$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2020, 12:00
Сұхбат

Ербол Тілешов: Жаңа әліпби жобасы әзірленді

Филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен латын әліпбиіне қатысты сұхбат

Ербол Тілешов: Жаңа әліпби жобасы әзірленді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында қоғамдық пікірлерді ескере отырып, соңғы әліпби нұсқасын жетілдіруді жүктеді. Жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстарына және өзге де мәселелерге қатысты «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен сұхбаттасқан едік. Мархабат!

- Ербол Ердембекұлы, алғашқы сауал латын әліпбиіне көшу процесінің бүгінгі жай-күйі жөнінде болмақ. Жаһанды жайлаған пандемия жұмыс жоспарына қаншалықты өзгеріс енгізді? Жұмыстар қалай жүріп жатыр?

- Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін де, мемлекетіміз үшін де зор дәуірлік қадам. Ол жөнінде айтылды, жазылды, көзіқарақты азаматтар жақсы біледі деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, «жаһанды жайлаған пандемия» осы елдік мәселеге байланысты жұмыстарға өзгеріс енгізгені, соған орай жоспар-міндеттердің орындалу уақытын шегіндіргені рас. Өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, сол кезеңнен бастап наурыз айының ортасына дейін бірқатар жұмыс қарқынды түрде атқарылды. Атап айтсақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты құрылған Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының 5 отырысы, республикалық 2 ашық талқылау, 3 рет апробациялық жұмыс ұйымдастырылды. Осылардың нәтижесінде ғалымдар қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігін мейілінше дәл беретін әліпби жобасын әзірлеп, жұмыс тобының отырыстарында, ашық талқылауларда және апробация барысында сынамадан, талқылаудан өткізді. Қазіргі жағдайға байланысты бейімделген жоспар жасалып, сәуір, мамыр, маусым айларында онлайн режимде жұмыс істеуге тура келді.  Десек те, Мәдениет және спорт министрлігі де, Тіл саясаты комитеті де және оған қарасты «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» да қажетті жұмыстарды тоқтатпай, жалғастырып келеді.

- Жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша қандай да бір өзгерістер бар ма? Қателеспесем, ғалымдар жетілдірілген акутты және умлаутты екі жобаға тоқталып отыр ғой?

- Әліпбиді жетілдіру бойынша көптеген ұсыныс болды. Министрлікке, Комитетке және Орталыққа келіп түскен отыздан астам әліпби жобасына ғылыми сараптама жасалды. Орфографиялық жұмыс тобымен бірлескен әдістемелік, техникалық және ақпараттық жұмыс топтарының мүшелері қатысқан кеңейтілген ғылыми мәжілістерде әліпби түзудің принциптері кеңінен талқыланды. Алдымен, өзіңіз сұрағыңызда атап көрсеткендей акутты жоба жетілдірілді. Дегенмен, бұл жоба латын графикасына негізделген әліпбиде тіліміздің табиғатын толық көрсете алмайтындықтан, ғалымдар қазақ тілінің төл сипатына негізделген әліпби жобасын дайындады. Ол сіздің сұрағыңыздағы «умлаутты» жоба. Бірақ бұл – шартты атау. Себебі, бұл жобада умлауттан басқа, диакритикалық белгілер де бар. Мәселен, бревис, тильда, макрон, седиль. Бұл диакритикалар латын әліпбиін түзудің халықаралық тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Себебі, латын әліпбиі – роман халықтарының тіліне арналған әліпби. Сондықтан басқа тілдік топтардағы латыннегізді әліпбилерде диакритикасыз әліпби түзу тіпті мүмкін де емес. Герман, балтық, славян, фин-угор, түркі тілдері сияқты еуразиялық кеңістіктегі тілдер, сондай-ақ Азиядағы, Африкадағы латын әліпбиіне көшкен тілдер диакритикаларды қолданады. Оның себебі, сол диакритикалар тілдегі дыбыстардың табиғатын мейлінше дәлірек береді. Айталық, умлаут – жіңішке дауыстыларды, бревис – қысқа дыбыстарды, тильда – мұрынжолды дауыссыз дыбыстарды, макрон – созылыңқы дауыстыны, седиль – ызың дауыссыз дыбыстарды береді. Әліпбиді тіл табиғатына сай түзудің кем дегенде үш негізгі мақсаты бар. Біріншіден, жаңа әліпбиге көшкенде тілдің табиғаты бұзылмай сақталады. Мұның маңызы өте зор екені түсінікті болар. Екіншіден, әліпбиді игертуде, әсіресе, оқушыларға қазақ тілінің фонетикасын үйретуде аса қажет. Үшіншіден, әліпбидің халықаралық танымалдылығы артады және ол қазіргі ІТ технологияларға сәйкестенеді. Осы тұста Ахаңның, аса қадірменді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы» деген керемет білгірлікпен қалдырған сөзі ойға оралады. Ғалымдар әліпби түзуде Ахаңның осы және т.б. ғылыми қағидаттарын негізге алғанын айта кетуге тиіспіз. Сонымен қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген және қазіргі қалыптасқан ұлттық жазу дәстүрі қағидаттарын ескерген әліпби жобасы әзірленді. Бұл жоба әлі де пысықталу үстінде. 

