Еңбектенсең, жер жомарт – диқан
Солтүстікқазақстандық кәсіпкер Еркебұлан Мәмбетовпен сұхбат
Солтүстікқазақстандық кәсіпкер Еркебұлан Мәмбетов өз ауылында жас мамандарға арналған 30 үй салып берген. Болашақта шеттен келетіндерге тағы да бірнеше баспана тұрғызу жоспарда бар. Сонымен қатар, серіктестік басшысы жерлестеріне екі балабақша мен спорт залын тарту еткен. Өз қалтасының қамынан гөрі, көпшіліктің жайын ойлаған азаматпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
СҚО-ның Мамлют ауданында орналасқан «Мәмбетов және К» КС-нің қарамағында 30 мың гектар алқап бар. Оның 22,5 мың гектары егістікке арналған. Негізінен, арпа мен бидай өсірген шаурашылық соңғы жылдары нарық сұранысына сай майлы дақылдар өндірісін де қолға алған. Шаруашылық басшысының айтуынша жыл сайын машина-трактор паркін жаңғырту үшін 20 млн теңге бөлінеді. Шетелден әкелінген заманауи техника серіктестік алқаптарында желдей жүйіткиді. Маңайдағы ауылдарда құрылған ұсақ шаруашылықтардың басым көпшілігі Еркебұлан Нұрмағамбетұлының серіктестігіне қосылған. Барлығы халық игілігі үшін аянбай еңбек ететін білікті басшының соңынан ерді. «Мәмбетов және К» серіктестігінің құрамына Меңкесер және оған іргелес орналасқан Бексейіт ауылдары кіреді.
«Жалақымыз өнімділікке байланысты. Қуатты техника алғалы өнімділік те артып келеді. Биыл гектарынан 18-20 центнерден өнім алдық. Күзгі жиын-терім кезінде күніне 20-50 мың теңге аралығында жалақы аламыз. Маусымдық жұмыс болған соң, орақ кезінде аянбай тер төгеміз. Жалпы, көктем және күзгі қарбалас болмаса, ауыл өмірі тыныш, жаныма жағады», - дейді комбайншы Нұрсайын Қабдоллин.
БІЛІКТІ МАМАН ТАПШЫ
Бастапқыда астықты гектарынан 7,5 центнерден алып жүрген шаруашылық 5 жыл ішінде өнімділікті екі есе арттырған. Одан кейінгі бесжылдықта бұл көрсеткіш 20 центнерге дейін жетті. 2000 жылы серіктестік «тұқым өндіретін шаруашылық» статусына ие болды. Білікті басшы мұнымен тоқтамақ емес.
«Ерінбей еңбек етсең, ауылда жақсы тұруға болады. Жақсы көрсең, Жер-Ана жомарттығын көрсетеді. Ауыл шаруашылығының қиындығы да көп. Соның бәрін еңсеру үшін кәсіпкер спортшы сынды болуы тиіс. Яғни, кез келген сәтте бабыңда болу шарт. Жылдам ойланып, тез шешім қабылдай білуге міндеттісің. Ең бірінші өз қамыңды емес, халық қамын ойлау керек. Көптің батасымен ісің оңға басады. Қолыңда қандай керемет техника болса да, ауыл шаруашылығында халықтың, білікті маманның көмегінсіз ештеңе тындыра алмайсың. Өз ісінің шеберлері қашан да тапшы. Сондықтан шаруашылықта еңбек етітін жұмысшының жағдайын жасау керек», - дейді Еркебұлан Мәмбетов.
Кәсіпкер ауыл шаруашылығы саласы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды сезініп отырғанын айтады. Жоспарда қаржылай қолдау алып, ауылда туризмді дамыту бар. Жақын маңда Меңгесер атты көл бар. Ол тек Солтүстік Қазақстан халқына емес, көршілес Ресей тұрғындарына да жақсы таныс. Оның суы мен балшығы емдік қасиетке ие. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – бірегей көлдің көмегімен өз ауылын туристік кластерге айналдыру.
ШЕТЕЛДІК ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ
Ауыл шаруашылығы саласы бір орнында тұрмайтын сала. Әлем аграрийлері жыл өткен сайын жаңа техника мен тың технологияларды игеруде. Еркебұлан Нұрмағамбетұлы алыс-жақын шетелдерге барып, озық тәжірибемен танысып тұрады. Шаруашылықтағы мамандарға да жолдама беріп, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасайды. «Мәмбетов және К» серіктестігінің алқаптарында жаңа үлгідегі тракторлар жүйткісе, сүт фермасы да еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыратын, заманға сай техникамен жабдықталған. 2012 жылы серіктестік алыс-жақын шетелден 200 бас асыл тұқымды мал әкеліпті. Бүгінгі таңда төрт түлік саны едәуір артып, «Мамбетов және К» сенім серіктестігі ірі қара мал өсірушілер арасында жоғары сұранысқа ие брендке айналған. Сүт фермасында бәрі автоматтандырылған. Бұрын ондаған адам атқаратын қызметті бүгінде заманауи техника мүлтіксіз орындайды.
АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ
Шаруашылықта сиырлардың екі түрі бар: етті және сүтті. Мамандардың айтуынша, «Симменталь» сиырлары басқаларға қарағанда сүтті азырақ береді. Дегенмен, құрамы өте сапалы. Аталған тұқымды сиыр сүтінің майлылығы 4,2-ден 4,5 пайызға дейін жетеді. 2012 жылдан шаруашылық «Ангус» тұқымын өсіруді қола алған. Қазір 300 сауын сиыр бар. Шаруашылық селекционерлерінің бұл тұқымды таңдаудың ең маңызды ерекшеліктері - төлдеуінің жеңілдігі, сиырлардың сүттілігі.
Асыл тұқымды бұқаларды ірі қара тұқымын асылдандыруға бет бұрған шаруашылықтар сатып алады. Оған сұраныстың көптігі соншалық, тұтынушылар алдын ала тапсырыс беріп, кезекке жазылады. 2013 жылы шаруашылық Солтүстік Қазақстан бойынша алғашқы аукцион өткізді. Сауданың жалпы сомасы 11 миллион теңгені құраған. Гарик деп ат қойылған бір жасар бұқа 475 келі тартып, 1 млн 120 мың теңгеге сатылған. Бұл сол кездегі рекорд еді.
Серіктестікте 300-ге тарта адам еңбек етеді. Ұжым құрамы үнемі жас мамандармен толығады. Тіпті, облыс орталығынан Меңгесер ауылына келіп еңбек етіп жатқан жастар баршылық. Оларға жайлы баспана, жалақысы жақсы жұмыс беріледі. Сондықтан мұндай ұсыныстан көбі бас тарта алмайды. Ал ең бастысы – Еркебұлан Мәмбетовтың өз қарамағында жұмыс істейтін әр қызметкерге жасайтын қамқорлығы мен дархан даладай кең пейілі.
«Бұған дейін Петропавл қаласындаға жекеменшік фирмалардың бірінде жұмыс істедік. «Мәмбетов және К» КС-нің директоры бізді қуана қарсы алды. Бірден күйеуіме де, маған да жұмыс берілетінін айтты. Ұлымызға да балабақшадан орын табыла кетті. Жуырда үйіміз орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмақ. Жөндеу жұмыстарын да өздері жасап берді», - дейді Махаббат Қалиева.
Ауылға жаңа келген жастар болашақта өз баспаналарына ие болу үшін де жағдай жасалған. Үй бағасының 50 пайызын алғашқы жарна ретінде салса, қалған сомасын бөліп төлеуге болады. Серіктестік басшылығы шеттен келгендердің жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің барлығын еңбекпен қамтиды. Бірнеше жыл бұрын ауылдың әр тұрғынының үйіне орталықтандырылған ауыз су желісінің тартылуына мұрындық болған. Оған дейін тіршілік көзін 10 шақырым қашықтағы көрші ауылдан тасып тұтынған халық Еркебұланның бұл ісін ерлікке балайды. Бастысы – бәрі тегін.
Еркебұлан Мәмбетов кәрі-жастың бәрінің көңілін таба біледі. 160-тан астам бала білім алып жүрген Меңкесер орта мектебінде өтетін шаралар меценаттың қатысуынсыз өтпейді. Кәсіпкер бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Әр мерекеде балалардың ешқайсысы жомарт жанның сыйлығынсыз қалған емес.
«Әлеуметтік серіктестігіміз ертеден жалғасып келеді. Еркебұлан Нұрмағамбетұлы мектепке жиі келеді. 4 млн теңгеге материалдық-техникалық базамызды жаңартып берді. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру бағытында әңгіме-дүкен құрады, ағалық, әкелік ақылын айтады. Балаларға жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдама алып береді», - дейді Меңкесер орта мектебінің директоры Жанат Ахметов.
Кәсіпкер ауылда жаңа туған әр сәбидің ата-анасына әлеуметтік қолдау көрсетеді. 2008 жылы елдімекенде «Мәмбетов және К» серіктестігінің күшімен балабақша тұрғызған. Бұл – қызмет ететін ата-аналар үшін айтарлықтай көмек. Ал екі қолға бір күрек іздегендер тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпкер көршілес Бексейіт ауылына да балабақша салып берген. Екі нысанды да жергілікті әкімдік қарамағына тапсырған.
Осылайша, бір ғана азаматтың кәсібі мыңдаған адамның нәсібіне айналып отыр. Халықтың Меңкесер және Бексейіт елдімекендерінен ешқайда көшкісі жоқ. Ауылға мамандар келіп жатса, кәсіпкер оларды да құшақ жая қарсы алуға дайын. Шаруашылық жетекшісі әр жұмысшы бағалап, еңбегін елеусіз қалдырмайды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО