Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews-тегі мақаласы: Қазақстанның жаңа стратегиялық көзқарасы
Үнзила Шапақ Қазақстанның халықаралық беделі ішкі реформалар мен сенімді серіктестікке негізделетінін айтты
Қазақстанның халықаралық аренадағы орны, Еуропалық одақпен стратегиялық серіктестігі және елдің ішкі реформаларының сыртқы саясатқа ықпалы бүгінде ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews басылымында жарияланған мақаласы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, Қазақстанның алдағы онжылдықтағы даму бағдарына жаңа серпін берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, бұл мақала қарапайым экономикалық күн тәртібінен әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Оның пікірінше, Президент жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның сенімді серіктес, жауапты мемлекет және Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық байланыс орталығы ретіндегі рөлін нақты көрсеткен.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews-тегі мақаласын қарапайым экономикалық күн тәртібінен гөрі стратегиялық көзқарас құжаты деп атауға бола ма? Бұл мақала Қазақстанның алдағы онжылдықтағы халықаралық рөлін қалай айқындайды?
– Иә, бұл мақаланы тек экономикалық ынтымақтастық туралы жарияланым емес, Қазақстанның келесі онжылдықтағы сыртқы саяси және экономикалық бағдарын айқындайтын стратегиялық көзқарас құжаты ретінде бағалауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда ағымдағы мәселелерге реакция беретін саясаткер ретінде емес, жаһандық үрдістерді алдын ала бағалайтын мемлекет қайраткері ретінде көрінеді.
Мақалада әлемнің жаңа геосаяси шындыққа аяқ басқаны ашық айтылады: бұрынғы геосаяси алғышарттар өзгерді, жаһандық жеткізу тізбектері осалданды, ал сауда мен инвестиция қауіпсіздік факторларымен тығыз байланыса бастады. Осындай жағдайда Қазақстан өзін Еуропа мен Азия арасындағы байланыстырушы ғана емес, тұрақтылық пен өзара сенімге негізделген жаңа халықаралық әріптестіктің белсенді архитекторы ретінде көрсетеді.
Президент ұсынған үш стратегиялық мақсат – тұрақтылықты күшейту, өзара байланыстылықты кеңейту және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру – Қазақстанның халықаралық рөлін ұзақмерзімді перспективада айқындайды. Бұл еліміздің тек өңірлік ойыншы емес, Еуразия кеңістігіндегі жауапты әрі ықпалды мемлекет ретінде орнығуға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
– Әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, дәстүрлі альянстар қайта қаралып жатқан кезеңде Қазақстанның «сенімді және болжамды серіктес» ретіндегі ұстанымы қаншалықты маңызды? Бүгінде сенімнің өзі стратегиялық ресурсқа айналып отыр деуге бола ма?
– Бүгінде сенім шынында да стратегиялық ресурсқа айналып отыр. XXI ғасырда мемлекеттердің қуаты тек әскери немесе экономикалық әлеуетімен ғана емес, өз міндеттемелерін орындау қабілетімен және серіктестер алдындағы сенімділігімен өлшенеді.
Президент мақаласында «жол неғұрлым белгісіз болса, сенімді серіктердің құны соғұрлым жоғары болады» деп ерекше атап өтеді. Бұл кездейсоқ айтылған ой емес. Қазіргі халықаралық қатынастарда тұрақтылық пен болжамдылық сирек кездесетін артықшылыққа айналды.
Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты сақтай отырып, халықаралық құқық қағидаттарына адалдығын, БҰҰ Жарғысын қолдайтынын, диалог пен бейбіт реттеуге басымдық беретінін жүйелі түрде көрсетіп келеді. Осындай ұстаным еліміздің халықаралық беделін күшейтіп, оны әртүрлі геосаяси орталықтармен жұмыс істей алатын сенімді серіктес ретінде танытады.
Сондықтан қазіргі жағдайда сенім – дипломатиялық категория ғана емес, инвестиция тартуға, сауда байланыстарын кеңейтуге және стратегиялық серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін нақты капитал.
– Президент мақаласында энергетика, критикалық минералдар немесе Орта дәліз туралы айта отырып, шын мәнінде Қазақстанның жауапты мемлекет ретіндегі беделіне ерекше мән береді. Сіздіңше, қазіргі әлемде елдің құндылығы оның ресурстарымен емес, сенімділігімен өлшене бастады ма?
– Әрине. Президенттің мақаласындағы негізгі ойлардың бірі – Қазақстанның артықшылығы тек табиғи ресурстарында емес, сол ресурстарды жауапты әрі тұрақты түрде жеткізе алатын мемлекет ретінде қалыптасуында.