- Латыннегізді қазақ әліпбиін әзірлеу мен қолданысқа енгізу шаралары бойынша төрт жұмыс тобы құрылды. Соның ішінде Орфографиялық жұмыс тобына артылар жүк ауыр. Мамандар жекелеген таңбаларға қатысты ортақ тоқтамға келді ме?

- Дұрыс айтасыз, Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтары өз міндеттерін атқаруда. Оның ішінде, әлбетте, Орфографиялық жұмыс тобы міндеттің маңыздылығы мен жауапкершілігін толық сезініп, үнемі жұмыс ырғағында отыр. Осы арада көпшілікке жұмыс тобындағы жиырмадан астам ғалымның біліктілігі мен әлеуеттілігін тағы да айтқым келеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, Еуразия ұлттық, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Назарбаев университеттерінің және «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының ғалымдарынан тұратын жұмыс тобы мүшелері біліктілігімен қатар, өздерінің азаматтық, кәсіби міндеттерін жақсы ұғынады. Енді сауалыңызға орай, жекеленген таңбаларға келейік. Бұл арада пікір алшақтығы бар. Оны түсіндіру үшін тарихи шегініс жасайық. 1920 жылдардан басталған қазақ оқымыстылары арасында «таратып жазамыз ба, таратып жазбаймыз ба» деген пікірталас әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жаңа әліпби қабылдау кезінде бұл кейбір әріптестеріміз тарапынан тағы да көтерілді. Мысалы, кейбір ғалымдар әліпбиге W таңбасын енгізіп, оны қазақ тілінің У дыбысын таңбалау үшін қолданайық, ал U таңбасын шет тілінен енген университет, ультра, уран сияқты сөздер үшін де, қазақ тілінің Ұ дыбысының орнына да қолданайық дейді. Бір ғана мысал келтірсем, uran деген сөз уран деп те, ұран деп те оқылады. Сонда халықты шатастыру болмай ма, әлбетте, болады. Сол себепті де, оған Орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдардың көпшілігі қарсы. Осындай мәселе И, Й дыбыстарын таңбалауға байланысты да болып тұр. Сондай-ақ w таңбасын енгізу арқылы кейбір ғалымдар ашып, таратып жазған дұрыс деп санайды. Сонда сұу, оқұу/оқыу, ійне, ійт, тамсанұу деген сөздер латын әліпбиінде suw, oquw/ oqıw, iyne, iyt, tamsanuw деп жазылмақ. Яғни, жалғамалы тілдердің қатарына жататын қазақ тіліндегі сөздердің тұрқы бұрынғыдан да ұзармақ. Мұны қоғам қабылдар ма екен?! Осы арада ойлы оқырман мәселені тереңірек білуі және түсінуі үшін «Аbai.kz» сайтына шыққан профессор Нұргелді Уәлидің «Орфографияға оңтайлы әліпби керек» мақаласын оқуына және профессор Құралай Күдеринованың «Жас Алаш» газетіндегі «И мен У: қайтпек керек? Бірге ойланайық» деген мақалаларымен танысуға кеңес берер едік. Ғалымдар ортақ тоқтамға келу үшін бұл мәселеде екі рет республикалық ашық талқылау, бірнеше мәрте апробациялық жұмыстар жүргіздік. Қазіргі кезде осылар мұқият сарапталуда.

- «Латын әліпбиі жат жұртта жүрген 5 миллион қазақты біріктіреді» деген екенсіз. Ал, еліміздегі орыстілді ортаға қиындық тудыруы мүмкін бе? Бұдан кейін қазақ тіліне қатысты жаңа мәселелер пайда болады деген күмән жоқ па?..

- Дұрыс айтасыз, латын әліпбиі Қазақстандағы қазақ пен тағдыр талайымен шетелде жүрген қандастарымызды біріктіреді. Бұл шын мәнінде, бар қазақтың ортақ әліпбиі болмақ. Сұрағыңыздың «орыстілді ортаға» қатысты бөлігіне келсек, ондай мәселе бар. Бірақ оны тұрақты мәселе деп ойламаймын. Оған мынадай дәлелдерімді айтқым келеді. Біріншіден, еліміздегі демографиялық жағдай қазақ ұлтының пайдасында. Тәуелсіздік алғанда қазақтар – 42%, орыстар 38% болған. Қазір бұл көрсеткіш 70% және 19%-ға тең. Бұл – азаттықтың арқасы! 1991-92 оқу жылында қазақ тілінде оқушылардың саны 28% болса, қазір ол – 80%. Ендеше Қазақстандағы тілдік ахуал қазақ тілінің пайдасына шешіледі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясындағы  қазіргі кедергілер келешекте оң шешім табатынына сенім бар. Елшіл, ұлтжанды жастар өсіп келеді. Әрине, өзге тілде сөйлеп, Америка мен Еуропаның жайлы өмірін ойлап, ана тілінен ағылшын тілін жоғары қоятындар да баршылық. Бірақ оларды қазақтілділерден, ұлтжанды жастардан көп деп ойламаймын. Көптің аты көп, береке де, бірлік те көпте! Ендеше келешек те осы көптің қолында! Латын әліпбиі толық еніп болғанша, жоғарыда аталған сандардың үлесі қазақтілділердің пайдасына шешіле бермек. Бұл – басталған, ешбір адам тоқтата алмайтын үдеріс. Сондықтан осындай үдерістің сапалық әрі сандық өрісін үнемі қадағалап жүрген қазақ ретінде, өзім қазақ тілінің толық салтанат құратынына сенемін. Ал кейбір ата-аналардың «Латын әліпбиі енсе, балаларымды орыс мектебіне беремін» деуі  мүлде жансақ ұғым, қате түсінік. Ондай ата-аналар балаларының болашағын емес, қазіргі өткінші мәселелердің шылауында жүргендер. Жоғарыда айтылған табиғи үдерісті білмейтіндер немесе түсінгісі келмейтін, саналары жаңғырмаған, тәуелсіздіктің бағасын, қазақтың аңсарын ұғынбағандар. Себебі, олар әлі де кешегі кеңестік тәуелді сананың өкілдері. Тіпті, кейбіреулермен сөйлескенде байқағанымыз, олардың өз халқының мүмкіндігіне, қазақтың қабілетті ұлт екеніне сенбейтіні байқалады. Ондай маргиналдық санадағы замандастарымызды біз түзете алмасақ та, уақыт түзетеді деп ойлаймын. Түзелмесе, өздеріне обал. Ұлтынан бөлінген, халқының тілі мен мәдениетін ұға алмайтын адамдардың кім екенін бұл арада айтудың өзі артық болар. Бір айтарымыз, ондай ағайындар өз үйіріне оралса, қате түсініктерін түсінсе деген шынайы бауырмалдық тілек қана. Бір қосарымыз, латын әліпбиі рухани арылу мен жаңғырудың үлкен тетігі. Кирилл қайдан, кімнен қалған «мұра» екені түсінікті ғой деп ойлаймын. Осындай «мұрадан» бас тартуымыз, халықаралық деңгейде мойындалған әліпбиге көшуіміз – дербес ұлттығымыз бен елдігіміздің айғағы.

- Латынға көшудің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы аз айтылған жоқ. Десек те, жаңа әліпби кирилл әліпбиіндегі олқылықтардың орнын толтыра ала ма?

- Кирилл әліпбиі де, латын әліпбиі де қазақтың төл әліпбиі емес. Бірақ 42 таңбадан тұратын кирилл әліпбиі қазақ тілінің табиғатына қайшы әліпби. Өйткені, 28 дыбысты 42 таңбамен беру – сол қайшылықтың көрінісі. Мәселен, ағылшын тілінің 44 дыбысы 26 таңбамен беріледі. Байқасаңыз дыбыс көп, таңба аз, бізде өзімізде жоқ дыбысқа орыс тілінің дыбыстарын қосып санын көбейттік. Сол себептен жазу дәстүріміз бұрмаланды. Латын да біздікі емес дедік, бірақ латын арқылы қисығымызды түзейтін мүмкіндік туды, мәселе осында. Бұл арада ғалымдар жаңа әліпбидің емле ережелерін тіл табиғатына орай әзірлеуі тиіс. Сонда қазақ тілінің әуезділігі, жалпы табиғи сипаты қалпына келмек.

- Жаңа әліпбиге көшуде ашық талқылау, насихаттау, түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Бұл ретте «Тіл – қазына» орталығы қандай іс-шаралар атқарып жатыр?

- Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты біздің Орталық іс-шаралар жоспарына сәйкес, өзіңіз айтқандай, насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі жағдайда бұл жұмыстар онлайн форматқа көшкен. Жоғарыда аталған жұмыс топтарының кеңестері мен семинарлары, әліпбиге байланысты ғылыми және әдістемелік дәрістер жүргізіп келеміз. Негізгі күнделікті жұмыс әліпбиге байланысты ғылыми зерделеу, зерттеу мақсатымен байланысты.

- Иә, мәселен, төтенше жағдай кезінде «Қашықтан оқып, тіл үйрен» деген акция бастаған екенсіздер...

- Иә, қазір барлық сала осындай қашықтан жұмыс істеуге көшкенін көріп, біліп отырмыз. Біз де осындай бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Соның бірі – өзіңіз айтқан тіл үйрету акциясы. Мәселеге жалпылама тұрғыдан келер болсам, Қазақстанда қазақ тілін үйретудің барлық ұйымдастырушылық, әдістемелік мүмкіндіктері бар деп айта аламын. Мәселе тіл үйренуге деген көпшіліктің құлшынысында. Мұндай құлшыныс жоғары деңгейде деп айта алмаспыз. Әлі де қандастарымыз болсын, диаспора өкілдері болсын, мемлекеттік тілге қажетті бетбұрыс жасамай отыр. Сондықтан елімізде мемлекеттік тілдің басымдығын қалыптастыру үшін қандай да бір мықты, пәрменді тетіктер қажет деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Серіктес жаңалықтары