Бас прокуратурада Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құрылды

Киберқылмыспен күрес жаңа деңгейге шықты

Бас прокуратурада Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құрылды
Фото: gov.kz

Қазақстанда киберқылмыспен күрес жаңа деңгейге шықты. Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде елімізде қылмыстық қатерлерді болжаудың арнайы орталығы іске қосылғаны мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары «реактивті» модельден «проактивті» әрекет етуге көшті. 

Бұл жұмыс нақты нәтиже бере бастады: Соңғы үш айда киберқылмыс саны 15,1% азайды; Құқық бұзушылық көрсеткіші 6 216-дан 5 275-ке дейін төмендеді; Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталық арқылы 2,8 млрд теңге бұғатталды.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің құрылымында Қылмыстық қатерлерді және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.

2026 жылғы 18 сәуірден бастап комитетке заң жүзінде болжамды-талдау қызметі бекітілді. Енді орталық мемлекеттік органдар үшін арнайы ұсынымдар әзірлейтін болады.

Орталық мамандары киберқылмыскерлердің қолданатын 18 жаңа әдісін анықтады. Қазіргі уақытта алаяқтық қоңыраулардың басым бөлігі дәстүрлі байланыс емес, WhatsApp мессенджері арқылы жасалуда. 

Сондай-ақ мынадай қауіптер өзекті:

Байланыс операторларын айналып өтіп, жаппай хабарлама тарататын шетелдік құрылғылар;

Адамның бейнесі мен дауысын айнытпай салу;

Басқа адамның картасын пайдалану (бұл үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша жауапкершілік енгізілді).

Айта кетерлігі, 2026 жылғы 4 сәуірде елімізде алғаш рет SMS-бластер қолданған қылмыстық топ құрықталды.

Киберқылмыстың алдын алу үшін несие беру саласында бірқатар шектеулер енгізілді. Енді алғашқы қарызды ресімдеу кезінде азаматтың жеке өзі келуі міндетті. Сонымен қатар, байланыс операторларына жалған нөмірлерді бұғаттау міндеттелді.