СҚО-да кәсіпкер ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге қымыз экспортын тоқтатты
Жылқы ұстап, қымыз өндіретін кәсіпкермен сұхбат
Саумал – сан түрлі сырқатқа ем. Қазақстан дәрігерлері коронавирусқа шалдыққандарға қымыз ішуге кеңес беруде. Бүгінде ұлттық сусынға деген сұраныс деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен. Базарда бағасы да шарықтап тұр. Солтүстік Қазақстан облысында қымыз өндірісімен айналысатын «Арқалық» шаруа қожалығы ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге экспортты тоқтатуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нағашыбай Барлыбаев басшылық ететін «Арқалық» шаруа қожалығының қарамағында 550-ден астам жылқы бар. Қазір серіктестік 90 бие байлап отыр. Тәулігіне 600 литр қымыз өндіреді. Коронавирус пандемиясына дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болған. Соның өзінде ұлттық сусын Қазақстанның облыстары мен Ресей Федерациясының бірқатар қалаларына жөнелтілетін. Қазір қожалық облыс көлемі мен көршілес Көкшетау қаласындағы сұранысты толық жаба алмай отыр. Себебі сұраныс күрт артып, бұған дейін ешқашан болмаған рекордтық деңгейге жеткен.
«Сауын биелердің санын 88-ге жеткіздік. 120 бие байлау үшін әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның өзінде сұранысты толық жаба алмаймыз. Өйткені, қымыз сұрап хабарласатындар көп, тіпті, жалынатындар да бар. Барлығына көмектескіміз келеді. Бірақ Петропавлдағы супермаркеттердің өзіндегі қымыз сөрелерден лезде жоқ болады. Өйткені, көпшілік өнімді емдік, профилактикалық мақсатқа жаппай пайдалана бастады», - дейді Нағашыбай Сапарұлы.
Бұған дейін күніне 5-6 рет сауылатын биелер қазір жеті рет сауынға тұрады. Сәйкесінше, құлындардың енесінен алатын қорегі азайған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шаруашылықтың мал дәрігерлері жылқы төліне дәрумендер мен сиыр сүтін бере бастаған.
«Жылқылар негізінен, тебінде жүреді. Қыста қатты суық болған кезде қосымша қоректендіреміз. Ал, сауылатын биелердің рационы мүлде басқа. Қазір құлындардың күтіміне қатысты да біршама өзгерістер енгізіліп жатыр. Таңғы 6-да енесінен бөліп аламыз. Жем-шөп, дәрумендер береміз. Анасынан ала алмаған қоректің орнын толтыруы шарт. Әйтпесе, жүдеп, өспей қалады. Жылқы таза мал болғандықтан, көп сырқаттана бермейді. Инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы вакцина қойылады», - дейді мал дәрігері Ғабиден Башпаев.
ҚЫМЫЗ ҚОРЫ ЖАС ТӨЛДІҢ АСҚАЗАНЫНДАҒЫ БАКТЕРИЯДАН ЖАСАЛАДЫ
Қымыз – талай дертке шипа. Дәруменге бай саумал құрамы жағынан ана сүтіне ең жақыны. Оны медицина ғылымдары да әлдеқашан дәлелдеп, мойындаған. Тек коронавирус індеті соны тағы да бір еске салғандай.
«Осының барлығын ешқандай ғылыми зерттеусіз ертеден білген ата-бабаларымызға қайран қаламын. Тіпті, қор дайындау әдісінің өзі қызық. Оның бактериялары жаңа туған, енесінің уызын ембеген қой мен ешкінің төлінен алынады. Бие құлындар шақ таяғанда егіз туған қойдың бір қошақанын сойып жіберіп, асқазанындағы сөлді қырып алып, жылқы сүтімен араластырып тиісті темпаратурада қор ашытады. Оны жасау асқан шеберлердің ғана қолынан келеді. Бөгде адам бұл процесті аңдып, әдісін көріп қалса, ауыр жазаға кесіледі екен. Ел арасында тіпті көзін шұқып, немесе өлтіріп тастайтын жағдайлар болғаны жөнінде де әңгімелер бар», - дейді Нағашыбай Сапарұлы.
ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫНА МҰҚТАЖ
Нағашыбай Барлыбаев жылқы шаруашылығының мемлекет қолдауына зәру екенін айтады. Кәсіпкер елімізде жылқы өсіру, қымыз өндірісі салаларының кенжелеп қалуының басты себебін Үкімет тарапынан тиісті көмектің болмауымен байланыстырады.
«Мемлекет тарапынан шаруашылықтарға дотация беріледі. Мәселен, өндірілген сиыр сүтінің әр литріне 37 теңге беріледі. Ал бие сүтіне – 60, түйеге 55 теңге бөлінеді. Ірі қара мал күніне 40 литр сүт береді. Жылқы мен түйеден ең көп дегенде, 5 литр саууға болады. Елімізде жылқы шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту үшін дотация көлемі кемінде 200 теңге болуы керек. Бұл оңай кәсіп емес. Мал жайылымына шөбі сапалы жер, құнарлы тамақ керек», - дейді Барлыбаев.
САУМАЛ 10 САҒАТТА ҚЫМЫЗҒА АЙНАЛАДЫ
Бие сауу процесі автоматтандырылған. Адам қолына үйренген жылқылар сауынға келгенде қаз-қатар тізіліп тұра қалады.
«Жылқылар орнына келуі үшін жем салып қоямыз, соған үйреніп алған. Бие бір сауғанда 800-900 грамм сүт береді. Автомат міндетімізді едәуір жеңілдетеді. Қыста да жұмыс үзілмейді. Ұлттық сусынның өндірісі жыл бойы жалғаса береді», - дейді сауыншы Зәуреш Нұрмұқанова.
Саумал арнайы ыдыстарға құйылып, цехқа жөнелтіледі. Таңертең әкелген сүт 10-12 сағатта ашып, дәмі тіл үйірер қымызға айналады.
«Күбіні түтінге жарты сағат ыстап аламыз. Одан кейін қорды құйып, сүт қосамыз. Автомат күбілерді әр сағат сайын қосып, пісу керек. Дайын болған қымызды шыны құтыларға құйып, бұрандасын жабамыз. Мұндай ыдысқа құйылған өнімнің жарамдылық мерзімі 7-8 күн, бастысы, қалыпты температура сақталуы керек», - дейді қымыз цехының маманы Марал Гафиуллина.
Өнім сапасын технолог маман бақылайды. Назира Нағмет – «Серпін» бағдарламасы бойынша биыл жоғары оқу орнын тәмамдапты. Жас маман бірден қымыз цехына жұмысқа қабылданған.
«Сүт күніне 7 рет келеді. Оның барлығын дер кезінде қабылдап, кәдеге жарату керек. Қор сақталатын арнайы қойма бар. Ол орталанған сайын сүт құйып, сапасын қадағалап отырамыз. Университет қабырғасында сүт технологиясы, оның ішінде қымыз туралы оқыдық. Өзім де ізденіп, интернеттің көмегімен түрлі материалдар оқимын. Әріптестерім де аянбай көмектесіп жатыр», - дейді ол.
Өз ісін жетік білетін кәсіпкер елімізде күрделі жағдай қалыптасқанда қарап қалмады. Қазір Қызылжар орталық мешітінің жанынан құрылған «Зекет» қоғамдық қоры арқылы Петропавл қаласындағы провизорлық стационарларға қымыз жеткізеді. Кәсіпкер болашақта екінші ферма ашып, шипалы сусынның өндіріс көлемін арттыруды армандайды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО