ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

Әзірге онлайн құрбан шалуға ниеттілер көп емес – имам

Имамның айтуынша, құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бергендер саны басымырақ

Фото: sputniknews.kz

Биыл еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Құрбан айт мерекесінде онлайн құрбан шалуға болады. Осы мақсатта «Qurban2020.kz» арнайы сайты іске қосылды. Онлайн құрбан шалу қаншалықты сұранысқа ие, мал сою, етін мұқтаждарға тарату жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Azattyq Rýhy тілшісі Қызылжар орталық мешітінің наиб-имамы Мұхаммедзахир Мирзаевпен осы сұрақтар бойынша сұхбат құрды.  

- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша онлайн құрбан шалуға тапсырыс беріп жатқандар көп пе? Жалпы, аталған қызмет түрі қаншалықты сұранысқа ие?

- «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағына береді. Құрбан шалғандағы ниетіміз –  жүректі тазартып, Алла Тағалағаның ризашылығына бөлену. Жылына бір рет келетін мейрам – Ислам әлемінің ең ұлық мерекелерінің бірі. Елімізге келген қауіпті вирус – үйреншікті тұрмыс-тіршілігімізге біраз өзгеріс енгізді. Биыл Құрбан айт мерекесі де басқаша сипатта аталып өтілмек. Ал, онлайн құрбан шалуға тапсырыс беріп жатқандар санына келер болсақ, оларды көп деуге келмес. Негізі, құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бергендер саны басымырақ. Дегенмен, Qurban2020.kz сайтын жан-жақты жарнамалап, халық арасында насихаттап жатырмыз. Өйткені, ол қазіргідей эпидемиологиялық жағдайда еліміздегі ең тиімді платформа болып тұр. Құрбан айт мерекесіне дейін әлі аз да болса уақыт бар. Сондықтан, оның көмегіне жүгінетіндер қатары артады деген үміт басым.

- Онлайн құрбан шалу – ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын талап ететіні анық. Сойылатын малды тауып, әр тапсырысты қанағаттандыру қажет. Малды қайдан аласыздар?

- Қала сыртында шахар әкімдігі жабдықтаған арнайы орын бар. Оған Құрбан айт күндері мал әкелінеді. Ол жерде тәжірибелі қасапшылар жұмыс істейді. Сайтта тіркелген тапсырыстар саны бойынша құрбандық шалынады. Қазір әзірлік жұмыстары аяқталды. Барлығы дайын тұр деуге болады.

- Құрбан айт қарсаңында қойдың бағасы күрт қымбаттап кететіні бар. Бұл жайт жыл сайын қайталанатындықтан, жұрттың оған еті үйренген сияқты. Бір қызығы, биыл қой бағасы ерте қымбаттады. Әсіресе, пандемия кезінде қойдың құйрық майы қат тағамдар қатарына кірді. Басты себеп – «қойдың құйрық майы қауіпті індеттен айықтыратын таптырмас ем екен» деп әлеуметтік желіде желдей ескен хабар. Сол-ақ екен, базардағы қой етінің бағасы да әп-сәтте еселеп өсті. Бұл мәселеге қатысты мешіт өз тарапынан қандай да бір ықпал жасай ала ма?

- Иә, өкінішке қарай бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Бірақ, біз биыл оны түгелдей доғарып, мал басына бір баға қойдық. Мәселен тоқты, қой деп бөлдік. Одан кейін қара мал мен ешкі. Әрқайсысының құнын белгіледік. Әрине, бәріне жаппай бір баға қою оңай болған жоқ. Дегенмен, тоқтының құнын 45, ал қойдың бағасын 50 мың теңгеге бағаладық. Ешкі 35 мың теңге болса, ірі-қара бағасы 300 мың теңге көлемінде межеленді. Бұл сомаға малды сою, жіліктеу, басын үйіту, ішек-қарынын тазалау сынды жұмыстардың барлығы кіреді.

- Онлайн құрбан шалатындар мал ақшасын «Kaspi Gold» қосымшасы арқылы аударады. Қаржылық операцияны жүзеге асыру әдісі алаяқтардан қаншалықты қорғалған?

- Иә, қаражат Kaspi банкі арқылы өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының немесе мешіттің мақсаты аталған қаржылық ұйымды жарнамалау емес. Бізге ең қолайлысы осы болғандықтан, таңдау соған түсті. Мамандар оны жан-жақты қарастырды. Оның қауіпсіз екеніне кепіл берді.

- Қашықтан құрбандық шалу бірқатар мұсылман мемлекетінің тәжірибесінде бар. Олардың тәжірибесін зерттеп көрдіңіздер ме?  Зерттесеңіздер, олардың тиімді және әлсіз тұстарын байқадыңыздар ма?

- БАӘ, Түркия елдерінде мұндай тәжірибе ертеден бар. Бұл қызмет әсіресе мегаполистерде үлкен сұранысқа ие болады. Көп азаматтар үшін қолайлы. Жергілікті менталитетті де ескеріп, назарға алдық. Мал союға мүмкіндігі жоқ азаматтар қаржысын аударса жеткілікті. Қалғанын мешіт ұйымдастырады. Тек құрбан шалу шарты бойынша малды үшке бөліп, бір бөлігін мал иесі өзі алып, қалғанын қайырымдылыққа жұмсайды. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты оны тарату мүмкін болмағандықтан, біз оның барлығын қайырымдылыққа жұмсауды ұйғардық.

- Шаңырағында адам қайтыс болғанына үш жыл толмаған кейбір азаматтар арапа күні мал сойып, «ішек» береді. Айт күні құрбандық шалмайды. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы «ішекті» атап өту қайдан шыққан деп ойлайсыз?

- «Ішек» діннен гөрі, дәстүрге көбірек келеді. Ол салтымыздан негіз алған деуге болады. Ішек беру міндет емес. Әр адамның өз қалауы. Бүгінгі күні парыз етілген Қүрбан айт намазының оқылуы тоқтатылып отыр. Оның барлығы ортақ мүдде, адамдардың қауіпсіздігі, деннің саулығы мақсатында жасалып жатыр. Арапа күні мал сойып, Құрбан айт күні шалмаса, тікелей міндетімен емес, жанама жұмыспен айналысқандай болады.

Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Сұхбат