Өзбекстандағы бір ауылдың қазақтары тек домбыра жасаумен айналысады – Салтанат Өмірәлі

Ұлттық бұйымдар өндірумен айналысатын кәсіпкермен сұхбат

Өзбекстандағы бір ауылдың қазақтары тек домбыра жасаумен айналысады – Салтанат Өмірәлі
Фотолардың авторы: Әсет Құндақбаев

Кәсіпкер Салтанат Өмірәлі 10 жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген. Алматының барахолкасын аралап жүргенде, ол ұлттық бұйымдардың сапасыз екенін және ол өнімдердің көршілес елдерден келетінін көріп, неге біз ұлттық бұйымдарды өзгелерден сатып алуымыз керек деген сұраққа жауап іздеген.

Қолынан іс келетін қандасымыз алғаш құрбысымен құдалыққа арналған қоржын, тойбастарға арналған ұсақ-түйек бұйымдар тігіп, сата бастайды. 10 жыл ішінде кейіпкеріміз кәсібін жолға қойып, бүгінде республика бойынша 20 шеберхананы басқарып отыр.

Azattyq Rýhy тілшісі «Елмұра» шеберханасына барып, брендке айналған ұлттық бұйымдарды өндірушімен кәсіпкерлік, экологиялық өнімдер жайында әңгімелесіп қайтқан еді.

«ЕЛМҰРАДА» 2000-НАН АСА ШЕБЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

- Осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың Құлжа қаласынан тарихи отаныма қоныс аудардым. Алматыға келген соң, жұрт қатарлы жұмыс істемек ниетпен базар араладым. Сонда байқағаным, базарда сатылып жатқан бұйым да, киім де Қырғызстан мен Қытайдан келеді, көкөніс пен жеміс-жидек Өзбекстаннан келеді. Ең сорақысы, базарда тұрған өзіміздің ұлттық бұйымдарымыздың бағасы арзандау болғанымен, сапасыз, дизайны көңілге қонымсыз күйде сатылып тұрды. Бізге ол көрші елдерден келеді екен. Өз бұйымымызды Қырғызстаннан әкеліп, өзімізге сатып жатқан қырғыз ағайынға бір жағынан сүйсінгеніммен, соны өзіміз брендке айналдыра алмай отырғанымызға қарным ашты.  Содан «Ұлттық бұйымдарды заманға сай етіп мәнерлеп, әрлеп, нарыққа шығарып көрсек, қалай болар екен?» деген ой келді. Осылайша, «Елмұра» шеберханасын ашуды қолға алдық. Бастапқыда кәсібім бірден дөңгелеп кетті дей алмаймын. Ұлттық бұйымдарды нақышына сай жасайтын шеберлерді табудың өзі біраз жұмыс болды. Оларды табуын тапқанмен, алдына барғанда: «Қазір көп қазақтар ұлттық нақыштағы бұйымдарды ескінің қалдығы деп қарайды. Жасауын жасаймыз, алушың бар ма?!» деушілердің қатары көбейді. Дегенмен, елдің сөзіне ермей, құрбым екеуміз тойбастарға қажетті қоржындарды тігумен айналыстық. Мамандығым педагог, бейнелеу өнерінен бастауыш сыныптарға сабақ беретіндіктен, сызу, дизайн дегеннен хабарым бар. Одан бөлек, Қытайдағы қандастарымызға домбыра саттым. Әсіресе, балаларға арналған шағын домбыраларға деген сұраныс көп еді. Алғашында қоластымда 30 шебер болды. Бүгінде республика бойынша 20 шеберханада 2000-нан аса шебер бар. Олардың көпшілігі - әйел адамдар. Алматыда 12 сауда нүктеміз ашылды, қала сыртында шеберханаларымыз бар.

«ҚАЗАҚЫ АСТАУДЫҢ 150 ТҮРІН ЖАСАЙМЫЗ»

«Елмұрадағы» қолөнер бұйымдары мына төрт бағыттан тұрады: ағаш, тері, киіз өнімдері мен сүйектен жасалатын кәдесыйлар. Бұлардың әрбірінің жасалу техникасы, өңдеу, дайындау жолдары әрқилы. Біреуі ағаштан астау, келі-келсап, сандық, кебеже, қасық жасаса, енді бірі одан домбыра, қобыз жасайды.

