АЭС құрылысы, жұмыс орындары және экология: 2027 жылы басталатын жоба қай сатыда және ол елге не береді

Атом электр станциясының құрылысына 10 мыңға дейін адам тартылады

АЭС құрылысы, жұмыс орындары және экология: 2027 жылы басталатын жоба қай сатыда және ол елге не береді
Фото: istockphoto.com; Azattyq Rýhy

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу қашан басталатыны белгілі. Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, энергия тапшылығын азайтуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді деген болжам бар. Алайда қоғамда құрылыс барысы, мамандар даярлау, экологиялық қауіпсіздік пен радиоактивті қалдықтарды басқару мәселелеріне қатысты сұрақтар да аз емес. Осы және өзге де өзекті сауалдарға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов жауап береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

– Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталады деп айтылды. Қазіргі таңда жоба қай сатыда?

– Өздеріңіз білетіндей, былтыр маусым айында Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып анықталды. Осыдан кейін 2025 жылдың тамыз айында инженерлік іздестіру жұмысын бастадық. 2024 жылдың желтоқсанында үкімет қаулысымен атом электр станциясын салу орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы белгіленді. Алайда халықаралық талаптарға және ұлттық заңнамаға сәйкес нақты құрылыс алаңын таңдау үшін кешенді инженерлік іздестіру жұмысы жүргізілуі тиіс. Қазіргі уақытта үш балама алаң зерттеліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде ең ыңғайлы алаң анықталып, кейін сол жер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бүгінде негізгі далалық жұмыс аяқталды. Қазір 12 айлық зерттеу кезеңі жалғасып жатыр. Оның барысында қыс, көктем, жаз және күз мезгілдеріндегі климаттық ерекшеліктер, су деңгейінің өзгеруі, табиғи факторлар толық зерттеледі. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісеміз.

– Жобаны жүзеге асыруға қанша адам тартылады?

– Қазіргі жоспар бойынша екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясының құрылысына 10 мыңға дейін адам тартылады. Олардың қатарында құрылысшылар, жобалаушылар, энергетиктер және әртүрлі саладағы жоғары білікті мамандар болады.

– АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кадр даярлау мәселесі қалай шешіледі? Мамандарды кім оқытады?

– Кадр даярлау – агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы онға жуық жоғары оқу орнында атом энергетикасы саласына қажетті мамандар даярланып жатыр. Атом электр станциясы – жоғары технологиялық нысан. Сондықтан мұнда тек ядролық физика мамандары ғана емес, энергетиктер, химиктер, машина жасау саласының өкілдері және басқа да мамандар қажет болады. Біз жоғары оқу орындарындағы дайындықпен ғана шектелмейміз. Сонымен қатар мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оларды шетелдік атом электр станцияларына тәжірибеден өтуге жіберу, арнайы симуляторларда оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені болашақта станцияда жұмыс істейтін мамандар теориялық біліммен қатар практикалық машықтарға да толық ие болуы керек. Олар АЭС іске қосылған сәттен бастап жұмысқа дайын болуы тиіс.

– АЭС салу мәселесі талқыланған кезде қауіпсіздік пен қалдықтарға қатысты түрлі пікірлер айтылды. Ал сіздің ойыңызша, станция салу өңірге қандай пайда әкеледі?

– Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом электр станциясында ашылған бір жұмыс орны басқа салаларда онға дейін қосымша жұмыс орнының құрылуына ықпал етеді. Өйткені АЭС айналасында әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасады. Балабақшалар, мектептер, тұрғын үйлер салынады. Қызмет көрсету саласы дамиды. Мамандарды тамақтандыру, орналастыру, көлікпен қамтамасыз ету сияқты көптеген бағытта жаңа кәсіпкерлік мүмкіндіктері пайда болады.

Сондықтан бұл жоба өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсер етеді деп күтеміз.

– АЭС энергетикалық тұрақтылыққа және энергия тапшылығын жоюға қалай ықпал етеді?

– Қазақстан көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу бағытын ұстанып отыр. Осы мақсатқа жетудің маңызды құралдарының бірі – атом энергетикасы. Атом электр станциясы электр энергиясын өндіру кезінде көмірқышқыл газын және парниктік газдарды шығармайды. Бұл оның басты артықшылықтарының бірі. Сонымен қатар күн және жел энергетикасынан айырмашылығы, атом электр станциясы ауа райына тәуелді емес. Ол тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн үздіксіз жұмыс істеп, тұрақты электр энергиясын өндіреді.Сондықтан АЭС елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және болашақтағы энергия тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.

– Жақында Өзбекстан да атом электр станциясының құрылысын бастады. Бұл бізге қандай да бір тәжірибе алмасуға мүмкіндік бере ме?

– Әрине. Біз Өзбекстандағы әріптестерімізбен тұрақты байланыстамыз. Ол жақта да атом энергетикасы саласына жауапты арнайы агенттік жұмыс істейді. Біз тәжірибе алмасып, түрлі мәселелер бойынша пікір бөлісіп отырамыз. Мұндай ынтымақтастық екі ел үшін де пайдалы деп есептеймін.

– Көпшілік Беларусьтің Островец қаласындағы АЭС жобасын үлгі ретінде келтіреді. Қазақстанда да сондай тәжірибені іске асыру мүмкін бе?

– Иә, Беларусьтің Островец қаласындағы атом электр станциясы өте жақсы үлгілердің бірі. Станция салынғаннан кейін қаланың халқы бірнеше есе өсті. Елдің әр өңірінен мыңдаған адам жұмыс істеуге келді. Соның нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтерді. Біз де атом электр станциясы орналасатын өңірдің жан-жақты дамуына ықпал етеді деп күтеміз. Құрылыс барысында және кейінгі пайдалану кезеңінде қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасады.

– Қазақстанның атом саласын дамыту бойынша ұзақ мерзімді жоспарлары қандай?

– Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы бекітілген. Бұл стратегия тек атом энергетикасын ғана емес, жалпы атом саласының барлық бағытын қамтиды. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі. Сонымен қатар елімізде үш зерттеу реакторы жұмыс істейді. Олар тек ғылыми зерттеулер жүргізіп қана қоймай, радиофармацевтикалық препараттар өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай препараттар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде кеңінен қолданылады. Мысалы, Ядролық физика институтында фтор, технеций және йод изотоптары негізінде бірнеше радиофармацевтикалық препарат шығарылады. Сондықтан атом саласының әлеуеті тек электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Оның медицинада, ғылымда және өнеркәсіпте қолданылу мүмкіндіктері өте кең.

– Экология мәселесіне тоқталсақ. Радиоактивті қалдықтарды басқару қалай жүзеге асырылады?

– Қазіргі уақытта Парламентте радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта радиоактивті қалдықтарды басқарудың барлық тетігі қарастырылған. Сонымен қатар ұлттық оператор құру тұжырымдамасы енгізілген. Бұл оператор болашақта АЭС-тен шығатын қалдықтармен ғана емес, қазіргі уақытта елімізде пайда болып жатқан радиоактивті қалдықтармен де жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл мамыр айының соңында Ресей Федерациясы президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында атом электр станциясын салу саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Бұл құжат жобаны іске асырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негізін қалыптастырып, алдағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді.

– Әсет мырза, сұхбатымызға уақыт бөліп, жан-жақты жауап бергеніңіз үшін рақмет!