Қазақстан бүгінде Еуропалық Одақтың мұнай импортының шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 16 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ Президент бұл көрсеткіштерді шикізаттық артықшылық ретінде емес, өзара сенімнің нәтижесі ретінде сипаттайды.
Қазіргі әлемде көптеген елдерде ресурстар бар. Алайда халықаралық серіктестер үшін ең маңыздысы – келісімдердің орындалуы, жеткізілімдердің тұрақтылығы және саяси болжамдылық. Сондықтан мемлекеттің құндылығы барған сайын оның табиғи байлығымен емес, жауапкершілігімен, институционалдық сапасымен және серіктестік мәдениетімен өлшеніп келеді.
Қазақстан дәл осы қасиеттерді өзінің басты бәсекелік артықшылығына айналдыруға ұмтылуда.
– Тоқаев Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығын «шикізатқа айырбас инвестициялар» формуласынан технология, ғылым және бірлескен өндіріс негізіндегі серіктестікке көшіруді ұсынады. Бұл Қазақстан экономикасының жаңа сапалы кезеңге өтуінің көрінісі деп айтуға бола ма?
– Иә, бұл Қазақстан экономикасының жаңа сапалы кезеңге аяқ басып жатқанын білдіреді. Ұзақ уақыт бойы көптеген дамушы елдердің халықаралық экономикалық моделі табиғи ресурстарды экспорттауға негізделді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған тәсіл мүлде басқа логикаға сүйенеді. Президент Еуропамен қарым-қатынасты терең өңдеу, технология трансфері, ғылыми-зерттеу кооперациясы және бірлескен кәсіпорындар арқылы дамыту қажеттігін атап көрсетеді.
Бұл Қазақстанның өзін тек шикізат жеткізуші ретінде емес, жоғары қосылған құн қалыптастыратын, технологиялық және өндірістік тізбектердің толыққанды қатысушысы ретінде көрсетуге ұмтылатынын білдіреді.
Сонымен қатар мақалада цифрландыру, жасанды интеллект, инновациялық экожүйелер, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Бұл экономикалық саясаттың басты мақсаты енді тек өндіріс көлемін ұлғайту емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру екенін көрсетеді.
– Президент халықаралық позициялардың беріктігін ішкі саяси және институционалдық реформалармен байланыстырады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Қазақстанның сыртқы беделі мен инвестициялық тартымдылығына қалай әсер етеді?
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы маңызды тұжырымдардың бірі – сыртқы саясаттағы табыс ішкі реформалардың сапасына тікелей байланысты деген ой.
Президент атап өткендей, Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен саяси реформалар қоғам алдындағы есептілікті күшейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы осы жаңғырудың институционалдық негізі ретінде ұсынылады.
Инвесторлар үшін табиғи ресурстар ғана емес, заң үстемдігі, болжамды ережелер, ашық мемлекеттік басқару және тиімді институттар маңызды. Сондықтан ішкі реформалар Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, оның инвестициялық тартымдылығын да күшейтеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, күшті халықаралық позициялар тиімді мемлекеттік институттарсыз және ішкі жаңғырусыз мүмкін емес.
– Мақаладағы негізгі ойлардың бірі – Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір ретіндегі рөлінен де кеңірек. Сіздіңше, Қазақстан бүгінде географиялық артықшылықты саяси сенімге, экономикалық тұрақтылыққа және стратегиялық ықпалға айналдыра алды ма?
– Соңғы жылдары Қазақстан дәл осы бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді деп айтуға болады. Президент мақаласында Орта дәлізді жай ғана көлік маршруты емес, Еуропа нарықтарын Орталық Азияның ресурстарымен, өндірістік әлеуетімен және логистикалық мүмкіндіктерімен байланыстыратын жаңа экономикалық жүйенің негізі ретінде сипаттайды.
Бірақ Қазақстанның құндылығы тек транзиттік географиямен шектелмейді. Еліміз халықаралық құқықты қолдайтын, көпвекторлы саясат жүргізетін, түрлі күш орталықтарымен сындарлы қарым-қатынас орната алатын мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл географиялық артықшылықты саяси сенімге және стратегиялық ықпалға айналдырудың нақты көрінісі.
Сондықтан бүгінгі Қазақстан өзін тек Еуропа мен Азия арасындағы дәліз ретінде емес, Еуразия кеңістігіндегі жауапты, тұрақты және ұзақмерзімді серіктес ретінде орнықтырып келеді. Мемлекет басшысының Euronews-тегі мақаласының басты саяси мазмұны да дәл осы идеяға негізделген.