«Қазақ күресінің жөні де, жолы да бөлек»: 17 жастағы семейлік чемпионмен сұхбат

Ілияс Балтақаев 6 жасынан бастап күреске қатысып келе жатыр, оның 7 бауыры бар 

«Қазақ күресінің жөні де, жолы да бөлек»: 17 жастағы семейлік чемпионмен сұхбат
Фото: Ілияс Балтақаевтың жеке мұрағатынан

Семей өңірі – қазақ күресінің ежелден келе жатқан алтын бесігі. Осы топырақтың қасиеті ме, әйтеуір, мұнда спорт десе ішкен асын жерге қоятын, боз кілемде ысылып өскен жастардың қарасы қалың. Солардың бірі – жуырда ғана қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионатында топ жарып, бас жүлдені ұтып алған 17 жастағы Ілияс Балтақаев. Ол қазірдің өзінде дзюдо мен қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. Бозбала спорттағы алғашқы қадамы, чемпиондық мектебі туралы, алдағы жоспарлары жайында Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берді. 

«Күреске әкем алып келді»

– Ілияс, жеңісің құтты болсын! Еңбегіңнің жемісін көріп, ел чемпионатында топ жардың. Әңгіменің басын өзің өскен ортадан, отбасыңнан бастасақ. Спортқа қалай келдің?

– Көп рақмет! Қуанышымды бөлісіп жатқандарыңызға ризамын. Өзім Семей қаласының тумасымын, осы қалада туып-өстім. Отбасымыз үлкен, бір шаңырақта 7 жанбыз. Әкем мен анам, бір апайым және менен кейінгі бауыр-қарындастарым бар. Үйдің үлкені болған соң, маған артылатын жауапкершілік те жоғары. Менің спорттағы әрбір жетістігім – ең алдымен әке-шешемнің тәрбиесі мен отбасымның маған деген шексіз сенімінің арқасы дер едім. Спортқа келуіме тікелей себепші болған адам, ол – әкем. Бойымдағы күреске бейімділікті ерте байқаған ол кісі мені небәрі 6 жасымда жетектеп, күрес үйірмесіне алып келді. Сол күннен бастап бапкерім Мұқышев Мейіржан Еркінұлы ағай шынықтырып келеді. Қазір 11 жылдан астам уақыт өтті. Үлкен спорттың қыр-сырын әлі де үйреніп жүрмін.

– Алғаш рет боз кілемге шыққан сәтің, жарысың есіңде ме?

– Иә, бірінші рет жарысқа 8 жасымда қатыстым. Өзіміздің Семейде өткен қалалық турнир болатын. Бала болсам да, белдесуге шығар алдында қобалжу болды. Бапкерімнің айтқан ақыл-кеңесі маған күш берді. Сол алғашқы додада барлық қарсыласымды жығып, 1-орын иелендім.

«Қазақ күресінің жөні де, жолы да бөлек»

– Сен қазір қазақ күресінен де, дзюдодан да спорт шеберлігіне үміткерсің. Қос спорттың тізгінін қатар ұстап келесің. Десе де, жақында қазақ күресінен Қазақстан чемпионы атандың. Сеніңше, қазақ күресінің өзге жекпе-жек түрлерінен басты ерекшелігі неде?

– Иә, маған дзюдо да, қазақ күресі де өте жақын, екеуімен де белсенді айналысамын. Алайда, қазақ күресінің жөні де, жолы да бөлек. Бұл спорттың ережелері өзге күрес түрлеріне мүлде ұқсамайды, мұнда өзіндік айла-тәсілдер, белдесудің өзгеше тактикасы бар. Маған ең алдымен бұл спорттың өз ұлтымыздың төл өнері болғаны ұнайды. Қазақ күресінің әрбір белдесуі өте тартысты, қызу өтеді, көрермен үшін де тартымды деп ойлаймын. Бозкілемде жігіттің мінезі сыналады, ол адамның ақыл-айласын да іске асыратын жер. Өйткені тізе бүктіру, жауырынды жерге тигізу үшін шымырлықтан бөлек, есеп пен ақыл керек. Бүгінде бұл спортпен шұғылданатын жастардың қарасы қалың. Қазақ күресінің жастар арасында танымалдылығы жоғары. Осы спортты таңдап келетін замандастарым көп.