- Шеберлердің бір ерекшелігі, бір шебердің жасаған дүниесін екінші шебер дәл сол секілді көшіріп жасай алмайды. Әсіресе, ағаштан жасалатын бұйымдарды айтыңыз, екі шеберге бір нұсқаны жаса деп тапсырыс бергеніңізбен, екеуінің дүниесі екі түрлі, оюы басқа, жақтауы ерекше болады.  

Бүгінде киіз басу, тері өңдеу, ағаштан жасалған шара, саба, астау, домбыра сынды қазақ кеңінен қолданған дала өркениетіне ескінің қалдығы сияқты көзқараспен қарайтындар жетерлік. Біздің мақсатымыз – экологиялық таза, сапалы, қолдану мерзімі ұзаққа жарайтын, сәнді әрі ұлттық бұйымдарымызды барша әлемге насихаттау. Аталған мүдде үшін тынымсыз еңбек етіп келе жатқанымызға 10 жылдай уақыт болды. Шеберлермен телефон арқылы тығыз байланыстамын. Бұрын үздік деген шеберлерді өзім іздейтін болсам, қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен өздері ұсыныспен келеді. Біздің шеберханадағы ең көп сұранысқа ие астаулар – бас табақ, төре табақ, ет тартатын табақ деп сан түрге бөлініп жатыр. Ой-өрнекпен көмкеріліп жасалған ет табақты алушылар көп. Астаулардың табаққа бөлінуінен бөлек, үлгісі, пішіні, жасалатын материалына қарай 150 түрін дайындаймыз.

«ҰЛТТЫҚ ӨНІМГЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ АЗ»

- Өнімдер жаңғақтан, ақ қайыңнан, шынар, тал және тағы басқа да ағаштардан жасалады. Ол ағаштарды Көкшетау, Ресейден арнайы тапсырыспен алдырамыз. Аймақтардағы шеберлердің тапсырыстарға шикізаттарды алуы үшін қаржы жағынан өзіміз көмектесіп, дайын өнімді сатумен айналысамыз. Шеберлеріміздің көбі еліміздің оңтүстік өңірінде шоғырланған. Оның ішінде Тараз қаласында небір мықты қолөнершілер бар.

Біз жеке кәсіптен бөлек,  ұлттық қолөнерді дәріптеуге үлес қосып жатырмыз. Дегенмен, ұлттық құндылықтарымызға Үкімет тарапынан әлі де еш қолдау көрсетілмей жатыр. Шеберлер өз еңбектеріне сеніп, түрлі идеясын қосып, астаулардың ассортиментін көбейтіп келеді. Қазақстандық шеберлердің қолынан шыққан өнімдер сапалы, әдемі. Бүгінде шетелдік қонақтар ұлттық бұйымдарды алу үшін біздің дүкенге арнайы іздеп келеді. Шетелдегі қазақтар ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық өнімдерге жиі тапсырыс береді. Америкада өткен қазақ күресінің тендері кезінде қатысушыларға 300 данадан қамшы, ұлттық сөмке, қалқан, тәпішке, тақия, шапан береді. Қазір әрбір жиырмасыншы қазақтың біреуі киіз үйге тапсырыс береді десем, артық айтпағаным.

Тары түйетін келсап, қымыз сауатын шелек, қымызды ашытатын саба, қымыз бен айранға, шұбатқа, яғни, ақ өнімдерге арналған жаңғақтан жасалған шараны алушылар саны соңғы кезде артты. Сауындыққа арналған ыдыстар ақ қайыңнан жасалады, салмағы да өте жеңіл. Бір қымыз сауатын ыдысты жасауға бір аптадан астам уақыт кетеді. Ағашты сүрлейді, өңдейді, пішінін келтіреді, оюын салады. Ақ қайыңнан жасалған шаралардағы қымыз, шұбат салқындығын сақтап тұрады. Ал ыстық күйді сақтап тұру үшін шаралардың ішіне Ресейден өндірілген арнайы ыстық сақтайтын темір ыдыстарды алып қосып қоямыз. Теріден торсық, картина мен садақ, қамшы, сабаларды жасаймыз.

ШЕТЕЛДІК ҚАЗАҚ ШЕБЕРЛЕРІ

- Ұлттық мәдениетімізді дамыту үшін өлшеусіз ізденісте болып, заманның талабына сай сұранысты қамтып отыруымыз керек. Әрбір шебер, әрбір кәсіпкер өз күшімен келе жатыр. Өзбекстанда бір ауылда тек домбыра жасайтын қазақ шеберлері бар. Домбыраның да ассортименті жетерлік. Бірі қайыңнан, енді бірі қарағайдан, тағы бірі жаңғақтан жасайды. Өзбекстандағы қазақтар домбыраның халық ала алатын түрін әзірлейді. Арасында қымбат домбыраларға да тапсырыс берушілер бар. Қазір Түркияда тұратын қазақ шеберлерімен байланыс орнатып жатырмыз. Аталған өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шеберлермен өте ауқымды жұмыс атқардық. Нәтижесінде, қазір астау, қымыз құятын шараларды сатып алушылардың саны артты. Қолдан жасалған өнім болған соң, бағаны шебердің еңбегіне, жұмсалған уақыт пен материал сапасына қарай қоямыз. Қазір шеберханадағы ең қымбат бұйым – 350 мың теңге тұратын сүйектен жасалған домбыра, атқан мінген батырдың тұлғасы. Ең арзаны – 100 теңгелік тойбастарға арналған заттар. Біздің өнімдердің сапасы бағасына сай. Мәселен, тері бұйымдардан жасалған өнімдер ұзақ уақыт алады. Ең алдымен, теріні мәнерлеушілер ашыған айранды теріге құяды, сосын оны бірнеше күн ұстап жұмсартады. Кейін жұмсарған теріні илейді. Бір теріні илеуге 10 тәулік кетеді. 

Кәсібімді қолдағы бар қаражатпен аштым. Әлі күнге дейін маған еліміздің түкпір-түкпірінен «франшиза алайық, бөлшектеп алып, өз аймағымда ұлттық бұйымдарды сатайын» деп аптасына кемі 5 адам келеді. Көбі істі бастағанымен, орта жолға келгенде тастап кетіп жатыр. Мұндай қолдан жасалатын өнімдерге шыдамдылық, іскерлік, қажет.

САПАЛЫ ДҮКЕН АШУҒА 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЖЕТ

- Үлкен қалаларда ұлттық бұйым сататын дүкендерді жоғары деңгейде ашқысы келген адамның қалтасында кемі 10 миллион теңге болуы қажет. Үлкен компанияңыз болса, тендер арқылы тапсырыс аласыз. Жақында Шымкентте 11 киіз үй мен сол үйге қажет бұйымдарды толығымен жасадық. Қыздардың жасауын да істейміз. Карантин кезінде тапсырыс бұрынғыдай көп болмаса да, мүлдем жұмыссыз қалмадық. «Елмұраның» өнімдерін елде ғана емес, шет елдерде де танытып, түрлі көрмелерге қатысып тұрамыз. Бір рет Германияда, төрт рет БАӘ-де өткен көрмеге қатыстық.  Уақыт өткен сайын еңбекақыға бөлінетін қаржылық қуатымызды да арттырып келеміз. Алғашында қиындықтар аз болмады. Бір істің басында болу – оңай шаруа емес. Мақсатым - баю емес, халыққа жұмыс тауып, өз бұйымдарымызды брендке айналдыру болған еді. Бұрын қазақы бұйымдарды көпшілігі сән үшін, үйінің төріне іліп қою үшін алатын. Қазір оның экологиялық таза өнім екенін түсініп келе жатқандардың қатары көбейді. Менің айрықша қуанатын, толқитын бір сәтім бар: ол шеберлер жасаған дүниені тезірек өткізіп, оларға ақшасын уақытылы берген кезім. Сол шақта менен бақытты адам жоқтай сезінемін. Біздің елде өнерлі шеберлер көп. Болашақта біздің қатарымыз одан ары кеңейе түсетініне сенімдімін. Бастысы, бұйымдарымызды тойбастар мен киіт үшін алмай, шынымен қадірін білсек екен. Шетелдік алушылар қолөнерді, экологиялық өнімді аса жоғары ілтипатпен, ерекше таңданыспен алып жатады. Біздің елде де осы мәдениет жоғары деңгейге жетсе деймін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.