ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

Коронадағдарыстан кейінгі Қазақстан экономикасының қалпына келуіне қанша уақыт қажет?

Сарапшы, ғалым Амалбек Өміртаймен сұхбат

Фотоколлаж

2020 жылдың наурыз айынан тамыз айына дейін мемлекеттік бюджет шығыны түсімнен гөрі екі есе артқан. Бұл – ел экономикасында болып жатқан оқиғалардың айқын индикаторы. Ал экономикасы қуатты елдер COVID-19 пандемиясы салдарынан жаһандық өсу перспективаларын қайта бағалауға мәжбүр.

Осы орайда, Azattyq Rýhy тілшісі пандемия жағдайынан кейінгі ел экономикасы, теңгенің әлсіреуі, банктердің жабылуы мен АҚШ-та демократтардың билікке келуінің Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні туралы экономика ғылымдарының докторанты, сарапшы Амалбек Өміртаймен сұхбаттасқан еді.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ЖӘНЕ КАРАНТИНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

- Амалбек мырза, карантин кезіндегі мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары қаншалықты тиімділігін көрсетті?

- Коронавирус Қазақстанда жаздың ортасында қатты ушыққанын білеміз. Ал біздің мемлекет оның алдын алу шараларын наурыз айында бастап кетті және ол жұмыстар тиімділігін көрсетті. Себебі, біз мүмкін болған ресурстың бәрін қолдануға тырыстық. Бұл жерде Мемлекет басшысының, үкіметтің маңызды шешімдер қабылдауы, сақтық шаралары, экономикалық шешімдердің барлығы тиісті деңгейде үлкен тәуекелдермен атқарылды. Ол тәуекелдер өзін ақтайтынына сенімдімін. Мұнда сынға ілінетін тек денсаулық сақтау саласы ғана. Аталған саладағы проблемалар бұрыннан қордаланып қалған. Қысқа мерзімде біз олардың бәрін шеше алмайтын да едік.

Ал мемлекеттің пандемияға дайындығы, бизнесті каникулға жіберуі, барлық қалалық қоғамдық қатынастарды жаңа жағдайда реттей білуіне ешқандай сын таға алмаймын.

Пандемия кезінде мемлекет өз функциясын атқарды. Әлемдегі басқа елдермен салыстырар болсақ, бізде Ұлттық қор бар, ондағы қаражатты еркін пайдаланып жатырмыз. Әрбір тұрғынға, кәсіпкерге, шағын бизнеске көрсетіліп жатқан қолдау Ұлттық қордың есебінен жүріп жатыр. Қосымша мүмкіндіктер қарастырылып, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға қаржылай және азық-түлік түрінде де қолдау көрсетілуде. 

Ұлттық қор – тәуелсіздік алғалы шикізат экспорттау және БАЖ салығының есебінен жиналған қорымыз бар. Қазан айында ғана 2021-2023 жылдары Ұлттық қордағы қаржыны пайдалану жоспары қабылданды. Орта және шағын кәсіпкерліктерден, кәсіпкерлік субъектілерден мемлекетке түсетін кірістердің азаюына қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Мұны назардан шығаруға болмайды.

- ЕАЭС одақтас елдердің бәріне бірдей тиімді еместігін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мамыр айында айтып, сынға алды. Сіздің ойыңызша, содан бері жағдай қаншалықты өзгерді? Одақ комиссиясының шешімдері мен ортақ ережелер біздің экономика үшін қаншалықты тиімді? Біздің кәсіпкерлердің үдесінен шықпайтын қандай ортақ ережелер бар?

- Бұл одақтас көршімізге «Біз сенімен бірге келе жатырмыз, сендер оны білесіңдер» дегенді саяси еске салу дабылы ретінде ғана айтылған пікір деп ойлаймын.

Кедендік реттеу саясатының әлі де өзара мемлекеттер ішіндегі дербестігі, одан кейін мемлекеттердің бір интеграциялық ұйымға біріккенімен әлі де өз нарығы үшін, нақтылап айтсақ, сезімтал тауарлар үшін толық интеграциялануға дайын еместігін көрсетіп отыр. Оның жарқын бір көрінісі – алкоголь өнімдерінің саудасы. Ресей Қазақстанмен қанша интеграциялық одақтас болса да, біздің алкогольдік өнімдерге деген саясатын өзгерткен жоқ. Сертификаттау мәселесі де жалғасып отыр. 

