Семейде ағаш қоймасынан өрт шықты: 53 өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресіп жатыр
Өрт 400 шаршы метр аумақтағы ағаш материалдарын шарпыған
Семейде ірі өрт болып жатыр. Глинки көшесінде пилорама өртенген. Өрт сөндірушілер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Самат Еңкебаевтың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде 400 шаршы метр аумақта жиналған ағаш материалдары мен 300 тонна көлеміндегі қабықтың ашық жалынмен жанып жатқаны анықталған.
Оқиға орнында өрт сөндіру штабы мен үш жауынгерлік учаске құрылып, су жеткізу ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге 53 адам мен 16 автоцистерна жұмылдырылды.
Жақын маңдағы қоймалар мен тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
ТЖМ өртті сөндіру жұмыстарының кадрларын жариялады.