– Спорт сенің азамат ретінде қалыптасуыңа қалай әсер етті? Бойыңа қандай қасиеттерді сіңірдің?

– Күрес менің мінезімді, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды. Қазақ күресі менің бойымда ең алдымен жеңіске деген зор құштарлықты оятты, ешқашан берілмеуді, қиындыққа мойымауды және алға қойған мақсатқа жетпей тынбауды үйретті. Сонымен қатар, спорт маған қарсыласқа, үлкенге, жалпы айналадағы адамдарға деген сыйластықты үйретті. Күрес залында біз ең алдымен үлкенді құрметтеуді, кішіге ізет танытуды үйренеміз. Жеңілістің де дәмін татып, одан сабақ алуды үйрететін де осы спорт дер едім.

«Аптасына 5 рет жаттығамын»

– Сенің әдеттегі бір күнің қалай басталып, қалай аяқталады? Спорттық режимді қалай сақтайсың?

– Менің әрбір күнім оқу және жаттығумен өтеді десем болады. Жаттығуларымыз аптасына 5 рет тұрақты түрде болады. Мейіржан ағайымыздың алдын ала құрған арнайы жоспарымен, қатал тәртіппен өтеді. Боз кілемде еңбек етпесең, нәтиже шықпайды. Сондықтан колледждегі оқуды да, спортты да қатар алып жүру үшін барымды саламын. Екеуіне де уақыт табуға дағдыланып алдым.

– Жарыстардың алдында дайындық форматы қалай өзгереді? Физикалық және ішкі дайындығыңды қалай реттейсің?

– Жарыс алдындағы дайындықтың жүгі қашанда ауыр. Бұл уақытта физикалық жаттығуларды толықтай бапкерімнің берген нұсқаулығымен, айтқанымен орындаймын. Ал ішкі тәртіпке, яғни ұйқы мен тамақтану режиміне өзім толықтай жауаптымын. Жарыс жақындағанда ұйқының уақытылы болуын қадағалап, тамақтану рационымды толық өзгертемін. Артық салмақ тастау, бапты сақтау деген сияқты дүниелер бар.

«Елдос Сметовті үлгі тұтамын»

– Спорттан тыс уақытта Ілияс қандай жігіт? Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнатасың?

– Жаттығу мен сабақтан қолым қалт еткен сәттерде достарыммен бірге уақыт өткізгенді жақсы көремін. Қала ішінде серуендеп, таза ауада жүргенді ұнатамын. Сондай-ақ, кітап оқуға да уақыт бөлемін. Спортшы тек білекке сенбей, интеллектуалды тұрғыдан да дамуы керек деп есептеймін. Оқыған азаматтың кілем үстіндегі ойлау қабілеті де өзгеше болады.

– Әрбір спортшының үлгі тұтар тұлғасы болады. Сенің спорттағы кумирің кім?

– Мен үшін спорттағы үлгі тұтатын тұлғам  Елдос Сметов. Маған оның кілем үстіндегі күрес стилі, жылдамдығы, әдістерді нақты әрі таза орындауы ерекше ұнайды. Оның белдесулерін қайталап көріп, өзіме сабақ аламын. Елдос ағамыздың жүріп өткен жолы кез келген жас балуанға мотивация береді деп ойлаймын. Менің де мақсатым сол кісі секілді үлкен додаларда топ жарып, отандық спорт тарихында өзіндік орнымды қалдыру.

– Алдағы жоспарларыңмен бөліссең. Қазақстан чемпионы алдына қандай мақсаттар қойып отыр?

– Болашаққа деген жоспарым көп. Мен осы спорт саласында әлі талай биік белестерді бағындырғым келеді. Мен спортпен кәсіби түрде айналысамын және спортты өзімнің болашақ мамандығым, өмірлік жолым деп білемін. Көк туымызды халықаралық үлкен жарыстарда желбіретіп, туған қалам Семейдің, еліміздің атын әлемге танытуды армандаймын. Осы жолда аянбай еңбек ете беремін.

– Ілияс, әдемі әңгімең үшін рақмет! Арманың асқақ, алар асуларың биік болсын. Семейден шыққан тағы бір аңыз балуан болуыңа тілектеспіз!