Әлемдік экономиканың негізгі субъектілері – бірінші кезекте мемлекеттер, екінші кезекте – интеграциялық ұйымдар, үшінші кезекте – халықаралық ұйымдар. Әлемдік экономиканың негізгі қатысушылары осылар. Кейбір әлем әдебиеттерінде төртінші қатысушылар – миллиардерлер мен үлкен саяси күшке, капиталға ие акционерлер, әулеттер делінеді. Әлемдік экономикадағы ахуалды жасайтын да жоғары да мен атап өткен топтар. Солардың ішінде интеграциялық топтардың экономикалық іс-әрекеті белгілі бір деңгейде әлемдік экономиканың дамуындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында саясат жүргізеді. Олардың ең қауқарлысы – Еуропалық одақ интеграциялық ұйымы. ЕАЭС әлі толық қалыптасу кезеңін аяқтаған жоқ. Оған қоса, мүше мемлекеттердегі саяси тұрақсыздықта болуы Еуразиялық интеграцияның болашағына азды-көпті күмән келтіреді.

2021 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ ТУРАЛЫ

- 2021 жылы ел экономикасына қандай болжамыңыз бар? Үкімет бюджет жобасын мұнайдың қандай бағамына сай жоспарлайды?

- Энергетикалық ұйымдардың, одан бөлек, үлкен консалтингтік компаниялардың жобалауынша, бүгінгі мұнай бағасы оны экспорттаушы елдер үшін салыстырмалы түрде тиімді. Қазіргі таңдағы мұнай баррелінің бағасы $45 шамасында. Бұл мұнай экспорттаушы мемлекеттердің өзінің республикалық немесе мемлекеттік бюджетін жылдық қаржыландыруды қамтамасыз етуге қолайлы баға. 

Жалпы, адамзат тарихына мұнайдың әлемдік тауар ретінде енуіне 40-50 жыл ғана болды. Бірақ сол мұнай нарығы үлкен дағдарысты соңғы жылдары ғана бастан кешірді. Сол қиындықтардың өзінде де мемлекетіміздің экономикасы әлі де әртараптанып кетпесе де, жинақталған қорлар мен ресурстарды белгілі бір деңгейде үнемдеу, яғни, квазисектор қызметкерлерін азайту, имидждік жобаларды қаржыландыруды қысқарту арқылы өзінің әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық функцияларын орындауға жеткілікті деңгейде ресурстары бар екенін көрсетті. Одан кейін, 2021 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кездегі келіссөздер нәтижесінде өзіне қабылдаған міндеттемелерін орындауы қажет.

- Ол қандай міндеттер?

- 2021 жылдан бастап бізде белгілі бір сауда қатынастары үкіметүсті, интеграцияүсті жағдайғына көшеді. Яғни, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкестендіріледі. Соның аясында қаржы нарығында, банк ісінде өзгерістер болуы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан 2021 жылы біздің ДСҰ-ға қатысуымыз аталған ұйымға кірген кездегі дайындығымыз қандай болғанын және біздің өндірістің, сайып келгенде, ел экономикасының бәсекелістікке қабілеттілігін айқын көрсететін кезеңге келеді.

- Қазақстан экономикасының коронавирус дағдарысынан кейін қайта қалпына келуі үшін қанша уақыт қажет?

- Экономиканың қалпына келуі дегеніңіздің өзі абстрактілі сұрақ. Пандемиядан біздің мемлекеттің экономикасы ғана зардап шеккен жоқ қой, әлемнің алпауыт мемлекеттері де дағдарысқа ұшырады. Ғаламдық экономиканың дамуы тежелді. Пандемияның күйзеліс кезеңінің аяқталуына әлі де 1-1,5 жыл қажет. Ал одан кейінгі экономикалық қарым-қатынастар ешқандай саяси факторларды, сыртқы факторларды ескермеген кезде, жедел арада экономикалық қатынастарды қалыпқа келтіруге мүмкіндік болады.

Шынайы көзқараспен қарар болсақ, пандемиядан кейін Қазақстан экономикасының қалпына келуіне бірден-бір әсер етуші – сыртқы саяси фактор. Оның ішінде экономикасы қуатты елдердің өзара байланысы, халықаралық сауда үлкен рөл атқаратын болады.

БАЙДЕННІҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ, ӘЛЕМДІК БАНКТЕР МЕН ТЕҢГЕ БАҒАМЫ 

- Ақ үйде демократтардың билік басына келуі Қазақстан экономикасына қандай да бір әсерін тигізе ме?

