Павлодарда Ертіс өзеніне батып кеткен ер адамның мәйіті бір аптадан кейін табылды (ВИДЕО)

46 жастағы ер адамның мәйіті табылды

Павлодарда бір аптаға жуық уақыт бұрын Ертіс өзеніне батып кеткен ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адамды іздеуге құтқарушылар, Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері, еріктілер мен марқұмның туыстары жұмылдырылды. Құтқару жұмысын ұйымдастыру үшін жедел штаб құрылды.

«Іздеу-құтқару және сүңгуірлік жұмыс барысында сүңгуірлер 28 рет суға түсті. Өзен түбі тексеріліп, барлау жүргізілді. Ер адамның мәйітін іздеу топтарының бірі оқиға болған жерден төрт шақырым қашықтықтан тапты», - дейді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев.

Мәйіт қайғылы оқиға болған жерден төрт шақырым жерден табылды.

«Бауырымды іздеуге қатысқан бәріңізге алғысымыз шексіз. Алғашында бауырыңнан айырылғаныңа қатты қайғырасың. Оның үстіне, денесін де таба алмай жүрдік... Ал қазір оны жер қойнына тапсыра алатынымызға шүкіршілік етемін», - дейді марқұмның әпкесі Құндыз Нұрмаш.

Айта кетейік, 12 қыркүйек күні Ертіс өзенінде бес дос мінген қайық күтпеген жағдайда аударылып кеткен. Бесеуінің төртеуі аман қалып, 46 жастағы павлодарлық ер адам із-түзсіз жоғалып кеткен.