Семейде жүргізуші көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншіні қағып кетті

Жүргізуші көлікті аударып алған

Семейде жүргізуші көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншіні қағып кетті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Семейде көлік аударылып, жаяу жүргіншіні қағып кетті. Абай облыстық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апаты 17 сәуір күні сағат 12:55 шамасында қаладағы Грязнов көшесінде болған. Toyota Camry маркалы автокөлігінің тізгініне ие бола алмаған жүргізуші көлікті аударып алған.

Қатты жылдамдықпен аударылған темір тұлпар сол маңда жүрген жасөспірімді қағып, кейін жол жиегінде тұрған тағы екі көлікке барып соғылған.

Апат салдарынан жарақат алған кәмелетке толмаған бала дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

«Дәрігерлер қарауынан кейін жасөспірім ауруханаға жатудан бас тартты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деп хабарлады Абай облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиға орнында патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Мамандар апаттың нақты себептерін анықтап жатыр.