- Қазақстанды жекелей ұлттық экономика ретінде қарайтын болсақ, «Барак Обаманың тұсында осындай өзгерістер болған, Трамптың кезінде мынандай болған» дейтіндей үлкен айырмашылық жоқ. Оның үстіне, АҚШ-пен біздің сауда қатынасымыз ауқымды деңгейде емес. Сол себепті Байденнің билікке отыруы біздің экономикамызға жаңаша бір жағдай туғызады деп айтуға болмайды. Жанама түрде Американың біздің негізгі сауда серіктестерімізбен қарым-қатынасына байланысты болады. Мәселен, бізбен интеграциялық одақта отырған Ресейді айтуға болады. РФ мен АҚШ арасындағы экономикалық, әлеуметтік, саяси қарым-қатынастардың тұрақтылығы біздің елге жанама әсер етеді. Егер ол тұрақсыз болса, АҚШ-пен Қазақстанның әрдайым жекеше келіссөз жүргізетін мүмкіндігі бар. Қандай жағдай болмасын, Қазақстан Ресейге санкция салған мемлекеттермен өзінің жекелеген сыртқы экономикалық саясатын жүргізуі тиіс.

- Елімізде, әлемде банктер бірінен соң бірі жабылуда. Банктердің қаржылық ахуалының ушығуына не себеп болды?

- Қазірде банктердің қаржылық қиын ахуалға ұшырауының негізгі себебі – капитализация, яғни, банктерді қаржыландыратын қаржы ресурстарының жоқтығы, қолжетімсіздігі. Бар болса да, қаржылық қатынастарды ұйымдастырудан қазіргі нарықта табыс табудың қиындығы.

- Біздің нарықтан пайда табу неге қиын?

- Еуропа мемлекеттерінде несие 2-3 пайызбен беріледі, себебі, ол жақта инфляция деңгейі төмен. Ал Қазақстанда несиені 10-30% дейін береді, себебі инфляцияның өзі – 7%, сондай-ақ валюталық конвертациядағы үлкен тәуекелдер бар. Өз кезегінде, бұл көп кіріс алып келмейді. 

Біздің нарық құбылмалы, ешқандай девальвация немесе ревальвациядан сақтандырылмағандықтан, отандық банктердің нарықтағы тәуекелдері жоғары. Мемлекет аталған проблемаларды шешу үшін белгілі бір деңгейде банктер арасында интеграциялану процестерін жүргізіп жатыр. Осы аталған шаралардың барлығы 2021 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімдерінің аясында біздің банктердің шетелден келетін қаржы ұйымдарына бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін, сол аталған интеграцияландыру, не ұлттық қор немесе мемлекет тарапынан қаржыландыру, капиталдандыру алдағы жағдайға дайындық үшін жүргізіліп жатқан саясат.

- Коронавирусқа дейін де төл теңгеміздің құны көңіл толарлықтай болған емес. Рубльден басқа, біздің теңгеге қысым жасайтын басты фактор қайсы?

- Теңгеге негізінен қысым жасайтын фактор – халықаралық сауда, шикізат саудасы. Біздің халықаралық саудадағы негізгі экспорттық тауарымыз мұнай, газ, уран, қара-түсті металдар. Шикізаттық тауар экспортынан түсетін түсімдер біздің валюталық түсімдерімізге тікелей әсер етеді. Біздің мұнай өнімдеріміз тиісті деңгейде сұранысты қанағаттандыра алса, сол сұраныс аясында өндіріс азаймаса, одан кейін біртіндеп экономиканы әртараптандыру саясаты жалғаса беретін болса, онда теңгені қазіргі валюталық қатынастардағы орнын сақтауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. 

Біз дамушы мемлекет ретінде экспортқа бағытталған саясатты жандандыруымыз керек. Сол кезде аталған қиындықтардан құтыламыз. Екінші мәселе, базалық ставка дейміз. Біздегі несиелік жүйенің де әлсіз тұстары бар, оның сырын қаржыгерлер мен банк саласында жұмыс істейтін мамандар жақсы біледі. 

Дүниежүзілік сауда ұйымының заңнамалар аясында реттелетін жүйеге келетін болсақ, Қазақстанға Қытайдың және басқа да дамыған мемлекеттердің қаржы институттарының біздің мемлекетіміздің нарығына еркін енуіне мүмкіндігі болады. Олар арзан және төмен пайызды несиелер беретін болса, қазіргі екінші деңгейлі банктеріміздің жұмысына, жалпы, ақша, қаржы-несие қатынастарының үлкен деңгейде өзгеріске ұшырауына алып келуі әбден мүмкін. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан