіштердің зияны жоқ деуге болады. Ол жағымды иісі және дәмімен көпшілікке ұнайды. Алайда электрониканың жағымсыз әсері көп. Метаболизм бұзылады. Сондықтан тұрақты тәуелділік дамиды. Құрамындағы элементтер адам ағзасын ластайды. Шылым шеккендегі сияқты психологиялық тәуелділік пайда болады. Ғалымдар оның сигаретті алмастыратын қауіпсіз балама емес екенін дәлелдеді. Себебі электрондық сигарет арқылы ағзаға түсетін никотин көлемі әдеттегі темекіден әлдеқайда жоғары. Ал олардың барлық талаптар сақтала бермейтін Қытай фабрикаларында шығарылатынын ескерсек, зиянын бағамдай беруге болады. Шылым шегетін адам бас тартқысы келсе, өзіне берген уәдесінде тұруға үйренуі тиіс. Стресстен темекі арқылы емес, салауатты өмір салты арқылы арылу керек», - дейді Татьяна Степановна.
БҮГІН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕМЕКІ ШЕГУДЕН ТАС ТАРТУ КҮНІ
Жыл сайын қарашаның үшінші бейсенбісінде Халықаралық темекіден бас тарту күні аталып өтіледі. Айтулы күнді 1977 жылы Америка онкологиялық қоғамы бекіткен. Мақсат – темекіге тәуелділіктің таралуын азайтуға, темекіге қарсы күреске халықтың барлық топтарын және барлық мамандықтағы дәрігерлерді тартуға ықпал ету.
Статистикаға сүйенсек, темекі шегетіндердің көпшілігі шылым тартудың зиянды әдет екенінен хабардар, алайда никотинге тәуелділіктен арылуға тырысатындар саусақпен санарлық. Біреулері одан арылу мүмкін емес деп есептесе, екіншілері ағза қайтадан қалпына келмейді деп есептейді екен.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО