«Пашинян жалғыз қалды»: Баку мен Ереван арасындағы келісім туралы саясаттанушының пікірі
Таулы Қарабақта бейбітшілік орнату туралы мәлімдемеге қол қойылды
Әзербайжан мен Армения басшылары Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы Ресей Федерациясымен үшжақты келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшарт кімнің пайдасына шешілді? Таулы Қарабақта қандай өзгерістер болуы мүмкін? Azattyq Rýhy тілшісінің осы және басқа да сұрақтарына саясаттанушы Ерлан Саиров жауап берді.
Қарабақ немесе Арцах соғысы 1905 жылдан басталады. КСРО тарағаннан кейін, әзербайжан-армян халықтары арасындағы дау одан сайын ушықты.
«Бұл КСРО тарағаннан кейін Әзербайжан КСР-нің құрамындағы Таулы Қарабақ автономиялық округі біржақты бөлініп шығу туралы мәлімдеген. Бұл 1988 жылы болды. Одан кейін осы мәлімдемені Арменияның басшылығы қолдап, содан бері дүниежүзілік қауымдастықтар мойындамаған Таулы Қарабақ деген мемлекет пайда болды. Бірақ оны бірде-бір мемлекет мойындаған жоқ. 90-жылдардың бірінші жартысында Армения басқа елдердің көмегімен Әзербайжан территориясының 20 пайызын басып алған. Әзірбайжанның 7 ауданы Арменияның оккупациясында 30 жыл болды»,- деді Ерлан Саиров.
АРМЕНИЯ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚАУЫМДАСТЫҚТАР ШЕШІМІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Бұл аудандарды тарихи отанына қайтару, оккупацияны тоқтату туралы БҰҰ резолюциясы бар. Одан бөлек, ЕҚЫҰ жанындағы Минск тобының (РФ, АҚШ және Франция) жоспары бар. Бұл жоспар бойынша, Әзербайжанның 5 ауданы, одан кейін 2 ауданы қайтарылып, Таулы Қарабақтың территориясында референдум болуы тиіс еді.
«Өкінішке қарай, Армения мемлекеті басшыларының шалыс қадамының кесірінен бұл жоспарлардың бірде-бірі іс жүзінде жүзеге аспады. Сондықтан Әзербайжан мемлекеті басшылығының осындай қадамға баруына тура келді», - дейді саясаттанушы.
АРМЕНИЯ ХАЛҚЫ ЕРЕВАНДА БАС КӨТЕРІП ЖАТЫР
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей және Әзербайжан президенттерімен Таулы Қарабақтағы соғысты 10 қарашаға қараған түні сағат 01:00-де тоқтату туралы мәлімдемеге қол қойғанын айтты. Осы мәлімдемелерден кейін Арменияда тәртіпсіздік басталды. Ереванда наразылық білдірушілер үкімет үйіне басып кірді.
«Арменияның экономикасы шыдамады және соғысты жалғастыратын күш жетпеді. Олар соғысты тоқтатқысы келген жоқ, тоқтатуға мәжбүр болды. Негізі, ел басшылары дипломат болуы керек. Алайда, Пашинян билікке келген соң, бұл мәселе ушығып кетті. Көрші мұсылман елдердің барлығы дерлік Әзербайжанды қолдағандықтан, 30 жылдың ішінде Армения экономикалық блокадада болды. Сондықтан Арменияның экономикалық, әлеуметтік жағдайы өте төмен және өте күрделі», - деп баға берді саясаттанушы.
Саясаттанушы Әзербайжан территориясында тұратын армяндарға қатысты да пікір білдірді.
«Әзербайжан территориясында тұратын армяндар осы мемлекеттің заңына көнуі керек. Сосын Армения өзінің ең жақын 4 көршісімен (Әзербайжан, Грузия, Иран және Түркия) қарым-қатынасын реттеуі керек. Егер осындай жаңа формуланы жасамаса, елде үнемі дағдарыс болып тұрады», - дейді Саиров.
БАТЫС ЕЛДЕРІ, РФ ЖӘНЕ ТҮРКИЯНЫҢ РӨЛІ
Армения – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. Осы кеңестің ережесіне сәйкес, Армения территориясына белгілі бір мемлекет шабуыл жасаса, кеңеске мүше елдер – РФ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь Республикасы көмекке келер еді. Алайда, Әзербайжан Армения территориясына шабуыл жасаған жоқ.
«Батыс елдері Арменияға тек риторикалық қолдау білдірді, іс-жүзінде ештеңе істеген жоқ. Бұл келісімшарттың АҚШ-тағы президент сайлауымен қатар келуініне еш қатысы жоқ. Тағы 5-6 күнге созылғанда Әзербайжан соғыс ашып, тас-талқан етер еді. Пашинян РФ-ның да белгілі бір ұлттық мүдделеріне қарсы шықты. Ресей Түркиямен қарым-қатынасын бұзбайды, жанжалға бармайды. Өйткені, РФ мен Түркия арасындағы экономикалық айналым үлкен. Сондықтан Армения ешкімнен қолдау тапқан жоқ», - деді Ерлан Саиров.
Саясаттанушының айтуынша, енді Нахичевань аймағы мен Әзербайжанның арасында тікелей транспорт дәлізі пайда болады.
«Соңғы жасалған келісімшарт – Әзербайжан халқының жеңісі және тарихи әділеттік орнауы. Бүгінде Әзербайжан 7 ауданның 5-ін қайтарды. Келісімшарт бойынша, осы жылдың соңына дейін Армения Әзербайжан территориясындағы өзінің әскерін толық шығаруы тиіс. Сонымен бірге Таулы Қарабақ жерінің бір пұшпағына РФ әскері кіріп, сол жерден көшіп кеткен халықтың қайтадан көшіп келуін бақылайтын болады. Айта кетерлігі, ол жерге тек армяндар көшіп келмейді, сонау 90-жылдары көшіп кеткен 1 млн-нан астам Әзербайжан халқы да қайтадан оралады», - деді саясаттанушы.
Жазып алған: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан